Табыс көзіне айналған жобалар

1552

0

Бүгінде шағын кәсіптің көзін тапқан қыз-келіншектер мен жастардың қатары артып келеді. Қолынан іс келгеннің асығы алшысынан түсіп,  мемлекеттік қолдаудан қағылып жатқан жоқ. Мықты идеясы бар жастар ойын жүзеге асыруда. Нәтижесінде олардың тың жобалары табыс көзіне айналуда.

Жақында қармақшылық көп­балалы ана Эльмира Нұрмашова кәсіп бастады. Ол тұшпара түйіп, сатуда.  Ынталы кәсіпкер «Бас­тау бизнес» жобасына қатысып, қайтарымсыз грант иеленді. Қара­жатқа қажетті құрал-жабдықтарын сайлап, жұмысын жеңілдетті.

– Негізгі мамандығым – аспаз. Осыған дейін жергілікті дәм­ха­наларда жұмыс істедім. Бала күтіміне байланысты үйде отырғанда тұшпара түйіп, ауыл ішіне сата бастадым. Жолдасым да қолғабыс етті. Дайын тұшпараны тұтынушыға жеткізіп береді. Жыл басында жеке кәсіпкер атанып, үйімнің бір бөлмесін жұмыс орныма айналдырдым. Бастысы, ошағымның басында, балаларымның жанындамын, шаруам да бітіп жатыр,– дейді көпбалалы ана.

Эльмира айына 250 келіден астам тұшпара түйіп, азық-түлік дүкендеріне өткізуде. Келісі 1200 теңгеден. Тұтынушылар тарапынан да алғыс алып жүр. Тұшпара сақтауға арналған екі мұздатқыш алды. Енді қамыр дайындайтын құрылғыны көздеп отыр.

– Бүгінде жалғыз табыс көзіне қарап отыру мүмкін емес. Оның үстіне балалар өсіп, қажеттілігі артуда. Сондықтан кәсіп бас­тауға ниет еттім. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, шаруасын жүргізіп отырған таныс­тарым бар. Мен де сол мүмкіндікті қалт жібермеуге тырыстым. Алдымен кәсіпкерлік негізде білімімді жетілдірдім. Жобам қолдау тапты,– дейді ол.

Жалпы, биыл Қармақшы ауданында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 310 адам ниет еткен. Оның 165-і онлайн режимде білім алған. Жыл басынан бері 74  кәсіпкер шағын несие алып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 270 адам қайтарымсыз грант алды.

Аралдық Дастан Бисенов те көптен бері ойға алған жобасын жүзеге асырды. Ол көліктерге EVA  және 3D жапқыштарын, төсеніштерін тігеді. Өткен жылы тігін машинасын алып, есігінің алдынан шағын цехын ашты. Жыл басында кәсіпкерлік бағытта білімін жетілдіріп, сертификат иемденді. Қайтарымсыз грант алып, заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Қазір 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Дастан жапқыштарға қажетті материалдарды Ақтөбе қаласынан алдырады. Бір аптада 2 көліктің жабдығын тігеді.

– Бұл жобаны былтыр бас­тадым. Алғашында 300 мың қаржы жұмсадым. Арзан бағамен пайдаланылған құрылғыларды сатып алдым. Ісім алға басып, тапсырыс арта түсті. Өзге өңірлерден де сұраныс болды. Шаруамды одан әрі жандандыру үшін бел шешіп, іске кірістім. Әзірге материалдарды өзге қалалардан аламын. Себебі, көлік жапқышқа қатты әрі сапалысы ғана жарайды,– дейді ол.

Кәсіпкердің тапсырысы көп. Күндіз-түні еңбектеніп жүр. Бір айда 8 машинаға жапқыш тігеді. Жас іскер мұнымен шектелмей, алдағы уақытта көлікке арналған басқа да жабдықтар жасауды жоспарлап қойыпты. Оның айтуынша, бастысы сапаға мән берілуі тиіс.  Сонымен қатар ынтасы бар жастарға ісін үйретуге де дайын екенін жеткізді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<