Қазалыдағы қос ауылда ауыз су сервистік желіге қосылды

600

0

Бүгін Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр мен Майдакөл ауылдарында ауыз су сервистік желіге қосылды.


Өткен жылы Жанқожа батыр ауылында құрылыс жұмыстарын бастау үшін бюджеттен 120 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда 16 шақырым ауыз су желісі тартылды. Нәтижесінде елді мекендегі 288 тұрғын үй сервистік желіге қосылды.
Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Ақбұрыш Батимова бұл жұмыстарға қуанышты екендігін жеткізіп, ризашылығын білдірді.


– Адамзат баласы үшін ауыз судың орны әрқашан да бөлек қой. Осыған дейін біз суды ауылдың шетіндегі бұлақтан, Тәуелсіздік алған соң ауыл ішіндегі калонкалардан тасып іштік. Әрине, қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығында су тасып ішу оңай емес. Енді біз бұл қиыншылықтардан құтылатын болдық, – деді ауыл тұрғыны.


Дәл осындай жұмыстар Майдакөл ауылында да жүргізілді. Қазіргі таңда елді мекендегі 204 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Қос ауылдағы құрылыс жұмыстарын Еркін Төребекұлы басқаратын «Алтын айдарлы» ЖШС жүргізді. Ауызбіршілігі мол ұжымның жұмысшылары құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын бітіріп, халыққа пайдалануға беріп отыр. Сол үшін де серіктестіктің директоры Еркін Төребекұлы аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.


Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы барып, ауыл халқымен кездесті. Кездесулерде Жанқожа батыр мен Майдакөл ауылының тұрғындары игілікті істің жүзеге асқаны үшін алғысын айтып, бірқатар мәселелерді аудан басшысының назарына ұсынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз