Вилорий Шин бір жасында ата-анасымен Сыр өңіріне депортацияланады. Әке-шешесі ату жазасына кесіліп, олардан ерте айырылды. Жергілікті халық бауырына басып, жетімдіктің дәмін татқызбайды. Кең жүректі қазақтың дарқандығы мен жомарттығы өзге елді жатсынуға мүмкіндік бермеді. Қазір өсіп-өніп, тоқсанның төріне озған ол үлкен әулеттің ақсақалына айналған. Екі ұлынан өрбіген төрт немере, он шөбересі бар.
– Қазақ жеріне қалай келгеніміз есімде жоқ. Ол кезде небәрі бір жастағы сәби едім. Шамамен 1937 жыл болу керек. Қиын-қыстау уақытта қазақ халқы пана болды, ата-анамның жоқтығын сездірмей ыстық құшағына басты. Ата-әжем мен немере ағамның қолында тәрбиелендім. Жас кезімнен спортты жақсы көретінмін. Спорт ұстаз атануыма үлкен септігін тигізді. Қазалы ауданындағы №16 мектептің денешынықтыру, кейін тарих пәнінің мұғалімі болдым. Білім ордасында бірнеше жыл еңбек етіп, он бес жылдай басшылық қызмет жасадым. Негізінде корей болғаныммен, өз тілімді жете білмеймін. Қазақ, орыс тілі дерінде сөйлеймін.
Мен – қазақ елінің патриотымын. Патриотизм деген ұғымды баланың бойына сәби кезінен сіңіру керек. Ол үшін бала кішкентай кезінен өзінің отбасын, ауылын, білім алған оқу ордасын, оны тәрбиелеп-өсірген ата-анасы мен ұстаздарын шын ниетімен, жүрегімен сүюі керек. Сонда ғана адам нағыз патриот бола алады. Жалпы өмір жолымдағы жеткен жетістіктерім үшін қазақ еліне, оның қонақжай халқына басымды иіп өтем. Біз қазақ халқына борыштармыз, – дейді ол.
Иә, қазақ кең пейілі мен құшағына қанша жанды сыйдыра білді. Бүгінде елімізде 100 мыңнан астам корей этносы өмір сүруде. Ал Сыр өңірінде 8 мыңға жуық корейлер тату-тәтті, бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешіп келеді.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдары қиын-қыстау уақытта Қазақстанды паналаған түрлі этнос өкілдері сол бір зобалаңнан аман қалып, бүгінде қанатын кеңге жайды. 1937 жылы 21 тамызда Кремльдің құпия қаулысы бойынша корей этносының өкілдерін Қазақстанға депортациялау басталды. Қиыр Шығыстан 90 эшелонмен 20789 отбасы немесе 98454 корей этносының өкілі қоныс аударды. Олардың қатарында корей халқының батыры Хон Бом До, жазушы, ағартушы Ге Бон У, II дүниежүзілік соғысының батыры Александр Мин, еңбек майталманы Цай Ден Хак және тағы басқалары болды.
Корей халқы әлімсақтан өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен танылған. Кең-байтақ қазақ жерінде талмай тер төгіп, тамырын тереңге бойлатқан, мәуелі бәйтерекке айналды. Қоныс аударушылар қазақ халқына, еліне, жеріне ризашылықпен еңбек етті. Атап айтқанда, олар күріш өсіруде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Шиелі ауданынан 29, тек «Ақмая» ауылынан 16 Еңбек ері шықты, мұндай деректер республика бойынша өте сирек кездеседі. Сонымен қатар, 1937 жылы Қызылордада тұңғыш корей театры ашылып, «Ленин кичи» басылымы жарық көрді. Корей этносы қазақ жерінен өздеріне жайлы орта тауып, өсіп-өнді. Қазір де барлық саланың өркендеуіне үлес қосуда.
Биыл Корейлердің Қиыр Шығыстан қазақ жеріне күштеп қоныс аударылғанына 88 жыл. Ал «Қазақстан корейлер қауымдастығы» облыстық қоғамдық бірлестігі 1989 жылы 28 қазанда құрылды. Қызылордада корейлер ассоциациясының алғашқы төрағасы облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Евгений Хан болды. Оның бастамасымен тіл оқытатын жексенбілік мектептер ашылып, онда корей зиялылары сабақ берді. Ал қазір ассоцияцианы Елена Ан басқаруда.
– Корей этномәдени бірлестігінде ана тілін, дәстүрлі өнерді үйренуге, жас ұрпаққа мәдени құндылықты сіңіруге, өңірдегі этносаралық достық пен келісімді нығайтуға үлкен көңіл бөлінеді. Жыл сайын «Сольналь» мейрамы атап өтіледі. Ассоциация шығармашылықты дамытуға зор мән береді. Бірнеше шығармашылық ұжым жұмыс істейді. «Самульнори» – корейдің соқпалы аспаптарында ойнайтын бірегей ансамбль. «Кым Сори» вокалдық тобында ассоциацияның талантты мүшелері мерекелерде корей әндерін орындайды, – дейді ол.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдыңғы жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Қорқыт ата университеті мен Сеул Ұлттық Ғылым және технология университеті арасындағы келісім бойынша жасанды интеллект институты ашылды. Аймақ басшысы өңірде осы жобаны табысты іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіп, Ғылым және жоғары білім министрлігінен 100 грант бөлініп, алдағы уақытта білім алушылар қос диплом бағдарламасын жүзеге асырмақ. Бұл мамандықтарды игеру арқылы өңіріміздің жастарына IT саласындағы барлық мүмкіндіктерге жол ашылады. Сондай-ақ аймақ басшысы Кореяға іссапарында өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты екіжақты тиімді келіссөздерге қол жеткізді.
Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы, Генерал Хон Бом До атындағы бірлестіктің төрағасы У Вон Шиктің қатысуымен Сыр өңірінде Корей халқының батыры, генерал Хон Бом До мен жазушы, ағартушы Ге Бон Уға құрмет көрсетіліп, мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды.
Қазақ және корей халқы арасындағы туыстық, бауырмалдық қатынастар одан әрі нығайып, нәтижелі жұмыстар жүйелі түрде жалғаса бермек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»