Бала құқы бәрінен маңызды

321

0

«Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі республикалық кеңес тобы Сыр еліне келді. Бейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен кеңес тобы өкілдерімен кездесу өтіп, «Бақытты отбасы» партиялық  жобасын  жүзеге асыру бағытында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.

–    Бала құқығын қорғау мем­ле­кеттің басты назарында екені белгілі. Оның ішінде жеткіншектердің өмір сапасын жақсарту, қиын жағдайда қалған балғындарға қолдау көрсету, әлеуметтік қамтамасыз ету – аға буынның басты парызы. Осы орайда республикалық кеңестің көтерер жүгі, жауапкершілігі өте жоғары деп ойлаймын,– деді облыс әкімінің орынбасары.

Кездесуде республикалық кеңес тобының жетекшісі Рысты Жұмабекова сапардың мақсаты жөнінде айтып өтті.

– Сапардың мақсаты – «Ба­­қыт­­ты отбасы» партия­лық жобасы­мен танысу, қиын жағ­дайға тап болған от­ба­сыларға көмектесу және балалық шақтың қор­ға­луын қамта­масыз етуде өңір­лерде атқарылып жат­қан жұмыстарды саралау, ба­ла­лардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелер қызметімен танысу. Кеңес тобы бүгінге дейін 12 өңірге барып, шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандар мен балалар мекемесінің жұмысын зерделедік. Қызылорда облысында да осы жағына мән берілетін болады. Нақты жұмыстар атқарылып жатыр, оны білеміз. Бірақ  өңірде балалар денсаулығы аса көңіл бөлуді қажет етеді деп ойлаймыз. Атап айтсақ, облыстағы балалардың 35 процентінің денсаулығы жақсы болса, 65 процентінде өкінішке қарай, олай емес. Сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар, олармен қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Осы бағытта зерделеу жүргізіледі,– деді ол.

Балалардың құқығын қор­ғау мен денсаулығын ны­ғай­туды қамтамасыз етуде денсаулық сақтау басқармасы тарапынан атқарылып жат­қан жұмыстар жөнінде облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Жақсылық Абдусаметов баяндады. Ба­лаларға медициналық көмек тегін медициналық кө­мек­­тің кепілдендірілген көле­мі шең­берінде көрсетіледі. Бар­­­лығы 26 медициналық ұйым, оның 17-сі стационар. Облыс­­та 335 төсек орынға арнал­­ған балалар ауруханасы  және республикалық оңалту орталығының филиалы бар.

Ауруларды уақытылы анық­тау және денсаулығын жақ­сар­ту мақсатында жыл са­йын профилактикалық тексеру жүр­гі­зіледі. Биыл 157 мың бала жоспарланса, соның 98 проценті қамтылған. Ауру себеп­терін сараласақ,  асқазан, ішек жолдарының аурулары басым болуда, екінші орында көз аурулары, үшінші кезекте қан және иммундық жүйе аурулары тұр. Мамандармен қамтылу 9,5 процентті құрайды, яғни, 107 маман бар. Облыс көлемінде 49 педиатр, 37 неонатолог және 17 балалар реаниматологы жұмыс істейді. Туабітті ақауалардың алдын алу мақсатында скри­нингтік тексерулер жүргізіледі. УДЗ скринингпен қамту 91,9 процентті құрады. Скринингтің сапасын арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен 10 эксперткласты УДЗ аппаратын алу­ға қаржы бөлінді. Жас­өс­пі­рім­дер арасында жүктіліктің 65 жағдайы тіркеліп, былтырмен салыстырғанда 17 жағдайға төмендеген.  

Онан соң кәмелетке тол­мағандар арасында құқық бұ­зу­­­­­шылықтың алдын алу шаралары туралы облыстық полиция департаменті жергілікті по­лиция қызметі басқармасы бас­тығының орынбасары Азамат Оспа­новтың хабарламасы тыңдалды.

Аймақта кәмелетке тол­ма­­ғандар мен жастар арасында қылмыс пен құқық бұзу­­шылықтың алдын алу мақ­сатында бала тәрбиесіне мүдделі құзырлы органдармен бірлесе ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, барлық білім беру ұйымдарында алкоголизмнің, есірткіқұмарлық пен уыт­құ­марлықтың зияны туралы, ата-аналар мен жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі туралы лекция­лар оқылып, түрлі шаралар өткізу жолға қойылған. Сонымен бірге, 15 мамыр мен 15 маусым аралығында «Нұрлы болашақ» атты республикалық акция аясында «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар»  рейдтік іс-ша­ралары ұйым­дас­тырылған. Мұнан бөлек, күнделікті, әсіресе аптаның демалыс күндері «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтері бар. Осындай іс-шаралар нәти­же­сін­де 3 мыңнан астам әкім­ші­лік құқық бұзушылық анық­­талып, қаңғыбастық пен кез­­­­бе­­лікке салынған 214 жас­өс­пі­­рім бейімдеу орталығына ор­на­­лас­тырылған. Сондай-ақ, бала тәр­биесімен айналыспайтын 11 ата-ана сот шешімімен ата-аналық құ­қынан айырылса, бесеуінің құқы шектелген. Ата-ана тәрбиесіне көн­бейтін, білім алудан жалтарып,  өз бетімен қыдыруды әдетке айнал­­дырған 9 жасөспірім девиантты мінез-құлықты бала­ларға арналған мектеп-интер­натқа орна­лас­тырылған. Сонымен бірге, кә­ме­летке толмағандарды түнгі уа­қытта ойын-сауық меке­ме­лерінде болуына жол берген 63 кәсіпкер, темекі сатқан 18 және алкоголь өнімін сатқан 22 сатушы сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартыл­ған. Айта кетерлігі, есепті мер­зімде профилактикалық іс-шара­лар нәти­жесінде кәме­летке толмағандар жасаған қыл­мыс саны 20,6 процентке тө­мендеп, қылмысқа қатысқан жасөспірімдер саны 7,3 процентке азайған. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны 13,2 процентке төмендеген.

Жиында балалардың құқын қорғау мен мүдделерінің сақ­талуы, әлеуметтендіру бағы­тында атқа­рылып жатқан жұ­мыстар туралы облыстық жұ­­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­лама­лар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың, бала­­лар­ға білім беру мен тәрбие­леуде жүр­гізілген жұ­мыс­тар жөнінде облыстық білім бас­қармасының басшысы Майра Мелдебекованың хабарламалары тыңдалды.

Жиынды қорытындылаған Н.Байқадамов Қызылорда облысы республикада әлеуметтік салаға ең көп қаржы жұмсаған бірден-бір өңір екенін, бала құқығын қорғау, олардың мүд­десін сақтау әлеуметтік басым бағыттың бірі екенін айтты.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<