Бесарықтағы мектеп жөнделіп жатыр

1116

0

Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылының «Берекелі Бесарық» атануы тегін емес-ті. Өйткені, елді мекеннің бүгінгі келбеті көрсе көз тоярлықтай. Ауыл халқының әлеуеті артып, тұрмысы түзелген. Бүгінде гүлге оранған елді мекеннің дамуы қарқын алып, Бесарық үлгілі ауылдар қатарына қосылған.


Ауылдағы әлеуметтік нысандар жаңаланып, жолдар жөнделу үстінде. Қазіргі таңда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Бесарық елді мекеніндегі №147 орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Осы құрылыс жұмыстарының барысымен бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов танысты.
Күрделі жөндеуге тапсырыс беруші – аудандық білім бөлімі. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «ДаренСтройСервис» ЖШС жүргізуде. Жобаға 92280,0 мың теңге бөлінген.


Мердігер мекемемен жасалған келісімшарт бойынша жобаның аяқталу мерзімі 2020 жылдың 30 қыркүйегі. Дегенмен, құрылыс компаниясы күрделі жөндеу жұмыстарын 26 тамызға дейін толық бітіруді жоспарлап отыр. Бұл жоба бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 10 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылуда.
Қазіргі таңда мектептің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ сыныптардың есік-терезелері жаңаланып, еден сырлану үстінде. Аудан басшысына күрделі жөндеуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды «ДаренСтройСервис» ЖШС өкілі Руслан Сейітмұратов атап көрсетті.


– Жоба бойынша мектептің шатырын, есіктері мен терезелерін жаңартып, электр құрылғыларын қайта орнатудамыз және әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінен ерте тапсыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, біз жобадан бөлек өз қаражатымыз есебінен мектепке кіргендегі ұзын дәлізді, мектеп сыртын әрлеп береміз. Оған қоса, білім ошағының ішіндегі екінші қабатқа көтерілетін 4 баспалдақты кафельдеп, жаңарту жоспарымызда бар. Одан бөлек, қазіргі жағдайға байланысты мектеп оқушыларының білім алуы үшін 10 планшет алып бергелі отырмыз, – деді Бесарықтың тумасы Р.Сейітмұратов.


Жергілікті мектепке жанашырлық танытып, туған жерге қызмет көрсетіп жатқан мердігер мекеме өкіліне аудан басшысы ризашылық білдіріп, атқарып жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кету керек, қашықтан білім алатын мектеп оқушыларын қажетті құрылғымен қамту мақсатында «Абай-Дәулет» ЖШС 20 планшет алып бермек. Белгілі меценат Мұрат Сәрсенбаев басқаратын ұжым аудандық білім бөлімі арқылы сырдариялық оқушыларға 10 планшетті және Бесарық ауылының білім алушыларына 10 планшетті үлестірмек. Нәтижесінде, қамқор азаматтардың жанашырлығымен жаңа оқу жылында 30 оқушы электронды құрылғымен қамтамасыз етіледі.


Жоғарыда атап өткендей, елді мекеннің жол мәселесі реттілігімен шешімін тауып, бүгінде біраз жұмыстар атқарылды. Оның ішінде, ауылға кіреберіс жол қайта жаңғыртылды. Оған қоса, «Қызылорда-Аэропорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 0-8, 13,5-18 шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп, қазір Қоғалыкөл мен Бесарық тұрғындарының сыртқа қатынайтын жолы теп-тегіс болды. Жолдың құрылысын мердігер компания «Қыран» ЖШС атқарды. Бүгінде жол сапалы салынып, талаптарға сай құрылыс жүргізілген және үш жолақты сызық сызылған.


Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<