Қар­ғайын десем – жалғызым…

1528

0

1971 жылы жарық көрген «Қыз Жібек», 1993 жылы көрсетілген «Батыр баян» киноларынан соң тарихымызға эпостық жырларымыз кино тіліне көшпей келе жатыр. «Көшпенділерге» көңіл толмады. Оның басты рольдерін бойында ұлт қаны қайнаған қазақ әртістері емес – Марк Дакаскос, Куно Беккер, Джей Эрнандес секілді голливудтықтар ойнап шықты. Мәселенің мәні осында, жанға жақпады.
«Ақжүніс», «Қобыланды батыр», «Алпамыс», «Қамбар батырлар» қайда?


Соңғы жылдары үнді, түрік, корей сериалдарынан көз ашпаған отандық арна­лардың кемшіндігін «Youtu­be» әлеу­меттік желісі ақтап алғандай болды. Қазақ ті­ліндегі телехикаялар то­пыр­лап шыға бастады. «Кө­ке», «Үлкен үй», «Бір ке­лін­шек», «Көрімдік», «Асыл ар­ман», «Жаным», «Құстар әні», «Қыз жолы» секілді теле­фильмдер, сөз жоқ, қазақ ки­но­герлерінің намысты әрі же­місті еңбектерін паш етті.
Өзім «Қыз жолы-2» те­ле­хикаясының 14 серия­сын көріп шықтым. Әр се­рия­сы 45 минут көле­мінде көрсетілетін хикая бастал­ғаннан-ақ көрерменін пси­хо­логиялық иіріміне тарта жөнеледі. Апалы-сіңлілі үш қыздың тағдырын бейне­лей­­тін туынды бүгінгі қо­ғам тамырын дөп басып, өмір­де кездесетін сан алуан қи­ын­дықтарды қалай жеңу ке­рек­тігін көркем тәсілмен баян­дай білген.

Сөзі де, көзі де ыстық өз тіршілігің, өз ба­уырларыңның басындағы оқиғалар жаныңды баурап, жүрегіңді қозғайды. Оларды жақсы көресің бе, жек кө­ресің бе, «енесі тепкен тай­дың бүйірі ауырмайды» де­гендей, өз қазағың әйтеуір. Осындай сезім үстінде шет­ел сериалдарындағы өзің білмейтін бөтен біреулердің ыстық-суығына күйіп жүр­ге­ніңді ойласаң, екі бетіңде ұяттың қаны ұйиды екен.


Ал, «Кебенек» деп ата­латын телехикаяны көріп, баяғы үнді фильмінде жылап отыратын кезіміз еске түсті. Өте шебер жасалған туынды. Кешегі кеңес өкіметі кезінде Ауған жеріндегі соғысқа ба­ратын интернационалист жа­­­уынгер Жасұзақтың бас­тан кешкендері – әр қазақ ба­ла­сына үлгі болатын ер­лік іс. Мұнда саясат та, махаб­бат та, ғадауат та бар. Тек кейіп­керлердің сөзі осы күнгі тіл қолданысымызға кетіп қала береді.

Мәселен, ол кезде қа­зақ мектебіндегі балалар мұғалімді аты мен тегін қо­сып орысша атаған жоқ – «апай», «ағай» деді. Ал, фи­льмде басқаша. Сондай-ақ, 1990 жылы әлі іргеміз кеңес өкіметінен ажырамай тұрғанда «сынып» сөзі тілдік қорымызға енбеп еді, ал, кинода балалар «класс» деп емес, «сынып» деп сөй­лейді. Осындай аздаған кемші­лік­терді елемесек, қазақ кино­герлеріне алғыстан өзге ай­тарымыз жоқ.


Өткен жылы «Астана ТВ» телеарнасы шамамен 50 се­рияға жуықтайтын «Асыл ар­­ман» телехикасын көр­се­­­тілімге шы­ғарды. «Асыл ар­­надан» да отандық кино­­өнім­дерінің біразын кө­ріп үлгер­дік. Дегенмен, мұ­ның бәрі шетел кино­шы­­тыр­­­мандарын ысырып шы­­ға­руға қау­қарсыз. Біздің көк­­­сеуіміз қазақ экра­нында тек қазақ кинолары ғана тоқ­­­таусыз көрсетіліп тұрса дей­міз. Өйт­кені, «кино – өнердің ішіндегі ең ма­ңыздысы» де­мекші, ұрпақ мінезі­нің кино арқылы қалыптасып оты­ра­ты­нын заман дәлелдеді. Қа­зіргі жасөспірім­дердің ша­­шын бояп, сырға тағуға әуес­­тенуі, ал, қыздардың үн­діге ұқсап, түрікке тән мі­незге бой үйретуі киноның идеологиясы емей, не?


Біздің айтпағымыздың бас­ты тақы­рыбы киногерлер неге ауыз әдебиеті кейіп­керлеріне, жалпы, батырлар тақы­рыбына тәуекел ете алмай келеді? Әрине, оның басты себебі қаражат болар. Олай болмаған күнде қазақ кинотуындысын жасаушылар да, керемет әртістер де өз арамыздан табылады.


Елбасымыз «Рухани жаң­ғыру» бағдар­­ламасында не деді, «ұлттық болмы­сы­мызға оралмайынша мәңгілік ел бола алмаймыз» демеді ме? Ал, ұлттық бол­мысымызды тап басып танытатын эпостық жырларымыз бен ауыз әде­бие­тіміз ки­ноға ай­нал­­май-ақ қой­ды («Ал­дар­көсе» есі­ңізге түс­­­се, оның қа­шан жа­сал­­­ғанын да еске алар­сыз).


Осындай өліараны пайдаланған арзан күл­­кі театрлар өнімі­нің наны жү­ріп тұр. Мә­се­лен, қазір «Youtube» арнасын ашып қал­саңыз, алдыңыздан «Зың-зың Күл­паш» шыға келеді. Оған қоса «Күлкі базар» бар. Рас, бүгінгі көрерменнің көбі қысқа әрі мағыналы дүниені ұнатады, бұған сөзден терең астар іздемей-ақ, әйтеуір бетіңізді қимылдатсаңыз кү­леді дегенді де қосамыз. Сол «Күлкі базарды» көр­гендер біледі, «баланы ем­шектен шығару», «көрші сө­зінің орысшасы» жайлы қо­йылымдарын біз талдап жазуға ұялып отырмыз. Ал, олар соны сөзбен, әртістікпен жеткізіп, миллиондаған жұрт­қа таратып отыр.

«Қар­ғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жал­мауызым» дейді қазақ. Хал­қымның осы сөзін киноға қатысты мен де қайталаймын.


Ал, оны осы сараптама сөзімнің қай тұсына апарып қою керек екенін оқырман өзі шешсін…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<