Сыр өңірі – дарынды балаларға толы киелі мекен

651

0

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр өңірінің барлық кішкентай тұрғындарын мерекемен құттықтады.

Аймақ басшысы бүгінгі қиындыққа қарамастан балаларды қуанту – баршамыздың міндетіміз екенін атап өткен.


– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі заманда кәсіби маман болу өте маңызды. Білімді адамның шамасы бәріне жетеді. Сондықтан, сендердің жасыңда, ең бастысы – жақсы оқып, білім алу!» деп балаларға ақ тілек айтқанын жақсы білесіздер.


Сондықтан біз де өздеріңе сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін барлық жағдайды жасап келеміз.


Аймағымызда жыл сайын бала саны артуда. Бүгінгі күні өңірде 295 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала бар. Бұл облыс тұрғындарының үштен бірін құрайды.
Биылғы жағдайға сәйкес жаз бойы қосымша білім беру орталықтары онлайн түрде жұмыс жүргізеді. Білім басқармасы өздерінің инстаграм парақшасында сіздерге арнап танымдық, интеллектуалдық және шығармашылық деңгейді арттыруға бағытталған «Онлайн каникул» жобасын іске қосты. Талантты да өнерлі жастар түрлі үйірмелер, онлайн байқаулар мен көңілді конкурстар мен марафондар арқылы жаз мезгілін қызықты әрі думанды өткізеді деп сенемін.


Сыр елін экономикаcы озық аймаққа қана емес, балалардың заманауи білім, ұлттық тәрбие алуына қолайлы өңірге айналдыру – біздің міндетіміз. Өйткені, біздің өңіріміз – дарынды балаларға толы киелі мекен. Биылғы оқу жылында 400-ден астам өнегелі өрен халықаралық, республикалық және облыстық білім додаларында толағай табысқа жетті. Оның 320-ы қала, 85-і ауылдан шыққан дарындылар.


Халықаралық деңгейдегі Ө.Жолдасбеков атындағы математикадан және механикадан зерттеу жұмыстары конкурсында 4 оқушы жүлдегер атанды. Қызылордалық Жанерке Боранбай мен Ғайникамал Сансызбай, сырдариялық Жансая Жақсылықова, жаңақорғандық Асылзат Орынбасар – біздің мақтаныштарымыз. Катардың Доха қаласында өткен халықаралық юниорлық олимпиадада қызылордалық Исламхан Серікбаев жүлделі орын иленген. Тың жобалар жасап жүрген 60-тан аса талантты бала әртүрлі деңгейдегі байқаулардың жүлдегері атануда.


Өңірде инновациялық идеяларға құмар жастар да аз емес. Жасанды интеллект, нанотехнология, ғаламтор қоймасы арқылы мәліметті есептеу бағытындағы жаңа жобалар іске асыру үшін құрылған ITіMAQORDA технопаркі жас өнертапқыштарды даярлауда.
Балаларымыздың жетістігі – біз үшін қашан да мақтаныш! Сыр өңірінің даңқты дәстүрін жалғай беріңдер!


Жазғы демалыстарыңыз жақсы өтсін! Біз біргеміз! – деді облыс әкімі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз