Өкініш өзекті өртемесін десек…

1390

0

    Жазғы каникул басталды. Балалар демалыс уақытын асыға күтетіні белгілі. Дегенмен, осы кезде балалардың суға кетуі, жол апатына ұшырауы, терезеден құлауы және астан улануы жиі орын алады. Соның ішінде суға кету жағдайы жиілеген. Себебін іздесең, сан түрлі жауап аласың. Көздің қарашығындай мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, бар жылы-жұмсағын аузына тосып, мейірімін аямаған, алақанында мәпелеген перзентін қай ата-ана ажалға қисын? Оқыс жағдайлардың басым бөлігінде ата-аналарды кінәлап жатамыз. «Баласына бас-көз болмай қайда қарап отыр? Жауапкершілік жоқ па? Неге қараусыз қалдырады?» деген сауал қойылды. Ата-ана жауапты екені рас. Алайда, 24 сағат бойы баланы бақылауда ұстау да қиын.

Жазда аптап ыстықта суық суда сергуді, ал қыста мұз үстінде сырғанауды әдетке айналдырған балғындар қауіп­тің қайдан келетінін, расында, қайдан білсін? Шындығында, 40 градус ыстықта ойын ба­ласы  тұрмақ үлкендердің өзі өзен-көл жағалайды. Бала да ата-анасының көзі тайса, суға әуес. Бәріміз суға шомылып өстік. Шыжыған күннің ысты­ғында ауылдан алыс жатқан каналға асығатынбыз. Жалғыз емес, әрине. Ес білетін ере­сектер қасымызға қосыла іле­сетін. Суда жүзе білмейтін кіш­кентайларды үлкендер жағадан асырмайтын.

Облыстық төтенше жағдай департаментінің дерегінше, жыл басынан балалардың суға кетуі жиілеген. Бұған құт­қарушы мамандар алаңдаулы. Биыл жазатайым 18 суға кету оқиғасы тіркелсе, 12 бала «тіл­сіз жаудың» құрбанына ай­налған. Иә, бұл сан үрейіңді ұшырады. Енді өткен жылдың цифрларына зер салсақ, был­тыр 12 адамға суға кетсе, оның 4-і бала. Ал, 2019 жылы 26 адамның ажалы судан келсе, өкінішке қарай, оның 10-ы, 2018 жылы 22 жағдай тіркелсе, оның 8-і бала. Бала өзіне төнген қауіпті сезбейді. Қауіпсіздік шараларын ескермей, су айды­нының кез келген тұсына түсіп, салдарынан оқыс оқиғаға ұшы­рауда.

Облыста суға түсу маусымы ерте басталып, кеш аяқталады. Мұны сала мамандары жылда хабардар етіп, қауіпсіздік шара­ларын алдын ала ескертеді. 

Дегенмен, жедел-құтқару жа­сағының берген деректерін қарап отырып, балалардың түр­­лі жағдайда суға кеткенін бай­қауға болады. Бірі мал суа­ру кезінде каналға кеткен, енді бірі абайсызда арыққа құла­ған, суға түсу кезінде жүзуді біл­ме­гендіктен, мұздың ойы­луынан, ата-аналарымен дема­лыс орындарына барғанда, қа­­раусыз қалғаннан. Құт­қару­шылар жаз айларында отба­сылық кештерді табиғат аясында ұйым­дастырушылар кө­бе­йетінін айтады. Басқа об­лыс­тардан арнайы келіп, ты­нығуды әдетке айналдыр­ған­дар да жетерлік. Қызыққа ке­нелген отбасы балаларын ер­кіне қояды. Ойын баласы су жағалап жүріп, оқыс оқиғаға кезігеді. Мұндай деректер жыл­­да тіркеледі екен. Бұл ту­ралы жедел-құтқару жасақ бас­шысының орынбасары Мей­рам­бек Доспенбетов айтып берді.

– Қазір – суға түсу мау­сымы. Біздің ұжым күшей­тіл­ген режимде жұмыс істеу­ге көштік. Кезекшілік пен рейд­тік шаралар тұрақты ұйым­дас­тырылуда. Десек те, жыл басынан бері 18 адам суға кетті. Оның 12-сі бала. Өткен жылмен салыстырғанда, көр­сеткіш еселеніп отыр. Негізі балалардың суға кетуінің бір­ден-бір себебі – өңірде шо­мылуға арналған орын саны шектеулі. Бірі – «Арай» парк­тегі «Сыр самалы» болса, екін­шісі Белкөл аумағында орналасқан. Олардың жұмыс уақыты белгіленген. Ақысы да жылдан жылға көтеріліп отыр. Көпшілікке қолжетімді емес. Сондықтан жақын маңдағы көл мен каналдарға барады. Осы кезде дарияда су аз. Жұрт тартылған су терең болмайды деп ойлайды. Ал, шындығында, су тартылғанда, терең тұстары көлшік болып қалады. Судың аз екенін көріп, таяз ғой де­ген оймен балалар суға тү­седі. Жүзу білмейтін бала бірден батып кетеді. Қазір жағажайлар қатаң бақылауға алынған, – дейді ол.

Осы орайда құтқару жаса­ғының мамандары лагерьлер мен мектеп жанынан ашыл­ған шағын тынығу лагерь­ле­рі­нен арнайы ұсыныс болса, «балаларға суда жүзу ереже­лерін үйретеміз» деген ойла­рын да білдірді. Оқыс жағдайлар­дың көбеюіне жеткіншектер­дің  өз беттерінше су жағалауы­на баруы да себеп болып отыр. Жаз басталмай жатып Тасбөгет кентінде 4 мектеп оқушысы суға түсуге барған. Жүзу біл­мейді. Алдымен екі бала шо­мылу кезінде суға кеткен. Мұны көрген жағадағы екі бала жақын маңдағы ба­лықшыны шақырған. Балық­шы бір баланы судан шығар­ғанымен, өмірін құтқарып қала алмаған. Ал, екінші баланың денесі  арнайы құтқару маман­дарының көмегімен біршама уақыт іздестіріліп табылды. Екінші оқиға қалаға қарасты Қарауылтөбе ауылында болған. 8 жастағы бала «Байқадам» каналының үстімен өтетін кө­пірмен келе жатып суға құ­лап кеткен. Көпір адам жү­руге арналмаған. Кезінде су өлшегіш  құралдарына арнап салыныпты. Екінші сыныпты аяқтаған бала сол күні 5 литр­лік құтымен су әкелуге шық­қан. Көпір үстінде аяғы тайып, суға түсіп кеткен. Де­несін құт­қарушылар екі күн бойы іздеді.

Төтенше жағдай министр­лігінің азаматтық қорғаныс жә­не әскери бөлімдер комите­тінің мәліметінше, биыл 5 айда еліміздің су айдындарында 34 бала қайтыс болған. Бұл көр­сеткіштің өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 67 процентке өскені байқалады.

Көпшілік төтенше жағдай­лар қызметінің мамандары қан­дай қызмет атқаратынын,  олар кімге көмек беретінін білмейді. Өрт, газдан улану, балалардың  оқыс оқиғаға ұшырауы және суға кету кезінде біз арнайы мамандардың қызметіне жүгі­неміз. Олардың қызметіне кө­ңілі толмайтындары да бар. Расында солай ма? Мамандар қандай қызмет көрсетеді? Олар біліктілігін қаншалықты шыңдап отырады? Бізде құт­қару жасағының қызметкер­лері жеткілікті ме? Техникалық құрал-жабдықтармен қанша­лық­ты қамтамасыз етілген? Көкейдегі сұрақтарға жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Мейрамбек Дос­пенбетов былай жауап берді.

– Оқиға тіркелгеннен ке­йін жедел құтқару жасағы тиісті аумаққа жетіп, іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Құт­қарушылар төтенше жағдайлар министрлігі бекіткен ережеге сай әрекет етеді. Су астында қанша уақыт болу керектігі де арнайы көрсетілген. Оқиға орнына бір бригада жетеді. Құ­рамында 5 адам болады.  Кей­де бір күнде бірнеше оқи­ға тір­келгенде мамандар жетіспей қалатыны рас.  Ондайда ережені бұзуға тура келеді. Суға кеткен адамның ағайындарының халін көріп, іздестіру жұмыстарын жалғастыра береміз, – дейді ол.

Ал, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Талғат Исмағұлов өңірлік ком­муникациялар қызметінде өт­кен брифингте шомылу мау­сы­мының басталуы және ауа райының қатты ысуына бай­ла­нысты адамдардың су ай­дын­дарындағы қауіпсіздігі өзек­ті болып тұрғанын атады.  Судағы қауіпсіздікті қам­та­масыз етуге бағытталған ке­шенді шаралар қолға алынған. Облыс әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі об­лыстық комиссияның отырысы өткен. Онда қала мен аудан әкімдіктеріне және тиісті мем­лекеттік органдарға бірқа­тар тапсырма берілген. Суға шо­мы­латын жерлер­ді анық­тап, жергілікті кәсіпкер­лерді тарта отырып, талапқа сай ком­муналдық жағажайлар ашу керек­тігін де айтып өтті. Сондай-ақ суға түсуге қауіпті аймақтарға 188 ескерту тақ­тайшасы орнатылған. Халық арасында үгіт-насихат және қауіпті учаскелерге бақы­лау жүргізу үшін  облыстық төтен­ше жағдайлар департаменті тарапынан күнделікті сағат 15:00-ден кешкі 22:00-ге де­йін рейдтік шаралар ұйым­дастырылуда. Қазір ҚР Әкім­шілік құқық бұзушылық ту­ралы кодекстің 364-бабы бо­йынша 13 адамға ескерту ша­расы көрілген. Талғат Ис­мағұлов ата-аналарды бала­ларды бақылаусыз қалдыр­мау­ға, ересек азаматтарды су жағасында демалу кезеңінде ішімдік ішпеуге, өз қауіпсіздігін сақтауға шақырды. 

Облыстық төтенше жағдай  департаменті бастығының орын­­басары Бауыржан Ізба­са­­ров­тың айтуынша, облыс аума­ғынан өтетін Сырдария өзені­нің ұзын­дығы 1274 ша­қырым. Мұнан басқа 19 ірі, 220 шағын канал болса, 207 көл бар. Сонымен қатар 64 қа­уіпті учаске анықталған. Қа­­ла аумағында орналасқан 54 мектептің оқушылары мен ата-аналарына Whatsapp желісі ар­қылы топтар ашы­лып, күнделікті түсіндірме жұ­­мыс­тары жүр­гізілуде. 263 оқушыға онлайн режимде «Су­дағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, дәрігерге дейінгі ал­ғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері» бойынша сабақ өткізілген. Бауыржан  Шірімбекұлы балалардың суға кету жағдайын азайту үшін бассейн санын арттыру керек­тігін айтты. Осы орайда ТЖ департаментінің ұсынысымен Жалағаш ауданында жабық бассейн құрылысы жүргізілуде. Бассейн  жақын арада пайда­лануға берілмек.

Тілсіз жаудың құрбанына айналған бала санының не себепті артқанын білуге тал­пынғанда, жауапты маман­дар­дың жұмысы жүйелі екеніне көз жеткіздік. Бұл тұста ата-ананың жауапкершілігі, баланы қадағалаусыз қалдыруға бол­майтыны айтпаса да түсінікті. Балаға судан келер қауіпті мейілінше түсіндіріп, санасына сіңіру қажет. «Сақтықта қор­лық жоқ» екенін естен шығар­маған жөн.

Мақаланы дайындау бары­сында Арал ауданында тағы бір баланың суға кеткені белгілі болды. 2006 жылғы жасөспірім туған-туысымен суға түсуге барған кезде батып кеткен. Баланы судан жақындары алып шыққан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<