Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында «WorldSkills Qyzylorda-2025» облыстық іріктеу байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.
Елімізде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру мақсатында 2015 жылдан бастап «WorldSkills Kazakstan» ұлттық чемпионаты өткізіліп келеді. Биыл аймақтық іріктеуге 30 құзыреттілік бойынша 150-ден астам білім алушы қатысты. Салалары бойынша үздік атанған 32 студент қараша айында елордада республикалық кезеңде бақ сынайтын болады.
Салтанатты шарада облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бекжан Есенбаев WorldSkills чемпионаты – жастар үшін кәсіби дамудың кең мүмкіндігі екендігін атап өтіп, жеңімпазды марапаттады.
Облыстық іріктеу байқауында біздің Арал индустриалды-техникалық колледжінің студенттері жақсы жеткістіктер көрсетті. Оның арасында сапалы дәнекер тігісі мен қауіпсіздік техникасын сақтай отырып техникалық тапсырмаларды орындаған «Дәнекерлеу ісі» мамандығының білім алушысы Темірлан Әбдібахыт (жетекшісі – өндірістік оқыту шебері Қаржабай Өтегенов) жеңіс тұғырынан көрінді. Дәлдік пен тиянақтылықты талап ететін салада ерекше көзге түсіп, жоғары нәтиже көрсеткен «Токарь ісі» мамандығынан Диас Махамбетқалиев (өндірістік оқыту шебері – Жамал Қанатбаева) І орын иегері атанды.
«Арнайы тігінші» мамандығының білім алушылары Гүлсезім Мақашова мен Ақниет Қариева заманауи үлгідегі ұлттық нақыштарды үйлестіріп, өздерінің шығармашылық қабілетін дәлелдей білді. Олар жүлделі ІІ орынға ие болды. (Жетекшілері – Күлзираш Әлиева мен Анар Кенжебаева).
«Автомобиль жасау және жөндеу» мамандығы бойынша білім алушы Жантөре Сәрсенов (жетекшісі – Асхат Әлібеков) көлік жүйесінің ақауын дәл анықтап, келесі жүлделі орыннан көрінді. Сондай-ақ «Графикалық дизайн» мамандығы бойынша бақ сынаған Диас Замадин бағдарлама орнату, техникалық диагностика және желі жүйесін құруда біліктілігін танытып, ІІІ орынға ие болды. (Жетекшісі – Айнагүл Қонысбайқызы).
Бұл – тек студенттердің емес, сонымен бірге шәкірттерге дұрыс бағыт берген ұстаздардың да жеңісі. Олардың қажырлы еңбегі, тиянақты даярлығы – нәтижелі көрсеткіштің тірегі.
Енді алдымызда республикалық кезең тұр. Өңір намысын қорғайтын студенттерімізге сәттілік тілейміз.
Назарбек НҰРМАНОВ,
Арал индустриалды-техникалық колледжінің аға шебері.
Арал қаласы