Қоғамда тәртіп үстем болуы тиіс

173

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Елімізде заң мен тәртіпті нығайтуға бағытталған реформалар белсенді түрде жүргізілуде.

Құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында профилактикалық шараларға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес біздің баста­мамызбен «Заң және тәртіп керуені» акциясы ұйым­дас­ты­рылды. Шараның мақсаты – тұрғындар сұрағына жауап беріп, жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешуге құқықтық көмек көрсету.

Мұндай шаралар халықтың би­лікке сенімін арттырып, мәсе­лелерді жедел шешіп, өтініш­тердің созбалаңға салынуын бол­­­дырмай, қағазбастылықты азай­­туға оң ықпалын тигізеді. Акция 135 елді мекен мен аудан орталығында өтіп, оған 20 мың­нан астам адам қатысты.

Заманымыздың қауіпті дерті – есірткі және нашақорлық.

Қылмыскерлер транс­форма­ция­ланып, есірткі мен психотроптық заттарды өткізудің жаңа әдісіне көшті. Интернет есірткі сататын негізгі алаңға айналды. Тек 5 айда осы бағыттағы қылмыс саны 11%-ға (93-тен 101-ге дейін) өсті.

Героиннің орнын синтетикалық есірткі басты. Олардың құрамдас бөліктері еркін сатылымда. Есірт­кінің заңсыз айналымын шек­­тейтін заң нормалары әзір­ленуде. Біздің үйлестіруі­мізбен мари­хуа­наның голлан­диялық түрін өсі­румен айна­лысқан ұйым­дасқан қыл­мыс­тық топ құ­рықталды. Тер­геу бары­сында 3 есірткі алқабы жойылып, 1,5 тоннадан астам есірткі алынды.

Қылмыстық топ­тың 22 белсенді мүшесі қамауға алынды, қыл­мыстық іс сот қарауында.

Өңірімізде тұрмыстық зор­лық-зомбылық санатындағы құқық­бұзушылық көрсеткіші алаң­­датарлық жағдайда. Зомбы­лық – жеке проблема емес, қоғамдық мәселе. Сарап­шы­лардың есе­бінше, әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа ұшы­райды. Жыл басынан бері мұндай қылмыс 17 есе өскен. Дегенмен, бұл қо­ғамдағы нақты жағдайды көр­сетпейді. Себебі жәбір­ле­нушілер полицияға жүгінбейді, тіпті туыстары әйелден үндемеуді сұрайды. Жабулы қазан жабулы күйде қалуда. Отбасындағы ұрыс-керіс, жаға жыртысқан жанжалды жағдай ушыққаннан кейін әлеу­меттік желіден көреміз. Сол себепті зорлық-зомбылықтың ал­дын алу үшін жасалған ме­мо­рандум бойынша жұмыс ат­қарылуда. Оған үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері, ақса­қалдар тартылды.

Лудоманияға қарсы кешенді іс-шаралар қабылданғанына қара­мастан, проблема әлі сақта­лып отыр. Cоңғы 3 жылда қазақ­стандықтар құмар ойынға 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсаған. Лудомания ерлі-зайыптылардың ажырасуының 38%-ына себеп болған. Қазіргі күні 400 мыңға жуық адам казино мен букмекерлік кеңселердің тұрақты клиентіне айналған. Құмар ойындар қыл­мысқа әкелуі мүмкін.

Мысалы, өңіріміздегі орта мектептің бас есепшісі 26 млн теңге жымқырып, букмекерлік кеңсеге бәс тігіп, соны түгел жұмсаған. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жас­тарға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыруымыз қажет.

Кәмелетке толмағандар ара­сында құқықбұзушылықты бол­дырмау және оның алдын алу – бүкіл қоғамның міндеті. Әсіресе, буллинг – өзекті әрі күрделі әлеуметтік мәселе. Оның басым бөлігі білім беру ұйымдарында тіркеледі. Осы орайда про­куратура органдары «Urpaq» жоба­сын қолға алды.

Жоба аясында кәмелетке толмағандар бұл туралы Telegram мессенд­жеріндегі «Urpaq» боты арқылы хабарлай алады. Бүгінгі күні 30-дан астам хабарлама түсіп, олар бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Құқықбұзушылық жасауға бейім балаларды мұғалімдерден артық ешкім білмейді. Өз кезегінде мектеп әкімшілігі бұл туралы полицияға мүлдем мә­лімет жол­дамайды. Себебі әрбір келеңсіз оқиға үшін басшылығы қатаң тәртіптік жауап­тылыққа тартылу тәжіри­бесі қа­лып­тасқан. Мұны тү­бегейлі өзгертіп, керісінше құқық­бұзу­шы­лық туралы мәлі­метті ашық айту тәжірибесін қалып­тастыру қажет.

Баланың жақсы болуы ата-ананың тәрбиесіне байланысты. Дегенмен, қазір ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауаптылығы екін­ші орынға ығысты. Сон­дықтан біз әкімдікпен бірлесіп «Ата-ана міндеті – бала тәрбиесі» акциясын өткіздік. Акция аясында қоғамдағы беделді аза­маттармен білім беру ұйым­дарында 200-ге жуық кездесу ұйымдастырдық, оған 15 мыңға жуық ата-ана қатысты.

Балаларымыздың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Осы орайда кәмелетке толма­ғандардың бойын­да құқықтық сана, сыбайлас жем­қорлық пен лудоманияға қарсы мәдениет, буллингке жол бермеу негіздерін қалыптастыруға бағытталған «Adal bala» цифрлық білім беру порталы әзірленді. Жоба отандық және шетелдік ға­лымдардың зерттеуіне негі­зделді.

Осылайша біз Мемлекет бас­шысының «Адал азамат» идео­логиясы аясында жастардың та­лабын ұштап, құқықтық са­уат­­­­­ты­­лы­ғын арттыруға басым­дық беріп отырмыз.

Нұрболат ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыс прокурорының орынбасары