Пандемия кезінде мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың рөлі

675

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі барынша цифрландыру екені айтылған. Мемлекеттік қызметтер азаматтарға смартфоннан 100 процент қолжетімді болуы үшін атқарылатын жұмыстарды атап көрсеткен еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп ресми түрде жариялағаннан кейін ел Үкіметі бірқатар алдын алу шараларын қабылдады. Санитариялық-дезинфекциялық режимді енгізу туралы бұйрықтар жариялап, Қазақстан қалаларында төтенше жағдай мен карантин енгізді. Бұл індет әлемнің барлық елдеріне әсер етті. Әлемдік және өңірлік экономиканың тұтас салаларының өсуі мен дамуы іс жүзінде тоқтатылды. Іскерлік белсенділік бүкіл әлемде күрт төмендеді. Жаһандық ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) өсуінің қысқаруы, энергетикалық нарықтағы бағаның құлдырауы және валюталардың әлсіреуі экономиканың өсуі мен дамуы үшін жаңа сын-тегеуріндердің қалыптасуына әкелді.

Алдын алу және бақылау шаралары вирустың таралуын едәуір баяулатты. Осы жағдайда Қазақстан аурудың таралуына қарсы күрес және еліміздің экономикасын тұрақтандыру бойынша бірқатар жедел шаралар қабылдады. Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру үшін ҚР Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» және 2020 жылғы 16 наурыздағы «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтары қабылданды. Егер бірінші нормативтік акт әрбір облыс, қала және аудандардан шығу мен кіруді шектеуге, қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейтуге, сауда, ойын-сауық және спорттық іс-шаралардың қызметін тоқтата тұруға бағытталған болса, екінші құжат – қаржы, экономикалық, өнеркәсіптік және әлеуметтік секторларды тұрақтандыру мен қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, бұл құжат мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, барлық қажетті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік берді. Қашықтан қызмет көрсетуге көшу халықтың жайлылығын арттырып қана қоймай, COVID-19 вирусының таралуын азайтуға мүмкіндік берді.

Аурудың таралуын болдырмау үшін 2020 жылдың 16 наурызынан 11 мамырына дейін елде төтенше жағдай мен өзін-өзі оқшаулау режимі енгізілгені белгілі. Оқшаулау кезінде көптеген мемлекеттік қызметтер онлайн режимінде ұсынылды. Бұл қажетсіз байланыстар мен кезектерді болдырмауға мүмкіндік берді. Осы кезеңде мемлекеттік қызметтердің көпшілігі «электрондық үкіметтің» веб-порталы: www.egov.kz. арқылы және «Е-Лицензиялау» МДҚ АЖ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталының негізінде қашықтан көрсетілді. Сондай-ақ, қашықтан қызметтерді мемлекеттік мекемелер, ХҚКО және көптеген ведомстволар көрсетті. Пандемия Қазақстандағы көптеген мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшіп, әрі қарай дамуына түрткі болды. Мәжбүрлі цифрландыруға қатысты жағдай жақсы сабақ болды және онлайн режимде мемлекеттік қызметтерді ұсыну көрсеткіштері жоғарылады.

Көріп отырғанымыздай, мемлекет пандемияға қарсы күрес бойынша бірқатар іс-шараларды уақытылы жүргізді. Мұның бәрі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің өмірдің барлық салаларында жүргізіп жатқан реформаларының дұрыстығын көрсетеді.

Қашықтан электронды түрде көрсетілетін қызметтердің арқасында мемлекеттік қызметтерді алу үшін өз пәтеріңізден шықпай-ақ немесе жұмыстан сұранбай-ақ, өтінішті мемлекеттік қызметті көрсетушілерге жіберуге болады. Мемлекеттік қызметті электронды түрде алу үшін көрсетілетін қызметті алушыға электрондық-цифрлық қолтаңба қажет. Көрсетілетін қызметті алушы ЭЦҚ көмегімен электронды өтінішті, рұқсат беру талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттарды «электрондық үкіметтің» веб-порталы: www.egov.kz. арқылы көрсетілетін қызметті берушіге жібереді.

Өзін-өзі оқшаулау кезінде азаматтар онлайн режимінде қызметтерді қауіпсіз пайдалана алды. Өйткені, артық бюрократиялық анықтамалар қысқартылып, электрондық мемлекеттік қызметтерді алу процесі халыққа барынша қарапайым, ыңғайлы әрі түсінікті етіп жасалған. Ең бастысы – жедел. «Е-Лицензиялау» МДҚ АЖ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер порталы тәулік бойы қолжетімді (тәулік уақытына, мереке және демалыс күндеріне қарамастан кез келген уақытта мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы өтініш беру) және интернет желісі арқылы сіз үшін кез келген ыңғайлы орыннан көрсетілетін қызметті ала аласыз. Сонымен қатар, өтініштің тіркелген мерзімінен, өңдеу жөніндегі жұмыстың әрбір кезеңінен хабардар боласыз.

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасында  барлық мемлекеттік қызмет толығымен электронды форматқа көшірілді. Көрсетілетін 6 түрлі мемлекеттік қызмет «Е-Лицензиялау» МДҚ ақпараттық жүйесімен көрсетіледі. Олар – «Іздестіру қызметіне лицензия беру»; «Жобалау қызметіне лицензия беру»; «Құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беру»; «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сараптама жұмыстарын және инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау»; «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу»; «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің қауіпті техникалық құрылғыларын есепке қою, есептен алу».

Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру «электрондық үкіметтің» веб-порталы: www.egov.kz «Е-Лицензиялау» МДҚ ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Биылға жылдың 11 айында бізге мемлекеттік қызметті алу үшін барлығы 1960 өтініш келіп түсті. Оның 357-сі сарапшылық қызметті аттестаттау бойынша, ал 1603-і лицензиялау қызметіне қатысты. Сарапшылық қызмет бойынша 173 өтініш иесі тестілеуден өтіп, аттестаттарын алса, 184 өтініш иесіне біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, тестілеуге келмеуі және тестілеуден өте алмауына байланысты сарапшының аттестатын беруден бас тартылды. Лицензиялау қызметі бойынша 1088 заңды және жеке тұлға лицензияларын алса, 515 өтініш иесіне біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі және құжаттарды толық ұсынбауына байланысты мемлекеттік лицензия беруден бас тартылды.

Иә, пандемия сандық ортаға жаппай көшуге итермеледі. Мәжбүрлі цифрландырудың арқасында халық арасында цифрлық сауаттылық артты. Бұл тренд сақталады және болашақта билік барлық мемлекеттік қызметтерді цифрлық платформаға көшіруді жоспарлап отыр. Нәтижесінде электрондық форматта ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасы жақсаратыны сөзсіз. Себебі, Қазақстанда мемлекеттік органдардың интеграциясы қарқынды дамып, мемлекеттік серверлердің өнімділігі мен өткізу қабілеті артып келе жатыр. Болашақта жаңа цифрлық сервистердің пайда болуымен қауіпсіздік технологиялары да белсенді дамитын болады.

Сонымен қатар, электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы азаматтардың хабардарлығын арттыру үшін олармен ақпараттық жұмыс жүргізу мақсатында, әрбір мемлекеттік мекеменің ресми сайттарында, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында хабарламалар мен видеороликтер жарияланып отырады.

З.АРЫНОВА,

облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының

лицензиялау және аттестаттау бөлімінің бас маманы