«Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық шаралар қабылдауға тиіспіз.
Сонымен бірге, жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтау және ашу жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Сонда ғана жемқорлықпен табанды түрде күресе аламыз». Бұл Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте айтқан сөзі. Олқылықпен күресу жолын насихаттап, арнайы мамандарға тапсырма да берген. Соның ішінде шетелдік сарапшылар енгізген ұсынымдарды пысықтау және оларды іске асырудың пәрменді тетіктерін әзірлеу жөніндегі қызметті жандандыру қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысының өзі мәселенің шешу жолын ұсынған шақта саладағы келеңсіздік шешілері анық. Тек ол үшін әрбір азамат жауапкершілік сезініп заңның үстем екенін естен шығармаса болғаны. Мысалы, кезіккен кез келген қиындықта бармақ басты, көз қысты әрекетке жүгінбей, заңды жолын іздеген абзал. Тығырықтан шығар жол бар. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Қазіргі уақытта оған мүмкіндік мол. Өз құқықтарын білсе, қай салада болмасын шалыс баспас еді.
Жасыратыны жоқ, қоғамда күнегей мен көлеңкелі тұсы қатар жүреді. Қалта қамын ойлаған кей азамат елдің өркендеуіне кедергі жасауда. Олар дамуды тежеу арқылы өз пайдасын ел пайдасынан артық қоюда. Осындай олқылықты болдырмау үшін сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту азаматтық борыш болуы шарт. Сонда ғана жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түсіп, оған қарсы тұру мәденитетін қалыптастыруға қол жеткізе аламсыз.
Нұргүл РАЙҚҰЛОВА,
Қызылорда қалалық сотының бас маманы, сот отырысының хатшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<