Облыс әкімінің білім гранты кімдерге арналған?

1754

0

Қызылорда облысы әкімінің білім грантына 9 санат бойынша үміткерлер тағайындалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

Олар:


1. Балалар үйінің тәрбиеленушілері (отбасылық үлгідегі балалар ауылы мекемесінің түлектері)

2. Мүмкіндігі шектеулі балалар;

3. Жетім балалар;

4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

5. Асыраушысынан айырылған отбасылардың балалары;

6. Ата-анасының екеуі немесе біреуі зейнеткер болып табылатын, тұрмысы төмен отбасыларының балалары;

7. Ата-анасының екеуі немесе біреуі мүгедек болып табылатын балалар;

8. Көпбалалы отбасылардың балалары;

9. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар құжаттарын тапсыра алады.

Сондай-ақ, әлеуметтік көмекті тағайындау үшін құжат қабылдау үстіміздегі жылдың 12-20 тамыз аралығында аудандар мен Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде жүргізіледі. Тапсыратын құжаттар тізбесін осы бөлімдерден алады.

Білім грантын тағайындау туралы шешімді конкурстық негізде жергілікті аудан және қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды.

«Ең басты шарт – балалар Ұлттық бірыңғай немесе кешенді тестілеуден кемінде 50 балл жинау қажет. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, ветеринарияға – 60, педагогикаға – 70, медицинаға 65 балл болуы керек. Аталған санаттар бойынша әлеуметтік көмек тағайындау отбасының өткен тоқсандағы табыстарын ескере отырып жүргізіледі», – деді басқарма басшысы.

Оқу грантына байланысты сұрақтар бойынша 8(7242) 27-01-11 телефонына хабарласуға болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<