Онлайн сауда тиімді ме?

2954

0

Қала тұрғыны Индира Орманова пандемия басталған кезде жұмысынан шығып қалған. Көпбалалы ана табыс көзі болмағандықтан, жаңа бизнес бастауға бет бұрды. Бірақ істі неден бастау керек екенін білмеді. Бірде ол әлеуметтік желіде онлайн сауда жасаудың жолын үйрететін маманның тегін кеңесі болатынын көзі шалды. Тіркеліп, жолын білді, көп ізденді.  Ақыры іске бел буды. Сенімді серіктес те тапты.

Қолындағы жиып-терген азды-көпті ақшасын салды. Көп уақыт өтпей ол Түркиядан балаларға, қыз-келіншектерге арналған сапалы киім алдыра бастады. Әлеуметтік желіден жеке парақша ашты. Киімдерді сонда жарнамалады. Қазір табысы әжептеуір. Бастысы, үйден шықпай-ақ балаларының қасында отырып, жұмыс істейді. Индираның айтуынша, онлайн сауда жасаудың тиімді жолы көп екен. Тегін жеткізіп беру қызметін де іске қосқан. Үйінде отырып-ақ тауарларын еліміздің кез келген өңіріне жіберіп, саудасын қыздыруда. Тіпті, тұрақты тұтынушыларына жеңілдік те жасап тұрады.

Ал, екінші кейіпкер Дәулет Жақыпов  – жас маман. Ол мектепте тарих пәнінің мұғалімі болған. Алайда, бұл жұмысы уақытша еді. Екі қолға бір күрек таба алмағандықтан көп уақыты жұмыс іздеумен кетеді. Қан­шама рет бос орындар жәрмеңкесіне де қатысып көрді. Мекемелерді аралап, түйіндемесін қалдырудан да шаршады. Жұмыс берушілер жұмыс орындарының қыс­қарып жатқанын айтып келте қайырған. Карантин талаптары күшейтіліп үйде отырған кезде  қосымша СММ маманын оқыды. Оның ішінде онлайн сауда жасаудың жолдарын  меңгерді.  Қазір Қытайдан тауар алдырып, қол­жетімді бағада саудалауда.

– Адам бүгінгі күннің тіршілігіне, сұранысына сай бейімделеді екен. Қазір үй­де отырып, кез келген затты алдыруға мүмкіндік бар. Тіпті, тамаққа да тапсырыс бе­руге болады. Мәселен, мен аптасына бір рет фаст-фуд өнімдеріне тапсырыс беремін. Уақытылы жеткізеді. Төлемді онлайн аударамын. Содан маған ой келді. «Неге онлайн сауда жасап көрмеске?» деген. Алдымен онлайн сауда арқылы табыс тауып отырған достарымнан кеңес алдым.  Қытайдан тауарды көтерме бағада алдырып беретін маманмен келісіп қойдым. Алғашында күнделікті тұты­натын тауарларға тапсырыс бердім. Тауар бір айда келді. Көпшілік бағасы арзан болғаннан кейін бір затты бірнеше данадан алды. Салған қаражаттың үстіне таза табысым қалды. Келесі айда тауар санын екі есеге арттырдым. Қазір онлайн сауданың тиімділігін көріп отырмын. Уақыт өте келе тәжірибе жиналып, сауданың тілін де түсіне бастайды екенсің, – дейді ол.

Жалпы, Дәулет секілді онлайн сауда арқылы несібесін теріп жүргендер баршылық.  Тауар бағасы базардағыдан  әлдеқайда төмен. Бұл бір жағынан тұтынушылар үшін де қолайлы.  Елімізде жұрт жаппай онлайн сауда жасап жатпаса да, қызметтің бұл түрі жақсы дамып келеді. Көпшілік арасында онлайн сауда туралы түрлі пікір қалыптасқан. Мәселен, «онлайн дүкендердегі тауарлар арзан», «үйден шықпай қалаған затқа тапсырыс беру», «уақыт үнемдеу», «Қазақ­станнан  табыла бер­мейтін тауарларды шетелден сатып алу»  сынды мүм­кіндіктер – осы қызметтің артық­шылығы.

Студент Самал Ай­дарова – интернет-дүкендерінің қыз­­метін жиі пайдаланып жүрген­дердің бірі. Ол желі арқылы бренд киімдерді алдырады. Онлайн-дүкендерде киім ба­ғасы 10-15 процентке арзан екенін айтты. Тіпті, ол бағаны салыстырып та көрген. Айыр­машылық әжеп­­тәуір. Ал, Айнұр Сәрсенова  күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын онлайн дүкен желісі арқылы тапсырыс береді. Азық-түліктің түрін, келісін таңдап, көрсетілген қаражатты арнайы есепшотқа аударып жібергеннен кейін, жеткізуші үйіне әкеліп береді екен.

– Бұрын базарға такси жалдап, қаншама затты арқалап қайтатын едім. Қазір онлайн саудаға үйрендім. Үйден шықпай азық-түліктен бастап, киім-кешекке дейін тапсырыс бере аламын, – дейді ол.

Осы орайда Ұлттық экономика министрлігі Статис­тика комитеті келтірген мәліметтерге жүгінсек, 2019 жылы ел ішінде жүргізілген электронды коммерция ау­қымы 436 млрд теңгеге жеткен. Демек, онлайн сауда көлемі артып келеді. Онлайн нарықта бөлшек сауданы таңдаған тұты­ну­шылардың талғамы әртүрлі. Мәселен, 2019 жылы ең көп сатылған тауар түрлеріне косметикалық өнім­дер мен дәретхана керек-жарақтарын жатқызуға болады. Одан кейін мобильді телефондар, автокөліктер мен бөлшектеріне де сұра­ныс артқан. Жалпы, COVID-19 электронды коммер­ция на­рығына барынша ық­пал етті. Әлем бойынша дәстүрлі дүкендер жабылып, күн­де­лікті тұрмысқа қажетті тұтыну тауарларына сұраныс артқан сайын, интернет дүкендердің жұмысы жандана түсті.

еMarketer компаниясының сарапшылары келтірген мә­лі­меттерге көңіл бөлсек, жаһан­дық электронды сауда көрсеткіштері  былтыр 3,914 трлн АҚШ долларын құрайды деп топшылаған. Расында, көп­теген елдерде интернет сау­да көрсеткіштерінің деңгейі өс­кені байқалады.

Не десек те, онлайн сауда нарығында жетекші позицияны Қытай еншілейді. Қытайдың бұл тұрғыдағы мүмкіндігін ескере отырып, сарапшылар, e-commerce нарығында Азия және Тынық мұхит аймағы әлем бойынша жалпы ауқымның басым бөлігін иеленеді деген болжам айтады. Әрине, бұл – әлемдегі елдердің көрсеткіші.

Ал, өзімізге келер болсақ, онлайн сауда нарығында тұты­нушылар үлесі Қазақ­станда да арта түскен. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де­рек­терінде, өткен жылы қазақ­стандықтар цифрлық сер­вис­терді белсене қолданып, бірінші жартыжылдықта интернет дүкендеріндегі сауда-саттық көрсеткіштері екі есеге өскені туралы айтылады. Онлайн тұтынушылар тарапынан әсіресе азық-түлікке, балаларға арналған тауарларға, дәрі-дәрмекке деген сұраныс жоғары болған. Отандық e-commerce нарығының өкіл­дері, мем­лекеттік орындар алдағы уақытта бұл нарықтағы логис­тикалық және төлем инфра­құрылымын дамытуға басты мән беруі тиіс деп отыр.

Онлайн сауда желісі аймақта қалай дамып жатыр деген сауалға облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожа­бер­генов өңірлік коммуникация­лар қыз­метінде өткен брифингте жауап берген болатын. Оның айтуынша, пандемия сауда саласының жағдайы мен болашағына көптеген өзге­рістер енгізген. Ішкі және халық­аралық деңгейде сауда секторы шекаралардың жабылуы мен жаппай карантин салдарынан зардап шекті. Дегенмен, карантин шаралары онлайн сауданың күрт дам­уына ықпал етті. Былтырғы жыл қорытындысымен электронды сауда көлемі 1,5 млрд теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 4 есеге өскен.

Онлайн сауданың өзіне тән кемшіліктері де жоқ емес. Таңдаған тауардың уақытында келмеуі, ұнамаған затты кері қайтарудың машақаты сынды мәселелер де кездесіп жатады. Дегенмен, болашақта сауданың бұл түрі жандана беретіні сөзсіз. Тіпті, Ұлттық экономика министрлігінің 2022 жылға қарай 22 мыңға дейін интернет дүкен құру, 83 млн-ға дейін онлайн тапсырыстар санын арттыру, электронды сауда  және онымен байланысты салаларға қосымша 200 мың жұмыс орнын құру жоспарлап отырғаны да белгілі.

Сара Адайбаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<