Мақсатты мектеп басшыларына арналған «Тәжірибе алаңы» қорытындыланды

289

0

Фото: Автордан

Тәжірибе алаңының үшінші күні «Білім берудегі инновациялар: мақсатты мектептердегі сапаны жақсарту тәсілдері мен стратегиялары» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференциямен басталды.

Ғылыми-практикалық конференция мақсатты мектептерде білім беру сапасын арттыруда озық тәжірибені енгізуге бағытталған тиімді инновациялық тәсілдер мен стратегияларды талқылау және анықтау мақсатында өткізілді.

Конференцияның пленарлық тыңдалымына мектептегі білім беру үдерісіне жаңаша оқыту идеяларын ендіру тәсілдері, мектеп жағдайында педагогтің көшбасшылығын жетілдіру мәселелері, қазіргі білім берудің негізгі аспектісі ретінде білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, табысты оқудың негізі ретінде эмоционалды қолайлы білім беру ортасын құру бағыттары бойынша келіп түскен жұмыстардың ішінен 8 баяндама ұсынылды. Конференцияның электронды жинағына 120-дан астам баяндама келіп түсті.

Облыстағы мақсатты мектеп директорлары бас қосқан Тәжірибе алаңының жұмысын қорытындылау мақсатында «Облыстық тәжірибе алаңы: проблемалар, перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Алаң жетекшісі Серік Құсейнов үш күн бойы өткізілген іс-шараларға сараптамалық талдау жасады. Шара барысында қала мен әр ауданнан келген қатысушылардың ұсыныстары тыңдалып, кері байланыс берілді.

Тәжірибе алаңын қорытындылауға арналған мерекелік жиында сөз алған «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы директорының м.а. Сәкен Серікбаев Тәжірибе алаңының облыстағы білім сапасының артуына тікелей ықпал ететінін атап, еліміздің білім беру саласында және аймақта жасалып жатқан жұмыстарға, алдағы уақытта атқарылатын міндеттерге тоқталды.

Алаң аясында өткізілген шараларға белсене қатысып, үздік жұмыстары мен жоғары кәсіби шеберлігін көрсеткен басшыларға, командаларға дипломдар, құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. Жиын соңында қатысушылар алаң символына айналған «Тәжірибе алаңы» Гимнін орындады.

Тәжірибе алаңының өткізілуіне демеушілік жасаған Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетіне, алаң жұмысына қатысқан барша педагогтерге және ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз!

Гүлхаят Махмутова,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының PR, SMM маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<