Ілкімді істер – ілгерілеу дәнекері

1394

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың сапары Жалағаш ауданында жалғасын тапты.


БАТЫР АУЫЛЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ

Өңір басшысы ауданға қарасты Бұқарбай батыр ауылында спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Аталған нысан елді мекендегі «Байтабын» серіктестігінің қаражатына салынған. Жалпы құны – 112 млн теңге. Ғимарат аумағы – 800 шаршы метр. Салтанатты шарада аймақ басшысы өңір кәсіпкерлерінің осындай өрелі істерге септесіп жүргеніне алғысын білдірді.


– Ел Президентінің Жолдауында да бұқаралық спортты дамыту мәселесі басты назарда тұр. Аймақта әртүрлі деңгейдегі 2240 спорт нысаны бар. Биыл бір ғана Жаңақорған ауданында осы саланың 12 нысаны ашылуда. Бұл біздің бұқаралық спортқа қаншалықты маңыз беріп отырғанымызды айғақтайды. Ауыл спортшылары бұған дейін де биік белестерді бағындырған. Енді жаңа спорт кешенінде тәрбиеленген спортшылардың жеңіс туын желбірететініне сенемін. Осындай игі бастамалардың басы-қасында жүрген кәсіпкерлерге алғысым зор, – деді облыс әкімі.


Батыр бабаның атын иемденген ауыл жастары бұл нысанның ашылғанына қуанышты. Серіктестік директоры Сапарбек Мыхановтың айтуынша, 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.


– Ауылда бұған дейін спорт кешені болмаған. Балалардың жарысқа дайындалуына жағдай жасалмаған соң, көмегіміз болсын деп бастаған ісіміз. Өткен жылдың соңына қарай қолға алып, шілде айында толық аяқтадық. Енді осы нысаннан түлеген чемпиондар ел намысын қорғайды деп үміттеніп отырмыз, – дейді ол.


Облыс әкімі М.Шәменов ауылында Ә.Бердәулетов атын­дағы №34 орта мектепте болды. Аталған білім ошағы биыл пайдалануға берілген. Бүгінде мұнда карантинге байланысты 7 кезекші топ жұмыс істеп, оқушылар білім алып жатыр. Сонымен қатар аймақ басшысы Қаракеткен ауылында ардагерлермен кездесті. Елді мекеннің әлеуметтік-эконо­микалық жағдайымен танысып, тұрғындардың пікірін тыңдады.

АУЫЗСУ ҮЙДІ-ҮЙГЕ ЖЕТКІЗІЛДІ

Далдабай елді мекенінің халқы алыстан шелектеп су таситын әбігерден арылды. Бұл қуанышты сәтке облыс әкімі куә болды. Жақында ауылға ауыз су құбыры тартылып, үйді-үйге жеткізілді.

Ауыл тұрғыны Өмірзақ Жалғасбаев:


– Бұл жерде 70 шақты үй, 400-дей халық тұрады. Бұрын осы ауыз­су жинақталатын нысаннан таситынбыз. Үйге дейін біраз жер. Қысы-жазы шелектеп мұздыаяқ болдық. Бүгін сол қиындықтың бәрі өткен шақтың еншісінде қалды. Үйімізде таза ауызсу ағып тұр, – дейді.


Айта кетейік, Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет, Аққұм елді мекендерінде де ауызсу құбыры жаңармақ. Оған 13,3 млн теңге қаржы қаралған.


Аудан орталығындағы «Жау­қа­­зын» бөбекжай-бақша­сы­ның ғи­мараты алғашқыда бала­бақша болған. Десе де, уақыт талабына байланысты емханаға айналған. Ғимарат жетіспеген кез еді. Әйткенмен, жаңа емхана салынғалы бұл ғимарат иесіз қалды. Елдің игілігіне жарату үшін мұны қайта жаңғыртудан өткізіп, балабақшаға айналдыру мәселесі көтерілді. Бүгінде заманауи, сәнді 90 орындық бөбек­жай болып, тұрғындарға есігін айқара ашты. Нысанның ашылу салтанатында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова балаларды балабақшамен қамту мәселесіне тоқталды.


– Биыл облыста 70-тен астам білім беру нысаны қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Оның ішінде іргетасы жаңадан қаланып жатқандар да бар. Президент Жолдауында мектепке дейінгі білім беруді дамыту ерекше мәнге ие. Бұл – ата-аналарға жасалған зор мүмкіндік. Бір жағынан баланың да қарым-қабілеті шыңдалып, қоғаммен байланысады. Қазір өңірде 3 пен 6 жас аралығындағы балалар балабақшамен толық қамтылған. Ендігі кезекте 1 жастан 3 жасқа дейінгілерді орналастыру. Мұндай нысандарды осы мәселені шешуде тиімді пайдалануымыз керек. Осы жерден елін, жерін сүйетін, ата-анасын сыйлайтын тәрбиелі азаматтар өсіп-өнуіне тілектеспін, – деді облыс әкімі.

60 МЫҢ ТОННА АЗОТ ТЫҢАЙТҚЫШЫ

Ауданда «Агрохимсервис-С» түйіршіктелген азот тыңайтқышын өндіру зауыты жұмыс іс­тейді. Бүгінде ол облыстағы шаруашылықтардың 80 процентін тыңайтқышпен қамтамасыз етуде.

Нысанды ашу үшін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 346 млн теңге несие алған. Оған өзінің қаражаты – 54 млн теңгені қоса салыпты. Нәтижесінде жылына 60 мың тонна түйіршіктелген азот тыңайтқышын өндіретін өндіріс орны іске қосылды. Аммоний сульфатын шығаратын бұл зауыттың жұмысымен танысқан аймақ басшысы оң бағасын берді.


Сапар барысында облыс әкімі Ақсу ауылындағы жаңа емхананың ашылуына қатысты. Типтік жобадағы нысанның жалпы құны – 126,7 млн теңге. Мұнда 11 адам жұмыс істейді. Облыс әкімі медицина мамандарына коронавирус індетінен сақтануда ауыл халқының денсаулығына жіті мән беру керегін айтты.


Сапар соңында Гүлшара Наушақызы аудан әкімдігінің жаңа ғимаратын көріп, атқарылған жұ­мыстарды саралады. Аудан әкімі Асылбек Шәменовке алдағы қысқы маусымға қажет отын қорын уақытылы жеткізуді және жаңа жұмыс орындарын ашуға ын­талы азаматтарды қолдауды тапсырды.


Дәулет ҚЫРДАН,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<