Эпидахуал тұрақталып келеді

509

0

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың тапсырмасымен жұмыс сапарымен Жалағаш, Сырдария аудандарында болды. Ол елді мекендердегі денсаулық сақтау саласындағы коронавирус инфекциясымен күрес деңгейімен және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.


Жалағаш аудандық ауруханасы жаңадан салынып жатыр. Сондықтан, аудан көлеміндегі науқастардың барлығын Мәдениет ауылдық ауруханасы қабылдайды. Мұнда қазір короновируспен ауырған науқастарға инфекциялық 25 төсек-орын, провизорлық 80 төсек-орын дайындалған. Қазір аталған дертпен күресте 3 терапевт, 2 реаниматолог, 1 инфекционист, 18 мейірбике, 1 зертханашы және 18 кіші аяжан, барлығы 43 медициналық қызметкер жұмылдырылған. Аталған нысанды облыс әкімінің орынбасарына аудан әкімі Асылбек Шәменов, аудандық аурухананың бас дәрігері Баян Боранбаева таныс­тырды.


– Аудандық арурухананың инфекциялық төсек орнында 5 науқас емделуде, 2 науқас қайтыс болды. Сонымен қатар, про­визорлық стационарда жатқан COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастармен тіке­лей байланыста болған 96 нау­қас ем алып шықты. Қазіргі таңда 64 науқас ем алуда, ал карантиндік стационарда 293 азамат бақылауда болған, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері.


Ауруханада қазір өкпені жасанды желдететін 2 аппарат бар. Оның біреуі провизорда болса, екіншісі инфекция бөлімінде. Сонымен қатар, кислород реттегіш бар.
– Бізге қазір демеушілердің көмегі – көп қолдау. Ауда­ны­мыздың азаматтары жиналып, медицина орындарын қажетті жабдықтар мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жатыр. Міне, Дәуімбай елді мекенінің жастарынан құралған еріктілер кислород баллонымен қамтамасыз етіп, оны жеткізіп беруде. Елдің бірлігі мен ынтымағы осындайда көрінеді, – деді аудан әкімі Асылбек Шәменов.


Ерікті жастардың бірі – Нұрбол Серікұлы. Ол облыс әкімінің орынбасарына қиын кезеңде қолдау көрсететіндерін және ауыл жастарының 100 кислород баллонына тапсырыс беріп қойғанын жеткізді. «Азат елдің жастары деп, міне, осындай жігіттерді айтады» деген Серік Әбжәліұлы аталған вируспен күресте жүрген жұртшылыққа, ақ халатты дәрігерлерге алғысын білдірді.


– Біз жай әншейін жүрген жоқпыз. Сондықтан мұқтаждық-тарыңызды айтыңыздар. Бізден сіздерге не керек, қандай көмек керек, осының бәрін жет­кізіңіздер. Осы індет келгелі бері тыным таппай еңбек етіп жүрсіздер. Елдің мүддесін өз мүдделеріңізден биік қойып, күндіз-түні дәрігерлік міндет­теріңізді атқарудасыздар. Ел сіздердің қоғамдағы орын­дарыңызды білді. Біздің сіздерге құрметіміз зор, – деді С.Ахмет.


Мәдениет ауылдық клубы мамыр айынан бас­тап дәрігерлерге арналған жатақ­хана ретінде қолданылып келеді. Қазір клубта дәрігерлер, мейірбикелер, кіші аяжандар, барлығы 38 адам орналасқан. Облыс әкімінің орынбасары медицина мамандарына жасалған жағдаймен де танысты.


Айта кетейік, аудандағы «Ақтерек» сауықтыру лагері карантиндік стационар, ал №246 орта мектеп ғимараты провизорлық стационар ретінде ашылған. Лагерьде 24, №246 орта мектепте 80 төсек-орын дайындалған. Бүгінде мектеп жанындағы дәрігерлік пункт аудан халқына медициналық қызмет көрсетіп отыр. Дәрігер нұсқаулығымен ем-шаралар жасайды. Мұн­дай амбулаториялық жағ­дайдағы медициналық көмек көрсететін орын аудан орталығындағы 4 білім оша­ғында және Ақсу ауы­лындағы №116 орта мектептен ашылған.


Нысандарды аралаған Серік Ахмет аудан орталығындағы дәрі­ханалардың жұмыс проце­сіне және сауда орталық­тарын­дағы қауіпсіздік шарасының сақталуына назар аударды. Аудан бойынша 9 дәріхана жұмыс істеп тұр. Оның 7-уі кентте. Аудан әкімдігі тарапынан құрылған мобильді топ арқылы күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Дәріханаларда сұраныстағы 15 түрлі дәрі-дәрмектің жеткізілуі қатаң бақылауға алынған. Серік Әбжәліұлы «Arzanfarm», «Ansar» дәріханаларында болды.


– Менің қолымда тізім бар. Бұл ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен алынған. Кей дәрі-дәрмектің өзі болмаса да, аналогтары табылады. Ал мен аралаған аудандар бойынша термометр табылмады. Басқасының бәрі бар. Тіпті бетперденің бағасы 85 теңге. Облыс орталығынан арзан. Аудан әкімдеріне дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілуін қамта­масыз ету керегін айттым. Олар бақылауда ұстайды, – деді С.Ахмет.


Жұмыс сапары жаңадан салынып жатқан аурухана құры­лысында жалғасты. Мұнда да барлық талаптар сақталған. Құры­лыс алаңында 3 қабатты ауру­хана ғимараты, асхана блогы, жылу қазандығы, 4 авто­көлікке арналған гараж, транс­фор­маторлық подстанция, ДЭС, демалыс алаңдары, қоқыс төге­тін алаң орналастырылатын болады. Бүгінгі күнге аурухана ғимаратының құрылысы бо­йынша үшінші қабатының қыш қалау жұмыстары, төбе жабыны жұ­мыс­тары аяқталған. Қасбетін қаптау, ішкі әрлеу, инженерлік желілерін жүргізілуде.


Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары сапар барысында ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалармен танысты. Мемлекеттік бағдарлама аясында Жалағаш ауданында 18 жоба бар. Серік Ахмет «Наркескен» спорт клубы мен Мәдениет және дамыту орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты.


Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Сырдария ауданында Тереңөзек кентінің клубына ат басын тіреді. Нысан «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделуде. Клуб меңгерушісі Рүстем Байділдаевтың айтуынша, ғимаратты жаңғыртуды «Мұрат құрылыс и К» ЖШС мекемесі қолға алған. Бүгінде есік-тере­зелер ауыстырылған, сыртқы жұмыстары мен төбе жабындысы мәресіне жетіпті. Енді 90 орынға арналған көрермендер залы жаңа кейіпке енбек. Аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен екі азамат жұмыс­пен қамтылған. С.Ахмет ең алды­мен сапаға мән беру керегін айтты.
Мұнан соң ол аудандық орталық аурухананың жұмы­сымен танысты.

Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал мен атқарылып жатқан жұмысты аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Әлия Іскендірова жеткізді.


– COVID-19-ға шалдық­қан­дарға 30 орын дайындалған. Оған қоса, провизорлық орталықта қосымша 40 орын бар. Біздің мамандар өз денсаулықтарын тәуекелге тігіп, әрбір емделушінің өмірі үшін күресіп жатыр. Дәрі-дәрмектер қоры жасақталған. Қазір өкпені жасанды жолмен желдететін екі аппарат бар. Бірақ, ол аздық етеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, мән-жайды жеткіздік. Біз материалдық-техникалық базамызды нықтауымыз керек, – дейді Ә.Іскендірова.


С.Ахмет өңірде корона­вирустық инфекцияның таралуы­ның алдын алуға және онымен күресуге бағытталған кешенді шаралар әзірленіп жатқанын айтты.


– Медициналық нысан­дардың барлығына қолдан келген көмекті аянып қалмаймыз. Кәсіпкерлер мен еріктілер де белсенділік танытуда. Медицина мамандарына дәл қазіргі жағдайдағы ерен еңбектері үшін алғыс айтамыз. Біз ең төменгі жағдайды мысалға алып, ең жақсы нәтижеге жұмыс істеуіміз керек. Барлық жағдайға дайын болғанымыз жөн, – деді ол.


Дәрі-дәрмек қорына байланысты С.Ахмет «Lab Service company» ЖШС мекемесінің дәріханасына барды. Бұған дейін барған аудандардағы жағ­­даймен салыстырып, тізім бо­йынша бақылаудағы дәрі-дәрмектің бағасын, қол­жетім­ділігін сұрады.


– Қазір тәулігіне 200-300 адам келеді. Бір апта бұрын мыңдаған келуші болатын. Бұл – жағдайдың тұрақталғанының белгісі. Қазір де бұрынғыдай антивирустық, қызу түсіруге көмегі бар дәрілер мен дәрумендер, антибиотиктер сұранысқа ие. Бір ғана термометр болмай тұр. Оны бізге жеткізіп берушілер алдағы уақытта келеді деп уәде беріп отыр, – дейді Никита Мясцов.


С.Ахмет мұнан соң аудан­дық мәдениет үйіндегі жөн­деу жұмыстарымен танысты. Мұндағы жөндеу аудан бюдже­тінен қаржыландырылып отыр.


– Ғимарат ескі. 1974 жылы салынған. 2013 жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Бірақ былтыр ғана төбесінен су ағып кетті. Бұған дейін шатыры болмаған. Қазір құрылыс жұмыстарын «Ремстрой» серіктестігі жүргізуде, – деді мәдениет үйінің директоры Нұрхан Көшербаев.


Мәдениет үйінің фойесінде қоғамдық кеңес, жастар ұйымдарының, қоғамдық бір­лестік өкілдері жиналды. Олар облыс әкімінің орынбасарына елдегі қиын жағдайда жұмыла жүк көтеріп жатқанын, кәсіпкерлердің демеуі жайлы айтты.


– Мен асхана кәсібімен айналысамын. Жиырма жылдан бері осы бизнесте жүрмін. Алдыңғы карантин кезеңінде блок-бекеттерге тамақ тасыдық. Енді медицина мамандарына арналған жатақханаларға ас-ауқат жеткізудеміз. Бір-бірі­мізге мейірім танытып, қам­қор­лығымызды аянып қалмауымыз керек. Бұл сынақтан да сүрінбей өтеміз, – дейді кәсіпкер Ақалай Әбдіомар.


Облыс әкімінің орынбасары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жөнделіп жатқан №11 аудандық олимпиадалық резервтің маман­дандырылған балалар-жасөс­пірім­дер мектебінде болды. Онда есіктері ауыстырылып, сыр­­лау, кәріз құбырларын орнату және тағы басқа да жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жөн­деуге жергілікті жерден 3 адам жұмысқа тартылған.


Сапар соңында Серік Әбжәліұлы Шаған ауылындағы провизорлық стационар ретінде ашуға ұсынылған 50 төсектік ауруханаға барды. Аталған аурухана 1969 жылы салынып, 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен.


– Жағдай күрделенсе, қо­сымша төсек орын қажет болуы мүмкін. Соған орай Шаған ауылдық ауруханасын 30 орындық провизорлық стационар ретінде ашуға болады деп санаймыз. Ауылдық аурухана провизорлық стационар ретінде ашылса, ауылға жақын орналасқан елді мекендерден келген науқастарды емдеуге мүмкіндік болар еді, – деді аудан әкімі Руслан Рүстемов.


Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы»

Жалағаш, Сырдария
аудандары

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз