Екіжақты ынтымақтастық нығая береді

5

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Грузияның Ішкі істер министрі Гела Геладзені қабылдады.

Әңгімелесу барысында құқық­тық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бағыт­та­рын­дағы екіжақты ынтымақ­тастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Президент Грузия еліміздің Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі саналатынын атап өтті. Сондай-ақ екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың уақыт тезінен өткен тарихи тамырластыққа құрылғанына тоқталды.

Гела Геладзе Қасым-Жомарт Тоқаев­қа шетелдік туристердің, соның ішінде Қазақстан азамат­тары­ның қауіпсіздігін сақтау бо­йын­ша грузиялық құқық қорғау орган­дарының атқарып жатқан жұмысы жөнінде мәлімет берді.

Қазақстан мен Грузия ішкі істер ми­нистрліктері ұйымдасқан қыл­мыс­қа, есірткі тасымалдауға, кибер­қыл­мысқа және экстремизмге қарсы күрес, сондай-ақ озық тәжірибелер ал­масу, маман даярлау бағыттарында өзара ықпалдастықты нығайтуға ниетті.

Кездесуде Мемлекет басшысы Грузия Президенті Михаил Кавела­швили мен Премьер-министр Ираклий Кобахидзеге сәлемін жолдады.

Отандық авиацияның бәсекеге қабілеттілігі арта түсуі тиіс

Мемлекет басшысы сондай-ақ Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Питер Фостерді қабылдады.

Кездесуде авиация саласын дамыту мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana компаниясының Еуразиядағы жетекші авиатасымалдаушылардың біріне айналуға Питер Фостердің елеулі үлес қосқанын атап өтті. Әңгімелесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу, сондай-ақ аталған рейстерді орындау үшін алыс қашықтыққа ұшатын әуе кемелерін сатып алу мәселелеріне ден қойылды.

Президент отандық авиацияның бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру қажет екенін айтты.