Ұрпаққа ұлы аманат

1223

0

Тәуелсіздік – елдің еркіндігі, баға жетпес байлық. Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап әлемдік қауымдастықтың беделді қатысушысы ретінде тарихтың жаңа беттері басталды. Біздің алдымызда ұлттық идеяны сақтап, тарихи мұра, құндылықтардың қасиетін жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа аманат ету міндеті тұрды. Аталған мақсат-міндеттермен қатар жеріміздегі ұлтаралық келісім, саяси тұрақтылық, ынтымақтастықты сақтай отырып, еліміз біраз қиындықты еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсе білді.

Ғарыш айлағына қазақ азаматы көтеріліп, Ұлттық теңгеміз айналымға шықты. Семей ядролық полигоны жабылып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қосылып, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанып халықаралық беделіміз де көтерілді. Қазақстан белді де ауқымды халықаралық ұйымдарға қатысушы ғана емес, біршама ұйымдардың төрағалығын сәтті атқара білді. Мемлекеттің экономикалық, географиялық, ұлттық, демографиялық қарым-қатынастарының даму көрсеткіштері мен жетістіктері тұрақталып, мемлекет иммиджі қалыптасты. Ауыз толтырып, мақтанышпен айтар көптеген жақсы да жағымды жаңалықтар біздің дәуірге, тура келуі де көңіл қуантады. Осылайша Қазақстан бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің алтын ғасырына көш бастады.

Осы орайда Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев даналығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білді. Елдің өркендеуіне, экономиканың қарқынды дамуына, ел ішіндегі тұрақтылықтың сақталуына, айрықша табыстарға қол жеткізуіне, білім мен ғылымның ілгерілеуіне әсер еткен факторларға ерекше тоқталып кетуді жөн санаймын. Әуелгісі – Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту, ел экономикасын сауықтыру, Астананы құрамы жағынан көпұлтты өңiрге көшiре отырып, тұрақты саяси-этностық мемлекет құру. Екіншісі – біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Себебі біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі, халықтың тілек-қалауымен таңдалуы. Теңдесі жоқ бұл жобаны әлемнің алпауыттары да мойындаған. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Үшіншіден, Елбасы Жарлығымен бастау алған халықаралық «Болашақ» бағдарламасы. Экономика тұралап, халық дағдарыста жүрген шақта қабылданған бұл бағдарлама теріс пікірге ілінбей қоймады. Алайда Елбасының көрегендігін уақыт өзі дәлелдеп берді. Шетелдердің ең озық оқу орындарында білім алған дарынды жастар еліміздің нарығына қажетті мамандар болып қайта оралды.

Отыз жылдық белесте жеткен жетістік те, толағай табыс та жетерлік. Ендігі кезек көзі ашық, көкірегі ояу, білім мен ғылымды игерген, тәуелсіз елдің еркін ұрпағында. Демек, Тәуелсіздік – ұрпаққа ұлы аманат. Осыншама бастамалар мен атқарылған дүниелер еліміздің тұтқасын ұстар жастар үшін. Қоғамның қозғаушы күші жастар игілігіне халықаралық «Болашақ» бағдарламасы жасалды. 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды. Президенттің кадрлық резерві жасақталды, түрлі деңгейдегі Жастар ресурстық орталықтары бой көтерді. Мұның барлығы кейінгі буын қолдаудан кенде емес екенін аңғартады. Оларға іргеміз бүтін, еңсеміз көтеріңкі қалпында Ұлы Дала төсіндегі ынтымақ пен берекені бұзбай келер буынға тапсыру міндеттеледі.

Таяуда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жас ұрпаққа Үндеу жолдап, жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Басты құндылығымыз – егемендікті әрі қарай баянды ету жолында жеті тұғыр бағдаршам іспеттес.

Біз 30 жыл ішінде жеткен жетістіктердің, орындалған мақсаттардың, шешілген проблемалардың маңызын бағалай отырып, болашаққа сеніммен қарай аламыз. 19 миллионға жеткен Қазақстан халқы алдағы күнге арман-мақсаттарын тоғыстырып, тың серпінмен қадам басары анық. Мәңгілік ел болу жолында тарих толқынындағы қиындықтарды естен шығармай, ортақ арман, бірегей идеяны жүзеге асыру үшін жұдырықтай жұмылу – асыл борышымыз.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы да баянды болсын! Елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбеті сәнді, Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен ұлт ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

А.МУСАБАЕВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,

Қызылорда қалалық мәслихат депутаты, Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<