Азаматтық қоғамның ауқымды міндеті

1560

0

Азаматтық қоғам саласы – аса маңызды, ел үшін іргелі сала. Бүгінгі күннің талабы – қоғам санасының тарихи құндылықтарымызға берік бола отырып, заман сұраныстарына сай жаңа белеске көтерілуі. Қоғамның рухани жаңғыруы еліміздің саяси және экономикалық жаңғыруының өзегіне айналуы керек.

Ал көпшіліктің мұң-мұқтажын арқалап жүру қоғамның ең белсенді әрі ұйысқан бөлшегі – қоғамдық бірлестіктердің, жалпы үкіметтік емес ұйымдардың еншісінде болып отыр.

Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап саяси жүйені реформалау, азаматтық қоғам негіздерін күшейту дәйекті түрде жүргізіліп келеді. Осы жылдарда елімізде демократия мен азаматтық қоғамның негізгі институттары құрылды.

1990 жылдардың алғашқы жартысында үкіметтік емес ұйымдар, негізінен түрлі жобалардың жүзеге асырылуына гранттар ұсынған шетелдік қорлар арқылы қаржыландырылды. Мұндай тәсіл, өкінішке қарай, грант алушылардың жұмысы ұлттық мүдделермен әркез үйлесе бермейтін шетелдік мемлекеттердің мүддесіне сай жүргізуіне жол берді, сонымен бірге азаматтық сектордың дамуын тежеп тұрды.

1994 жылы жаңа Азаматтық кодекс, ал 1996 жылы «Қоғамдық ұйымдар туралы» заң күшіне енді, олар үкіметтік емес ұйымдар санының өсуіне себеп болды. Экология, қауіпті аурулардың алдын алу, ғылым мен білім, адам құқықтарын қорғау, тағы басқа әртүрлі бағыттағы ҮЕҰ пайда болды.

1990 жылдардың екінші жартысы қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарды дамытудың маңызды кезеңі еді. 1997 жылы 55 саяси партия, қоғамдық бірлестік және этномәдени орталық мемлекеттік органдармен ынтымақтастық жөніндегі келісімге келіп, азаматтық қоғамның дамуына жағдай жасала бастады. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы арқылы азаматтар саяси өмірге атсалысып, өз еңбегін басқа азаматтардың игілігіне, өз елінің игілігіне арнай алды, келіспеушілігін білдіріп, өз мүдделерін қорғады.

1999 жылы облыс әкімдігіне қарасты аймақтарда «ҮЕҰ ақпарат орталықтары» ашылып, үкіметтік емес ұйымдарға кеңес беру жұмыстары басталды. Ең алғашқы қоғамдық бірлестіктер құрылып, сол уақытта ашылған ұйымдар бүгінгі күнге дейін белсенді жұмыс жасауда.     

2000 жылы үкіметтік емес ұйымдардың ел дамуындағы рөлінің басымдығы Елбасы Жолдауында ескеріліп, әлеуметтік жобаларға қолдау білдіру жөнінде мәселе көтеріліп, 2003 жылы ҮЕҰ жобаларының бірінші байқауы өтті. Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар бастамаларына мемлекеттік гранттар беру жүйесі қалыптасты. Ең алғаш рет еліміз бойынша 20 жоба ғана қаржыландырылып, бұл өз өміршеңдігін көрсетіп, 2005 жылдың сәуір айында «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заң күшіне енді. 2007 жылы 70 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл «үшінші сектордың» шетелдік демеушілерге тәуелді болмай, ұлттық мүдде жолында жұмыс жасауына бағытталған ең алғашқы және ең маңызды шешім болды. Әрине, ең алдымен Азаматтық қоғам – жемқорлық пен бюрократияға қарсы азаматтық қорғаныс ретінде бағаланып, орны ерекшеленгендіктен де осы маңызды шешімдер қабылданды.

2003 жылдың қазан айында өткен I Азаматтық форум мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы әріптестік қарым-қатынасқа серпін берді. 

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заң енгізілгелі нақты цифрларға келсек, осы жылдары облыстағы қоғамдық ұйымдар саны 150 болса, бүгінде олардың қатары 1000-ға жуықтаған.

Осы ретте, ел тәуелсіздігін алған тұстан бастап сасқанға сая, асқанға тосқан бола біліп, жолында кездескен бар қиындыққа төтеп беріп, мақсатын берік ұстанған үкіметтік емес ұйымдардың еңбегін ерекше атап өтпесе болмайды. Олардың ішінде «Қызылорда әйелдер ақпарат орталығы» аймағымыздағы үкіметтік емес ұйымдардың оның ішінде бүгінгі күнге дейін нақты мақсатты тобы бар қоғамдық ұйымдардың құрылуына, құжаттарын әзірлеуге көмек көрсетті. Қызметкерлері облысымызда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жобаларды орналастыру бойынша мемлекеттік органдарға кеңес берді, «Ұмай» қайырымдылық үйі, «Шапағат» оңалту орталығы, «Қамқорлық» дағдарыс орталығы бүгінгі күнге дейін 2 мыңнан аса отбасыға қолдау көрсетті. «Қамыстыбас», «Арал теңізі» қоғамдық бірлестіктері аймағымызда су шаруашылығы, экологиялық мәселелердің оңтайлы шешілуіне зор үлес қосты. Бүгінде 600-ден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. «Невада-Семей», «Ауған соғысы ардагерлері», «Чернобыль» ұйымдары жастарға патриоттық тәрбие беруде, ардагерлердің заңды мүдделерінің қорғалуына бар күш-жігерін салды. Тәуелсіздігіміздің баянды болуына қосып отырған үлесі мол, «Кәсіпкер әйелдер», «Бастамаларды қолдау» ұйымдарының азаматтық қоғамның дамуындағы үлесі ерекше. 

Аймақта үкіметтік емес ұйымдардың дамуына ерекше үлес қосқан, бүгінде арамызда жоқ жандардың еңбегін де айтып өту керек. «Батыр ана» қоғамдық бірлестігі төрайымы Рая Бәкірова, «Арылу» қоғамдық қорының төрағасы Владимир Юн, ардагерлер ұйымының басшысы Сейілбек Шаухаманов, мүгедектер ұйымы басшысы Досхан Қырымов, «Жастар жетістігі» қоғамдық қоры төрайымы Светлана Алишева, Қызылорда қалалық мүгедектер ұйымының төрағалары Көбейсін Исаев, Құрбан Атакаев, Біржан Темірбаев, Қызылорда қалалық «Чернобыль» қоғамдық бірлестігі төрағасы Бейбіт Жолдыбаев, «Лотос» қоғамдық қоры төрайымы Любовь Батакова, республикалық «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Арыстан Молдыраимов, Анатолий Егай, «Бастамаларды қолдау» қоғамдық бірлестігі мүшесі Ләззат Алдоңғарова, Жастар қоғамдық бірлестігі «Жастар мәселелерінің орталығы» үйлестірушісі Гүлфайруз Дабылова секілді тұлғалар есімізде.

Айта кету керек, «Батыр ана» қоғамдық бірлестігінің белсенді жұмысы барысында аймағымыздағы көпбалалы аналардың мүддесін қорғауда, олардың жыл сайын кезекпен еліміздің санаторлық аймақтарына демалуына, көрікті жерлеріне саяхаттауына мүмкіндік жасалды. Бұл – мемлекеттік органдар қоғамдық ұйымдардың әлеуетін пайдалана отырып, әлеуметтік мәселелерді, оның ішінде бүгінде шиеленісіп отырған проблемаларды шешуде зор мүмкіндікке ие екенінің дәлелі. Алдағы уақытта осы жұмысты жандандыру жоспарын енгізу қажет деп санаймын.

«Арылу» қоғамдық қорының нашақорлыққа, маскүнемдікке салынғандарды қалыпты өмірге қосу жолында жасаған жұмыстары бүгінгі күнге дейін есімізде. Бұл жұмысты да мемлекеттік органдар қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқаруы  күн тәртібіндегі мәселе болып отыр. 

2005 жылдың қыркүйек айында II Азаматтық форумда елімізде үкіметтік емес ұйымдардың Азаматтық Альянсы құрылды.  ҮЕҰ Ұлттық ақпараттық ресурс орталығы ашылды. Қоғамдық диалог жалғаса түсті, соның нәтижесінде 2006-2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы дүниеге келді.

2006 жылы құрылып, облыстың үкіметтік емес ұйымдарының әдісте-мелік және ресурстық орталығы болған Азаматтық Альянс бүгінде мемлекеттік органдардың сенімді серіктесіне айналды. 15 жыл ішінде облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіруде ауқымды жұмыстар атқарылды. 4 ұйым республикалық «Таным» сыйлығын  иеленді. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Арал аудандық «Өрлеу-Консалтинг» қоғамдық қоры, Қармақшы аудандық «Дәметкен» жеке қоры үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлық иеленді. «Арал теңізі» қоғамдық қорының төрайымы Айнагүл Баймаханова «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Еліміз бойынша ең алғаш рет Азаматтық Альянс пен бизнес құрылымдар, мемлекеттік органдардың үшжақты Меморандумына қол қойылып, 100-ге жуық әлеуметтік жоба қаржыландырылып, үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты дамуына жағдай жасалды.  Айта кету керек, алғашқы Азаматтық форумда құрылған Азаматтық Альянстың тарихында ең алғаш рет облыста 2019 жылы ауылдық Азаматтық форумдар ұйымдастырылып, оның жұмысына 400-ге жуық азаматтық қоғам өкілдері қатысып, алдағы міндеттер айқындалды. Аймақтың барлық аудандарында Альянс өкілдері бекітіліп, кеңсе беру мәселесі шешімін табуда.  

Облыстық Азаматтық Альянс қауымдастығы былтыр жаңа форматтағы жұмысын бекітіп, барлық аудандарда өкілдері жұмыс жасауда. Ассоциация құрамына жарғылық талаптарға сәйкес 73 ұйым мүшелікке кірді. 2020 жылдың 15 қыркүйегінен бастап облыстың әр ауданында облыстық ҮЕҰ Альянсының аудандық кеңселері құрылды.

Облыс әкімінің қолдауымен қауымдастық базасында Азаматтық орталық өз жұмысын бастап, үкіметтік емес ұйымдарға жан-жақты қолдау көрсетіп, тегін кеңес беретін Call орталық іске қосылды, npokzo.kz сайты ашылды.

Өткен жылы бастау алған ауқымды жұмыстарды тоқтатпай есепке емес, тиімді нәтижеге жұмыс жасау мақсатында, үкіметтік емес ұйымдардың әдістемелік және ресурстық орталығына айналған Азаматтық Альянсы ағымдағы жылы да ауқымды жұмыстар атқарды. 

Жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін Альянс 342 ҮЕҰ-ға кеңес беріп, 62-сі ҮЕҰ дерекқорына мәлімет тапсырды, 48-і мемлекеттік тапсырыс порталына тіркеліп, оның 26-сы жобаларға өтінім берді. Тұңғыш Президент қоры грантына өтінім тапсыру бойынша 27 ұйымға кеңес беріліп, Арал ауданының үкіметтік емес ұйымының жобасы жеңімпаз атанды. Азаматтық Альянс мүшелері саналатын 4 қоғамдық ұйым халықаралық ұйымдардың, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік грантымен жұмыс жасауда, 8 қоғамдық ұйым шағын грант иеленді.

Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың қызметтік бағыттары әлеуметтік саланың барлық бөлігін қамтиды. Сондықтан олардың әлеуетін өз дәрежесінде, толыққанды пайдалану үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда.

Әлемдік дағдарыс ел экономикасына, соның ішінде облыс экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізсе де, еліміз мемлекеттік тапсырыс арқылы азаматтық қоғамды қаржылай қолдау көлемін қысқартпай, керісінше көбейтуге күш салып келеді. Мәселен, 2009 жылы үкіметтік емес ұйымдар жобаларына облыстық, қалалық және аудандық бюджет арқылы 45 млн теңге қаржы бөлінсе, 2020 жылы 1 млрд 233 млн  теңгеге жеткен (158 жоба). Биыл бірінші жартыжылдық қорытындысымен 696 млн 310 мың қаржы бөлінген. Осы қаржының есебінен облыста қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар арқылы денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, спорт салаларын дамытуға, діни мәселелерге бағытталған, жастар саясатын жетілдіруге арналған, ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды дамыту мақсатында салалық принцип негізінде 111 әлеуметтік жоба  жүзеге асуда.

Бұл өз кезегінде қоғамдық ұйымдардың ел экономикасына қосып отырған үлесі 1 млрд-қа жуықтап отырғандығын көрсетеді. Өйткені, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен қатар аймағымызда 2020-2021 жылдары шетелдік гранттардың қаржыландыруымен 10-ға жуық жоба жүзеге асырылды. Орта есеппен 20 млн қаржы шетелдік гранттар арқылы келіп отыр. 

Айта кету керек, қоғамдық санада жаңа өркениет идеологиясы басым емес. Осының себебінен дәстүрлі ұстаным уақыт алдымызға қойған талапты орындаудың орнына, өткенді аңсауға итермелеп келеді. Бұл орайда, өркениетке бастар жолымызды ашу үшін билікпен тығыз байланыста еңбек етіп, нарықтың қатал қыспағына төтеп беретіндей, жаңа мазмұнды, жаңа тұрпатты бейнелер мен ой-тұжырымдарды жасауымыз қажет.

Демек, жаңа буын алдына рухани кемелдену мәселесінің қойылуы да заңды. Ал рухани құндылықтарды ұлық санаған еліміздің бай мұрасы Сыр жерінде шоғырланғаны баршаңызға белгілі. Осы мол мәдени-рухани мұраларды кешенді түрде жаңаша зерттеп, ел игілігіне ұсыну үшін құрылған ғылыми-әдістемелік кеңес құрамына ғылыми дәрежесі бар қоғамдық ұйымдар кірген. Аймағымызда алғаш рет қоғамдық ұйымдардың ұйымдастыруымен тарихшылар слеті өтті. Өскелең ұрпақтың өз жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді, айтулы тұлғаларды танып-біліп өсуіне бағытталған «Мың баланы мұраландыру» әлеуметтік жобасы бойынша танымдық экскурсиялар ұйымдастырылды. Демек, қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде ғылыми интеллигенция құрған қоғамдық ұйымдардың тек аймағымыз ғана емес, тұтас еліміздің дамуына қосып отырған үлесін ерекше айтуымыз қажет. Әлеуметтік жобалар аясында ғалымдар түрлі бағыттағы 800-ге жуық шара ұйымдастырып, 100-ге жуық ауқымды еңбек кітапша болып басылып таратылған. Олардың ішінде Меруерт Аңсатова, Зейнар Тәжиева  «Ақ босаға» ҚБ, Мұрат Бақтиярұлы «Туған жер» қауымдастығы, Наурызбай Байқадамов «Мәртебелі Қазақстан» ҚҚ, Нұрлыбек Мыңжас «Сыр елі 21 ғасыр» ҚҚ, Ғабит Тұяқбаев «Руханиятты қолдау» ҚҚ, Ғани Байұлы «Жас ғалымдар Альянсы», Самалбек Қосанов «Сыр Агро» ҚҚ, «Өңірлік экология орталығы және Арал төңірегі халқының денсаулығын қорғау» қоғамдық бірлестігі директоры Смағұл Сеитов, т.б. атауға болады.  

Азаматтық қоғамның даму тарихына келетін болсақ, 2010 жылдары оның ел дамуына атсалысуы және маңызды әлеуметтік мәселелердің шешімін табуы барынша елеулі болды. 2012 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік тапсырыс ұзақмерзімді әлеуметтік мәні бар жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік берді. Біздің облыста бұл жұмыстар енді қолданысқа еніп жатыр. Ұзақмерзімді жобаларды үздіксіз, жылдар бойы тұрақты қызмет көрсетіп отырған ұйымдардың нақты қызметіне қолдану маңызды. Бұндай жобалар аймағымызда көп емес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы осындай өміршең, нақты өзекті мәселені шешетін жобаларды 3 жылдық етіп қаржыландырса, аймағымызда 300-ге жуық адамды толық жұмыспен қамтып отыруға мүмкіндік бар. Негізі, бүгінгі күні қоғамдық ұйымдар әлеуметтік жобалар аясында 800-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 20 жылға жуық тұрақты 40-50 адамды жұмыспен қамтып отырған ұйымдар «Ұмай» қайырымдылық үйі, «Шапағат» ҚҚ айтуға болады.

2016 жылдың қараша айында өткен 7 Азаматтық форумда жыл сайын мыңға жуық ҮЕҰ-ның мемлекеттік тапсырыс алатыны, бұлардың қызметін 8 миллионнан астам адам пайдаланатыны атап өтілді. Бұл қоғамдық ұйымдардың жобалары сұранысқа ие, адамзат үшін маңызын көрсетеді. Сондықтан, осы заңнама аясында жұмыс жасаған халық қалаулыларына айтар алғысымыз шексіз.

Осы ретте айта кету керек, 2008 жылы қабылданған «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» заң өмірдің қиын жағдайында жүрген азаматтарға, отбасылардың шаңырағы шайқалмай мемлекеттік жәрдемақыдан өз табысын табуға, арнайы әлеуметтік қызметке мұқтаждарға және оны көрсететіндерге толыққанды  қызмет көрсетті. Аталған заң аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған стационарлар қызметі жолға қойылды. Әлеуметтік қызметкерлер пайда болып, олардың білімін жетілдіру бағытындағы жұмыстарды қоғамдық ұйымдар жоғары дәрежеде орындай білді.   

Біздің алдымызда ғаламат мақсат тұр. Ол – экономикасы дамыған, пәрменді әлеуметтік саясаты бар, демократиялық дәстүрлері мен заң үстемдігі орныққан, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын мемлекеттік және қоғамдық институттары бар, азаматтарымыздың құқықтары кепілді,  бостандықтары баянды ел ретінде күшею. Азаматтарымыздың тұрмысын жақсартып, өмір сапасын көтеру – мемлекетпен қатар азаматтық күштер де білек сыбана кірісетін елдік шаруа. Өмір  сапасы дегеніміз жинақтап айтқанда, өз баспанасы бар әр шаңырақтағы молшылық пен берекелі тұрмыс, мықты денсаулық, балалардың сапалы білімі мен жақсы тәрбие алу мүмкіндігі, сапалы медициналық қызмет пен қауіпсіз қоршаған орта. Осының барлығын жоғары өмір сапасының талаптарына сай деңгейде қалыптастырып, дамыту – сіз бен біздің ортақ міндетіміз.

Осы ретте, бүгінде қоғамның өзекті мәселесіне айналып отырған діни ахуалға да тоқтап өткім келеді. Дерадикализация – мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың бірігіп, барынша күш салып жұмыс жасайтын сала. Аймағымызда бұл бағыттағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыруға барынша күш салып келеді. Біздің мақсатымыз – азаматтар мен мемлекет арасында өзара құрметке иек артатын, заңдылыққа арқа сүйейтін, құқықтар қатаң сақталып, міндеттемелер мүлтіксіз орындалатын, екіжақты жауапкершілікке негізделген орта  құру. Мүмкін бұл мақсат алыс арман, орындалмас елес болып көрінер. Бірақ, кез келген орындалған үлкен арман күн сайын іске асқан шағын жоспарлардан тұратынын естен шығармайық.

Міне, осындай мақсаттарға қол жеткізу жолында  азаматтық қоғам өкілі қандай болуы керек деген  ой туындауы заңдылық. Азаматтық қоғам өкілі белсенді әрі сауатты болуы шарт. Бұл бір күннің, бір адамның жұмысы емес. Әрбір жұмыстың, жетістіктің артында еңбек адамдарының  табан ет, маңдай тері тұр. Азаматтық қоғам өкілдері – осы жұмыстарды халыққа жеткізіп, әрі қарай жылжытатын үлкен күш. Қабылданған әрбір бағдарлама, қандай да құжат елдің дамуы үшін жасалады. Оның ел игілігіне жұмыс жасауына бағыттайтын да – азаматтық қоғам өкілдері. Осы ретте, бүгінгі күннің өзекті мәселесі денсаулық сақтау саласында, медициналық қызметтің сапасын арттыру, сапалы қызметті баршаға қолжетімді ету мақсатына бірлесіп қызмет ету міндеті тұр.

Келесі бір міндет – кез келген саладағы, әсіресе мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын қадағалау және оны арттыруға ықпал ету. Медиаторлар қызметін үйлестіру бағытында да тың бастамалар мен жаңа ұсыныстар қажет.

Тағы бір міндет – халықты бұқаралық спорт пен дене шынықтыруға кеңінен тарту жұмыстары мен ғылымды дамыту, еріктілер қызметін жетілдіру, өлкеміздің тарихи және мәдени мұрасын насихаттау, оны зерттеп, жүйелеуге үлес қосар бастамаларды көтеру. Біз айналып өте алмайтын және мемлекетпен бірге жалпы қоғамның күш жұмылдырып, белсенді түрде бірге әрекет ететін саласы – аймақ экологиясын жақсарту мен экологиялық қатерлерді азайту мәселесі. Осының барлығы да – сіз бен біз бірлесіп атқаратын қыруар жұмыстың бір бөлігі ғана.

Бұл мақсаттар үкіметтік емес ұйымдар ғана емес, кең түсініктегі азаматтық қоғамның бірлескен әрекетін талап етеді. Меңзеп тұрғанымыз – бүгінгі қоғамда мол күш пен қуаттың, жаңашыл жасампаздықтың қайнар көзіне айналған кәсіпкерлер ортасы. Соңғы жылдары біздің елде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ұғымы кең тарап, кәсіпкерлер түрлі қайырымдылық және әлеуметтік маңызы бар жобалардың бел ортасынан табылып жүр. Бұл – біз үшін жаңа және өте құптарлық бағыт. Сондықтан қайырымдылыққа қайырылған іс адамына деген құрмет пен ілтипат қалыптастыру, оларды қоғам тарапынан ынталандыру тетіктерін табу да маңызды жаңа міндеттердің қатарында.

Мұның барлығы үш сектордың – мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың күш біріктіріп, күрделі әлеуметтік мәселелердің ортақ шешімін табуға негіз қалайтын жаңа қоғамдық-әлеуметті платформа деуге болады.

Үкіметтік емес ұйымдар – азаматтардың жалпы мемлекеттік және жергілікті проблемаларды шешуге қатысуын қамтамасыз етуге, мүдде қайшылығы мен  жанжалдарды сабырлы  жолмен шешуге ықпал етуші күш. Осыған орай, құрамына үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, ардагерлер ұйымдарының өкілдері кірген 33 мүшесі бар қоғамдық кеңес өз жұмысын 2016 жылдан бастады. Қоғамдық кеңестердің негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғамның маңызды мәселелер бойынша тиімді кеңесу алаңын құру. 

Кеңесе отырып жұмыс жасаудың жаңа бір тетігі осылайша 5 жыл бұрын енгізіліп, үлкен сұхбат алаңына айналды. Қоғамдық ұйымдардың дауысы шешуші екендігін ұғындырып және оның құрамына белсенді ұйымдарды кіргізу арқылы ашық сұхбат алаңы қалыптасты. «Қоғамдық кеңестер туралы» заң азаматтық қоғамды нығайтудың Ұлт жоспарын орындаудағы маңызды қадам болды.

Биыл Тəуелсіздігіміздің отызыншы жылын қорытындыладық. Біз үшін бұл ғасырға бергісіз, əр айы жылға, әр күні айға татитын, жарқын да шешуші кезеңдерге толы тұтас бір дəуірді құрады.

Қазақ қоғамында азамат мәртебесі адамға өрелі ісі, айналасына жанашыр жүрегі, елі мен туған жеріне жасаған қалтқысыз қызметі үшін берілген. Осы қастерлі ұғымның бар ауыртпалығын арқалап, тәуелсіз еліміздің бүгінгі жеткен жетістігіне зор үлесін қосып, адал қызмет етіп жүрген азаматтық қоғам өкілдеріне  алғысымыз шексіз!

Анар Ізден,  

«Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдары альянсы ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<