«Томпидан» дәм татыңыз

877

3

Қазалы ауданы Бірлік ауылының тұрғыны Гүлсая Құтжанова жүгеріден попкорн дайындайды. Ол кәсібін 2018 жылы бастады. Бүгінде шаруасы жанданып, өнімін облыс көлемінде саудаға шығарып отыр.

Кәсіпкер алғашында өз қара­жатымен іс бастады. Кейін­нен мемлекет  тарапынан  ұсынылған мүм­кіндіктерді тиімді пайдаланды. Жеңілдетілген  несиені 6 процентпен  алды.  Қаражатына Ресейден үш аппарат әкеп орнатты. Бұл құрылғылардың мүмкіндігі мол. Біріншісі жүгеріні жарады, екіншісі қант пен карамелін араластырса, үшіншісі кептіреді. Биыл кәсіпкер қайтарымсыз 2,5 млн теңге грант иемденді. Енді Ресейден қаптама жасайтын құрылғы алдырмақ.

Қаптамаға салынған попкорн 6 ай сақталады. Құрамына ең пайдалы кокос майы қолданылады. Үлкен өндірістік құрылғыда дайындалғандықтан, жүгері толық жарылып, ішінде түйірі қалмайды. Қант мөлшері 3 грамнан аспайды. Бір қаптаманың салмағы – 50 грамм. Данасы 100 теңгеден.  Ал, қораппен алса 96 теңгеден саудаланады. Бастысы, балалар үшін сенімді өнім.

– Кәсіптің үлкен-кішісі жоқ. Бас­тысы ниет болу керек. Көп іздендім. 2016 жылы азық-түлік дүкенін аштым. Мектептен қайтқан балалар «чипсы», «кириешки» сынды қытырлақтарды алады. Оның денсаулыққа зиянынан бөлек, бағасы да қымбат. Байқағаным, балаларға арналған өнім аз. Тек қытырлақ, құрамында түрлі зиян қоспалары бар шетелдік өнімдер. Содан неге өзіміз жасамасқа деген ой келді.

Есіңізде ме? Бала кезімізде үлкендер даладағы қара қазанға  жүгері салып, бадынақ етіп беретін. Таласып-тармасып жеп алатынбыз. Тәуекелге бел буып, өнім шығаруды бастап кеттім, – дейді ол.

Гүлсаяға жолдасы қолғабыс етеді. Кәсіптері отбасылық бизнес­ке айналған.  Есігінің алдынан цех ашты. 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Айына 30-40 мың дана попкорн  шығарады. Өнімдерді аудан мен қала орталығындағы ірі сауда орындарына өткізеді. Өнімнің сыртқы дизайны да ерекше. Попкорн атауы – «Томпи».  Қазақы үлгіде жасалған.

– Биыл Алматы, Шымкент қала­ларына шығарсақ деген ниет бар. Оған қоса өнімді қаптайтын құрылғы әкелінсе, ірі көлемдегі сұраныстарды да орындайтын боламыз. Қазір қаладағы «Аль-асад» сауда үйінің 5 нүктесінде өнім орналастырылды. Өзге де ірі сау­да орталықтарымен келісім жасаудамыз. Құрылғы заманауи болғандықтан, күніне 10 мың дана попкорн шығаруға болады. Бірақ қаптайтын құрылғы қолбайлау болып тұрған еді. Бұл мәселе де шешімін тапты. Алдағы уақытта ірі көлемдегі тапсырыстарды орындауға толық мүмкіндігіміз бар, – дейді кәсіпкер.

Гүлсаяның айтуынша, еңбек етем дегеннің ешкім қолын қағып жатқан жоқ. Осы істі бастағанда мемлекет тара­пынан барынша қолдау болған. Жобасын құптады,  қаржылай қолдаудың игілігін көрді, алға қойған жоспары көп. Өнім түрін көбейтуді, өзге де өнім шығаруды көздеп отыр. Ең бастысы, отандық өнімдің сауда сөрелерінде қаптап тұрғанын қалайды.

Шынын айту керек, елімізде ірі, шағын және орта кәсіпті дамытып отырғандар жетерлік. Сан кәсіпті игеріп жатқандардың еңбегіне тамсануға болады. Бірақ қашан да қолдау білдіру маңызды. Демеп, аяққа тік тұрғанша бақылауға алынса, өнімдерін өткізуге жүйелі жұ­мыстар ұйымдастырылса құба-құп. Сонда бара-бара өзгеге тәуелділік  жойылар деген үміт қой біздегі.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер:

Пікір жазыңыз