ШАҒЫН НЕСИЕ: үлес қандай, үміт неде?

1208

0

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, шағын бизнес нарықтық шаруашылықтың бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Бұл халықтың әл-ауқатын арттыру ғана емес, жұмыс көзін құрудың негізі саналады.

Елімізде 1,6 млн-нан аса шағын және орта кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Олардың санының өсуі ұлттық экономика үлесін де арттыруда. Өткен жылы Қазақстанның ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 29,5%-і құрады Онда қызмет ететіндердің саны – 3 миллион 268 мың адам. Яғни, еліміздегі еңбекке қабілетті әрбір үшінші адам табысын осы саладан тауып отыр.

Сондықтан Қазақстан Респуб­ликасындағы шағын бизнесті одан әрі дамыту үшін мемлекеттік қол­дау шаралары жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – «Еңбек» нә­тижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы. 2017-2021 жылдарды қамтитын бағдарлама үш бағыттан тұрады. Бірінші, бағдарламаға қатысушылар техни­калық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етілсе, екінші бағыт жаппай кәсіпкерлікті дамытуға негізделген. Ал үшінші бағытта халықты жұмыспен қамтуға жәр­демдесу арқылы еңбек нарығын дамыту көзделген.

Бағдарламаның жаппай кәсіп­керлікті дамыту деп аталатын екінші бағыты ауылдық елді мекендерде, шағын қалаларда, қала­лар мен моноқалаларда микро­кредиттер мен кепілдіктер беру арқылы кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды жүзеге асырып келеді. Сонымен бірге «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы жаңа бизнес идеяларды іске асыру

үшін мемлекеттік гранттар берілуде. Бағдарламаға қатысушылар міндетті түрде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып шығуы тиіс.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша берілетін несиенің тиімділігі ауыл­дық елді мекен тұрғындарын жігерлендіруде. Сыйақы мөл­шер­­лемесінің төмендігі, жеңілдік кезеңдері, несиені өтеудің икемді кестесі, тиімді кепілдік саясаты, қар­­­­жы­ландыру шарттарының жеңіл­­­дігі ауыл бизнесінде жаңа ша­руа­шы­лықтар құруға және кеңейтуге, өндірістің дамыған дең­­­­гейіне көтерілуге мүмкіндік бе­­реді.

Бағ­дарлама арқасында қазақ­стандықтар жаңа дағдыларды игеріп, жұмыс тауып қана қой­май, өз кәсібін де ашуда. Олар­­дың қатарында Сыр елінің тұр­ғындары да аз емес. Мәселен, Қы­зылорда қаласына қарасты Қызыл­өзек ауылдық округінің тұр­ғыны Бақытжан Әлімбетов осы бағдарламаның игілігін көріп отыр. Ол аталған бағдарлама басталған 2017 жылы 2,5 миллион теңге несие алған. Соның арқасында иелігіндегі мал басын көбейтіп, шаруа қожалығын құрып, оны аяғынан тік тұрғызған. Көпбалалы отбасы үшін бұл негізгі табыс көзіне айналды.

– «Еңбек» бағдарламасына қатысудың пайдалы екеніне көзім жеткен соң, өткен жылы тағы да бақ сынауға бел будым. Нәтижесінде 4 миллион теңге мөлшерінде несие алып, оған 10 бие сатып алдым, – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы аясында шағын несиелеу шарты аса қолайлы. Несие төмен проценттік мөлшерлемемен беріледі. Бағдарлама бойынша сыйақы жылдық 6%-тен аспайды. Несиені 6 жыл мерзімге рә­сім­деген ол қазір алты айда бір рет 380 мың теңге көлемінде қайтарып отырғанын жеткізді. Бұ­дан бөлек, тиісті қарызды өтеу­де 12 айға дейін жеңілдік қарас­тырылған. Айта кету керек, ол екі несиені алардың алдында «Бизнес-мектеп» оқу курсына қатысқан.

– Мен өз тәжірибемде ісін жаңа­дан бастаған кәсіпкерге мем­лекет тарапынан қолдау бола­тынына нақты көз жеткіздім. Дер кезінде жасалған жәрдем еңсемді тіктеп, шаруамды жүргізіп әкетуге септігін тигізді. Бес балам бар, мақсатым – оларды аяғына тұрғызу. Беталысым айқын, ауыл шаруашылығы саласындағы биз­несімді әрі қарай өркендеткім келеді, – дейді кәсіпкер. Белсенді және бастамашыл адам ешқашан жұмыссыз және табыссыз қал­майтынына сенімді. Кәсіпкер «Еңбек» бағдарламасының игілігін басқа да ауылдастары пайдаланып келетінін айтады.

Өткен жылы Қармақшы ауда­нындағы Ақжар ауылының 17 тұр­ғыны осы бағдарламаның игілігін пайдаланыпты. Ауылдық әкімшіліктің кәсіпкерлікті дамыту маманы Азамат Орынбекұлының айтуынша, 9 адам 6%-тін несие алса, 8 адам қайтарымсыз грант­­қа қол жеткізген. Бұл кәсіп­кер­­лердің барлығына несиені мақ­­сатты игерілуіне қадағалау жұ­мыстары жүргізіліп, әрі қарай жұмыс жасауға бағыт-бағдар жа­салған. Жеңілдетілген несие мен қайтарымсыз грант алған ақ­жарлықтар мал басын көбейту, кондитер өнімдерін шығару, құс шаруашылығын құру, тігін цехын ашу бағытында жұмыс жүргізуде.

А.Орынбекұлы биылғы жылы да ауылдың 17 тұрғыны «Еңбек» бағ­дарламасының мүмкіндігін пайда­лануға ниетті екенін жеткізді.

Айта кету керек, Қызыл­орда облысында өткен жылы 40 мыңға жуық адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Олардың жартысына жуығы жұмыссыздар, 6 мыңға жуығы өзін жұмыспен қамтығандар, 7,3 мыңы жұмыс іздеушілер және 1,6 мыңнан астамы кәсіптік-техникалық оқу орындарында оқушылар, студенттер, зейнеткерлер.

Облыстық кәсіпкерлік пала­тасының кеңесшілері 2020 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 1785 кәсіпкерлік субъектісіне 1677 қызмет көрсеткен. Оның ішінде онлайн түрінде – 576, оффлайн түрінде 1209 қызмет көрсетілген. Мұнымен қоса, 4075 тұлғаға кеңес берілген. Нәтижесінде «Бизнес-мектеп» оқу курсын 801 тұлға оқып шықты. Оқуға қатысушылардың 54 жобасы жалпы сомасы 172,4 млн теңгеге қаржыландырылды.

«Бастау» жобасы өткен жылдан бастап онлайн өткізілуде. Жоба аясында облыс бойынша 2150 адамды оқыту жоспарланған болатын. Қорытындысымен 2181 азамат сертификат алды. Жоба аясында оқыған азаматтардың ішінде жалпы сомасы 422,1 млн теңгені құрайтын 746 қызылордалықтың жобасы қаржыландырылды. Оның 411,2 млн теңгені құрайтын 741 жобасы мемлекеттік грант есе­бінен қаржыландырылса, 10,9 млн теңгені құрайтын 5 жоба мем­лекеттік бағдарлама шең­берінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметі бойынша 2021 жылдың 1 қаңтарында аймақта жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5,1%-ке ұлғайып, 48657 бірлікке жетті. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 96 мың адамды, жалпы­өңірлік өнімдегі үлесі 18%-ті құрады. Өндірілген өнім көлемі – 390 млрд теңге. Пандемия жағдайының өзінде кәсіпкерлерді қолдау шараларының қарқыны бәсеңдемегенін атап өту қажет.

Микрокредит беруді ұлғайту үшін «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығына әртүрлі көз­дерден 1,9 млрд теңге тартылған. Инвестициялық орталық 2020 жылы 1,3 млрд теңгеге 251 жобаны несиелендірді. 2020 жылы екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнеске 28,3 млрд теңге, оның ішінде кәсіпкерлік сала­сындағы «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Жеңілдікпен несиелендіру», «Даму-Сырдария» бағдарламалары аясында 473 жобаны іске асыруға 20 млрд теңге берді.

«Еңбек» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында шағын несиелерге 3,3 млрд теңге қаржы қаралып, 2020 жыл ішінде 825 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шамамен 2,8 млрд теңге қайтарымсыз гранттар 4770 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматқа табысталды.

Осы жылы шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауға бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлініп отыр. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке кәсіпкерлікті қолдауға 2638,5 млн теңге бөлінді. Оның ішінде «Даму» қорына 1278,75 млн теңге аударылды. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша облыста құны 4,7 млрд теңгені құрайтын ШОБ субъектілерінің 370 жобасы

субсидияланды. Сондай-ақ, 4,7 млрд теңге жалпы несие сомасына 436 жоба кепілдендірілді, бұл ретте кепілдік сомасы 2,5 млрд теңгені құраған.

Қазіргі уақытта кепілдендіруге бөлінген қаражаттың толық игерілуіне байланысты бюджеттен қосымша қаражат қарастыру қажеттігі туындап отыр. Кәсіпкерлік және туризм басқармасы салалық басқармаға 900 млн теңге, оның ішінде субсидиялауға 300 млн теңге, кепілдендіруге 600 млн теңге мөлшерінде қосымша қара­жат бөлуге бюджеттік өті­німдер жіберді. Ал мемлекеттік гранттар беру жөніндегі конкурс­ты өткізу мамыр-маусым айларына жоспарланған. Жалпы, қарас­тырылған қаражат екінші жартыжылдықта игеріледі.

«Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­ламасы шеңберінде микрокредит беру үшін республикалық бюджеттен 1278,5 млн теңге көзделген. Оның ішінде, ауыл тұр­ғындарына 1 млрд теңге, қала тұрғындарына 278,5 млн теңге қаралған Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 17 адам 59 млн теңге несие алды. Шағын несие беруді көбейту үшін жергілікті бюджеттен «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығына 300 млн теңге бөлінді. Кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыруға ар­налған байқау кеңесі осы сәуір айында өткізілмек. Жалпы, бөлінген қаражат аясында, кем дегенде, 15 жобаны қаржыландыру жоспарлануда.

Қысқасы, қолдау шаралары нәтижесінде өңірімізде жұмыспен қамтылған, кәсіп бастаған тұр­ғындар саны арта түсетіні анық.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<