Батыр ананың батыр қызы

1144

0

Ана болу – бір бақыт, көпбалалы ана болу – ерлік. Қызыл­орда қаласының тұр­ғыны Жібек Жақсыбалаева 9 пер­зент­тің анасы, жасы 38-де. 28 жасында өмірге егіз қызын әкеліп, «Алтын алқа» иегері атанған. Бақытты отбасында жақында тағы бір перзент өмір есігін ашады.


– 21 жасымда тұрмысқа шығып, бір жылдан кейін тұңғыш қызымды дүниеге әкелдім. Қазір жасы 17-де. Аружан педколледждің 3-курс студенті. Грантпен білім алып жатыр. Екінші ұлым Дамир «Ұлағат» кол­леджінің 1 курсында оқиды. Жолдасым Берік Сарбасов – құрылыс саласының маманы. Өте балажан кісі. Қолы қалт етсе, балалардың сабағына көмектесіп, ке­рек-­жарағын түгендеп, қолғабыс етеді. Қызылорда универ­ситетін «мұнай-газ» маман­дығы бойынша бітірдім. Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін әйел адамның жұмысы от басы, ошақ қасы екенін тү­сіндім. Араға 1-1,5 жыл салып сә­билерім өмірге келді. Бала тәрбиесі мен күтімі үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен үйде отыруды жөн санадым, – дейді ол.
Жібек балаларының көп­шіл, бір-бірімен тату, бауырмал екеніне қуанады. Балалары шетінен өнерлі. Оқуда озат. Егіз қызы – Кәмила мен Карина зерек, екінші сыныпта оқиды. Ба­ла­лардың екеуі студент болса, алтауы мектепке барады. Ал, үш жарым жасар Әмина балабақшаға баруға талпынып жүр.


– Бастапқыда қиын болды. Аралары жақын бол­ған­дықтан үлгермей жататын­мын. Кейін үлкендерім есе­­йіп, кейінгілеріне өздері қарады. Менің анам – 19 құрсақ көтер­ген Батыр ана. Көп­балалы отбасында тәр­бие­­ленгендіктен, өзімнің де көп баламның болғанын қа­­ладым. Бұл тілегім де орын­­далды. Қазір шүкір, бақыт­тымыз. Еліміз ана мен балаға қамқор. Әлеуметтік қолдау бар. Жәрдемақы бе­рі­леді, көпбалалы ана­ларға жасалған барлық жеңіл­дік­терді пайдаланып отырмын. Мектеп ұжымы да бала­ларымның керекті құрал-жаб­дығын, фор­масын түгендеп береді. Он­лайн кезінде планшет ал­дық. Балалардың үйден оқ­уына барлық жағдай жасалды, – дейді ол.


Жібекке жас аналардың сұрағы көп. Көпбалалы ана­ның оларға берер жауабы – біреу. «Әр баланың өз не­сібесі бар». Қазақ «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демей ме мұндайда. Көпбалалы ана әлі де перзент сүюден қашпайды.


Бірлігі жарасқан отбасы осыдан біршама уақыт бұрын үй кезегіне тіркелген. Биыл қуанышты жаңалық болатынын жеткізді. Алтынқұрсақты ананың жаңа баспанасында 10-шы перзентін құшағыма алсам деген үміті бар.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<