Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өңірге қарай айтарлықтай өзгереді. Ең жоғары табыс Астана мен Алматыда тіркелсе, кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш елдік орташа деңгейден әлдеқайда төмен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда шенеуніктердің жалақысы бірыңғай емес: оған еңбек өтілі, тәжірибе, білім деңгейі және қызмет санаты сияқты көп фактор әсер етеді. Өңірлер арасындағы айырмашылықты салыстыру үшін ең қолайлы көрсеткіш – орташа айлық номиналды жалақы. Осы көрсеткіш негізінде өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары бойынша деректер талданды.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, мемлекеттік басқару, қорғаныс және міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында ең жоғары жалақы Астана қаласында тіркелген. Мұнда орташа айлық жалақы 618 мың теңге болып, елдік орташа көрсеткіштен (372,2 мың теңге) 66% жоғары болды. Екінші орында Алматы қаласы – 418 мың теңге. Екі мегаполисте республикалық және өңіраралық мемлекеттік органдардың шоғырлануы жоғары табысқа себеп болып отыр. Жоғары жалақы көрсеткен өңірлер қатарына Қызылорда облысы (373,8 мың теңге), Алматы облысы (357,5 мың теңге) және Ақмола облысы (349,4 мың теңге) да енді.
Ал ең төменгі жалақы Жамбыл облысы бойынша тіркелді – 301,9 мың теңге. Бұл елдік орташа деңгейден шамамен 20% төмен. Сондай-ақ төмен көрсеткіштер Шымкент қаласында (317,2 мың теңге), Павлодар облысы (324,8 мың теңге) және Абай облысы (328,8 мың теңге) байқалды.
Астанадағы 618 мың теңгелік жалақы ел бойынша орташа көрсеткішпен салыстырғанда жоғары көрінгенімен, модальды жалақымен салыстырғанда айырмашылық одан да айқын. Былтыр Қазақстанда ең жиі кездесетін жалақы мөлшері 223,2 мың теңге болған, яғни астаналық шенеуніктердің табысынан шамамен үш есе төмен. Орташа номиналды жалақы көбіне ресми салыстырулар үшін қолданылса, модальды көрсеткіш нақты жағдайға жақынырақ саналады.
Кейінгі жылдары мемлекеттік сектордағы номиналды жалақы жыл сайын 8%-дан 26%-ға дейін өсіп отырған. Алайда инфляция салдарынан бұл өсімнің нақты сатып алу қабілетіне әсері шамалы болды. Мәселен, 2025 жылы номиналды жалақы 10,2% артқанымен, нақты жалақы 1,1% төмендеген. Тек 2020 және 2022 жылдары нақты жалақы өсімі байқалған.
Жалақы мөлшеріне қызмет бағыты да айтарлықтай ықпал етеді. Мысалы, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында жұмыс істейтін мамандардың табысы 1 млн теңгеден асып, орташа көрсеткіштен үш есе жуық жоғары болған. Ал халықаралық қызметпен айналысатын шенеуніктердің жалақысы 679,8 мың теңге болды.
«Жалпы сипаттағы мемлекеттік басқару» санатында да айырмашылық үлкен. Республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдар қызметкерлері орта есеппен 764,1 мың теңге алған. Бұл Астананың көш бастауына негізгі себеп. Жергілікті атқарушы органдарда бұл көрсеткіш шамамен екі есе төмен (396 мың теңге), ал ауылдық деңгейде үш есеге дейін азайып, 245,9 мың теңге болды.
Ұлттық статистика бюросы жыл сайын әртүрлі мамандықтар бойынша жалақы деректерін жариялайды. Алайда 2025 жылдан бастап есептен әкімдер, министрлер мен депутаттардың жалақысы алынып тасталған. Сондықтан ең жоғары табыс табатын шенеуніктер бұл тізімге кірмейді.
Қолда бар деректерге сүйенсек, ең жоғары жалақы алатындар қатарында судьялар көш бастап тұр – олардың табысы 1 миллион теңгеден асады. Одан кейін сапаны бақылау инженерлері (835,5 мың теңге) мен ревизиялық комиссия төрағалары (795,6 мың теңге) орналасқан. Сондай-ақ орталық атқарушы органдардың басшылары, департамент пен басқарма жетекшілері, түрлі деңгейдегі сарапшылар да жоғары жалақы алады.
Ал ең төмен жалақы алатындар қатарында техникалық қолдау қызметкерлері (90,4 мың теңге), хатшылар (106,5 мың теңге), жүргізушілер (112,9 мың теңге), аула тазалаушылар (120,7 мың теңге) және компьютер операторлары (124,7 мың теңге) бар. Ресми түрде олар да мемлекеттік секторға жатқызылғанымен, табыс деңгейі айтарлықтай төмен.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып отырғаны туралы жазған едік. Еңбек министрлігінің мәліметінше, мәселе 2027-2028 жылдарға арналған жоспар аясында қарастырылып жатыр. Шешім қабылдар алдында ең төменгі жалақының экономикаға, инфляцияға, жалақы деңгейіне және бюджетке әсері жан-жақты талданатыны айтылған.






