Ырыс алды – ынтымақ

2580

0

Кеңес дәуірінде еңбекшілердің таптық мерекесі болған 1-мамыр тәуелсіз еліміздің тарихында жаңаша сипатқа ие болды. «Қазақстан халқының бірлігі күні» деген мазмұнда жалғасын тауып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.

Конституциямыздың өзі «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл көпұлтты мемлекетіміздің татулық пен бірлікке негізделген ұстанымын танытады.

Қазақ – қашаннан-ақ ықыласы ауған адамға атын түсіп беретін жомарттығы өз алдына,  «құдайы қонақ» дәстүрін ұстанып, қайы­рымдылық қағидатынан атта­маған ел.

Тарихтан білетініміздей, ашаршылық пен саяси қуғындау жылдары қазақ өзінің жүнжіп, жүлгеленіп кеткеніне қарамастан, өзгенің де қайғысына қабырғасы қайыса ортақтаса білді. Сол заманда қазақ даласын паналаған босқын жұрт жомарт елде мәңгілікке тұрақтап қалды, өсті-өнді, ұрпақ жалғастырды.

Осы кезеңде ең алдымен «бірлік болмай – тірлік болмайды» деген халық даналығын ойға алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын көтерді. Бұл туралы 1992 жылы тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтқан. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан хал­қы Ассамблеясын құру туралы Жарлық шығарды.

2007 жылы мамырда Қазақстан Конституциясына бірқатар өзгеріс ен­гізілген тұста Қазақстан халқы Ас­самблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. 2008 жылы 20 қаңтарда «Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы» туралы заң қабыл­данды. Міне, осылайша, елі­міз­дегі 130 ұлттың бір шаңырақ астында, бір шаттық үстінде ерікті өмір сүруіне ерекше мән берілді.

Ассамблея ешбір елде болма­ған ерекше, саяси маңызы зор құ­рылымға айналды. Бүгінде бұл құрылым әр­бір ұлтқа өзінің салт-дәстүрлерін жаң­ғыр­туға, мә­дениеті мен әдебиетін дамы­­ту­ға, тілінің жетілуіне қамқор­лық жасап отыр. Осының бәрі Қазақстанның Тұң­ғыш Прези­ден­ті-Елбасының қоғам­да­ғы аза­маттық ынтымақтастық пен іш­кі саяси тұрақтылықты сақтау стра­­те­гиясын дұрыс таңдап, ұлт­аралық қа­ты­настарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болғанын ашық айтуымыз абзал.

Тәуелсіздіктің орнығуының ең қи­ын жылдарында Қазақстан Рес­­пуб­ли­­касының Тұңғыш Пре­зиденті Н.На­зарбаевтың қайрат­керлігі нәтижесінде Қазақстанда этносаралық татулық пен қоғам­дық келісім тұрақты түрде сақ­­талды. Осындай ұлттың дар­хан мінезі, тұлғаның салиқалы саясаты бар қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікі­ріне халықаралық қо­ғам­дастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Сондықтан еліміз саяси тұрақтылық, қоғам­дағы эт­носаралық және конфессия­аралық татулықты ор­нату жөнінен әлемдік қоғамдастық та­рапынан оң баға иеленді. Қазақстанның қарыштап дамуына да ең алдымен ұлтаралық саясаттағы осы бір тұрақ­тылыққа негізделген қағидаттың ық­па­лы зор болды. Мемлекеттің эко­но­­­микалық өсуі, әлеуметтік ілге­рі­леуі, демократиялық дамуы – қоғам бірлігі ұйысқан және сақ­талған жағдайда ғана жүзеге аса­тыны айқын аксиома.

Шындығына келгенде, елі­міздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне қажет екені де түсінікті. Бұл мәселені ҚХА жиындарының бірінде Н.Назарбаевтың өзі де тілге тиек етті. «Ассамблеяның ең басты міндеті еліміздегі қоғамдық келісім болып саналады. Ал, ұлтаралық татулық мәселесі – Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келі­сімнің алдымен қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстағанымыз абзал. Та­тулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек» деген еді Елбасы.

Ақиқатында солай, 1 Мамыр ме­ре­кесі – ел іргесінің бекемдігі мен халық бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы Қазақ елі тірлігінің берекелі болуына жол ашатын жарқын мереке.

Жыл сайын 1-мамырда Қазақстанда тұрып жатқан 130-дан астам  этнос өкілдері киелі жерде тату-тәтті, бере­ке мен бірлікте, бейбітшілік пен ын­ты­мақта өмір сүріп жатқандығын той­лайды. Жаппай патриоттық шеру­лер өтеді. «Достық» атты шуақты ша­ңы­­раққа шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билейді. Қазақтың домбырасы, украинның бандурасы, өзбектің дутары, ұй­ғырдың ситары, шешеннің шие­дагы, тәжіктің гиджагі – бір ор­манның құс­тарындай қосыла сай­рағанда аспан асты сұлулыққа малынады. Дәстүр мен салт кө­ріністері көз арбап, көңіл-күйді шалқытады. Түрлі спорттық жа­рыстар ұйымдастырылып, делебе қоздырады, бәсекеде достық же­ңеді.

Былтыр мен биыл әлемдік панде­мия­ға байланысты мұндай сән-салта­нат тоқтап тұр. Дегенде, көп халық­тың бірлігі мен тірлігі тоқтаған жоқ, оған біздің берік қалыптасқан ынты­мағымыздың сұ­лу ырғағы себепші, әрине. Елі­міздегі тұрақтылық тұғыры­мызды биіктетіп, бейбіт өмірдің бере­кесі күн сайын арта түсуде.

Жақында ғана елордада «Бір­лік­тің, татулық пен келісімнің 30 жылы» деген атпен өткен ҚХА-ның кезекті сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті-Елбасы Н.Назарбаев: «Мен халықтың бірлігі мен қауіп­сіздігін, тұрақтылық пен ты­ныш­тықты әрдайым бірінші орын­ға қойып келдім. Бірақ кейбір оппозиционерлер осы үшін мені сынайды: неге үнемі тұрақтылық, тыныштық деп айта береді де­генін талай естідім. Сонда не, тұ­рақсыздық жақсы ма? Біз тұрақ­сыздықтың не еке­нін көріп отырмыз. Төңкерістен төң­керіс, со­ғыстан соғыс, мемлекет дамы­май­ды, бәрінен артта қалып қояды. Тұрақтылық, азаматтардың ты­ныш­ты­ғы әрбірімізге байла­нысты», – деп атап өтті.

Жасыратыны жоқ, «біткен іске сыншы көп» дегендей, елдің тұрақ­ты­лығы мен ынтымағына алыпқашты сөз қосатындар да табылады. Дегенмен, менің атымның алдына түспе, өзім озайын деп өзеурейтіндердің сөзі іргесі берік достықтың тінін сөге алмаса керек. Қазақ атамыздың өзі: «Ырыс, қайда барасың, ынтымаққа барамын» деп өсиет қалдырып еді ғой. Ендеше, ынтымақтан артық байлық жоқ. Жа­ратушы иеміз не үшін сан түрлі ұлт жаратты, не үшін әртүрлі тіл жаратты? Барлық адамды орыс не қытай, тіпті қазақ қылып жаратам десе де құдіреті шексіз емес пе?

Әртүрлілік – әлемнің әдемілігі, ал, біздің еліміз әдемілікті жар­қырата ұстап, жарастыра дәріптеп келеді.

Дүйсенбек Аяшұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<