Зейнетақы жүйесінде тағы бір маңызды өзгеріс орын алды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шегінің жаңа мөлшерін жариялады. Жаңартылған есептеу әдістемесіне сәйкес, көрсеткіштер айтарлықтай өсіп, кейбір жас санаттары үшін бұрынғы деңгейден екі есеге артты.
Бұл жаңалық қоғамда әртүрлі пікір туғызуда. Біреулер мұны азаматтардың өз жинақтарын пайдалану мүмкіндігін шектеу деп бағаласа, енді біреулер болашақ зейнетақыны қорғауға бағытталған қажетті қадам деп есептейді.
Жаңа есептеулер бойынша ең төменгі жеткілікті шегі 20 жастағы азамат үшін 6,67 миллион теңгені құрайды. 30 жастағылар үшін бұл көрсеткіш – 9,75, 40 жаста – 13,37, 50 жаста – 17,59, ал 60 жасқа келген азаматтар үшін 22,5 миллион теңге болып белгіленген.
Бұл дегеніміз, азаматтың зейнетақы шотындағы қаражат аталған межеден төмен болса, жинақтың бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалана алмайды. Мәселен, 30 жастағы азаматтың қорындағы жинағы 12 миллион теңге болса, оның 9,75 миллион теңгесі шотта қалуы тиіс. Тек осы сомадан асатын бөлігі ғана пайдалануға қолжетімді болады. Ал егер жинақ көлемі жеткілікті шегінен төмен болса, қаражатты мерзімінен бұрын ала алмайды.
БЖЗҚ мәліметінше, жаңа әдістеме бұрынғы тәсілден түбегейлі ерекшеленеді. Енді жеткілікті шегі болашақ зейнетақы төлемдерінің нысаналы деңгейі негізінде есептеледі. Ол үшін ай сайынғы болашақ төлемдердің келтірілген құн формуласы пайдаланылады. Қарапайым тілмен айтқанда, жүйе азаматтың зейнетке шыққаннан кейін алатын төлемдерінің жеткілікті болуын қамтамасыз етуге бағытталған. Есептеу барысында күтілетін өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық кірістілік, төлемдерді индекстеу және басқа да ұзақ мерзімді қаржылық көрсеткіштер ескеріледі.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа тәсілдің басты ерекшелігі – азаматтардың болашақтағы жарналарына үміт артпауында. Бұрынғы есептеулерде адамның зейнет жасына дейін тұрақты жұмыс істеп, үздіксіз жарна аударатыны болжанатын. Ал жаңа әдістеме қаражат мерзімінен бұрын алынғаннан кейінгі болашақ аударымдарды есепке алмайды. Бұл болашақта жеткіліксіз зейнетақы капиталының қалыптасу тәуекелін азайтуға бағытталған.
Шектің өсу себебі
Халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын келтірілген құн әдісі де осы мақсатқа қызмет етеді. БЖЗҚ мамандары бұл тәсілдің макроэкономикалық болжамдардың өзгеруіне тәуелділікті азайтып, есептеулердің тұрақтылығын арттыратынын айтады.
Сонымен бірге зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдалану тетігі толықтай жойылмайды. Қолданыстағы тәртіп бойынша зейнетақысы жоғалған табыстың кемінде 40 пайызын құрайтын азаматтар өз жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Ал зейнетақы аннуитеті шартын жасаған азаматтар мен мемлекеттік бюджеттен төлем алатын еңбек сіңірген зейнеткерлер үшін қаражатты толық пайдалану мүмкіндігі сақталады.
Жаңа есептеулер нәтижесінде жеткіліктілік шегі салымшылардың жас ерекшелігіне қарай орта есеппен 79 пайызға және одан да жоғары мөлшерде өскен. Ең үлкен өсім зейнет жасына жақындаған азаматтар арасында байқалады.
Мамандардың пікірінше, бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтардың зейнетақы жинағын сақтау және оны инвестициялау арқылы болашақ төлем көлемін арттыру. Өйткені зейнетақы жинағы – тек бүгінгі қажеттілікті шешетін қаржы емес, қартайған шақтағы әлеуметтік қауіпсіздіктің маңызды кепілі. Сондықтан жеткіліктілік шегінің ұлғаюы көптеген азамат үшін қолайсыз шешім болып көрінгенімен, оның негізгі мақсаты – болашақ зейнеткерлердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Бүгін сақталған әрбір теңге ертеңгі лайықты зейнетақының негізі болмақ.
Жаңа тәсілдің мақсаты қандай?
Иә, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мәселесі кейінгі бірнеше жылда қоғамдағы ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Кей адамдар бұл мүмкіндікті тұрғын үй мәселесін шешудің тиімді жолы деп бағаласа, енді бірі оның ұзақ мерзімді салдарына алаңдаушылық білдіреді. Бүгінде мемлекет ең төменгі жеткіліктілік шегін қайта қарау арқылы осы екі мүдденің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға ұмтылып отыр.
Жалпы, ең төменгі жеткіліктілік шегі дегеніміз – азаматтың болашақта ең төменгі деңгейдегі зейнетақыны қамтамасыз ету үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотында қалуы тиіс ең аз сома. Ал осы межеден асатын қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалануға рұқсат беріледі.
Алайда сарапшылар қолданыстағы тәсілдің бірқатар әлсіз тұстары бар екенін айтады. Себебі бүгінгі есептеу әдістемесі азаматтың зейнет жасына дейін үздіксіз жұмыс істеп, тұрақты түрде жарна аударып отыратынын негізге алады. Ал өмірде мұндай тұрақтылық әрдайым сақтала бермейді. Экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, денсаулық жағдайының нашарлауы немесе табыстың азаюы секілді факторлар кез келген адамның қаржылық мүмкіндігіне әсер етуі ықтимал.
Осы себепті ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесін жаңарту қажеттілігі туындады. Жаңа тәсілдің басты мақсаты – азаматтар бүгін жинақтарының бір бөлігін пайдаланған жағдайда да, қартайған шағында лайықты зейнетақы алу мүмкіндігін жоғалтпауын қамтамасыз ету.
Кейінгі үш жыл ішінде ең төменгі жеткіліктілік шегінің қайта қаралмауы да жаңа өзгерістердің қабылдануына себеп болды. Өйткені бұл кезеңде инфляция деңгейі өсті, экономикалық ахуал өзгерді, халықтың өмір сүру ұзақтығы артты. Мұның барлығы зейнетақы жүйесінің тұрақтылығына әсер ететін маңызды факторлар саналады.
Жаңартылған әдістеме актуарлық есептеулерге негізделмек, яғни онда азаматтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыстылық деңгейі және болашақтағы мақсатты зейнетақы төлемдерінің көлемі ескеріледі. Бұл өз кезегінде есептеулердің дәлдігін арттырып, зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сарапшылар не дейді?
«Қаржылық сауат» телеграмм каналында зейнетақы жүйесіндегі үлкен өзгеріске қатысты сарапшылардың пікірлері берілген. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, зейнетақы жинағы ең алдымен адамның қартайған шағына арналған қаржылық қор болуы тиіс.
– Мен зейнетақы жинағын жаппай, қалай болса солай шешіп алуға әу бастан қарсы болғанмын. Ол – адамның еңбекке қабілеті азайып, бұрынғыдай жұмыс істей алмайтын кезеңіне арналған қаражат. Сондықтан жеткіліктілік шегінің көтерілуі қисынды шешім, – дейді сарапшы.
Экономист Айдархан Құсайынов та осы ұстанымды қолдайды. Оның айтуынша, зейнетақы жүйесінің басты мақсаты – азаматтарды қартайған шақта тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан мерзімінен бұрын ақша алуға қойылатын талаптарды күшейту жүйенің тиімділігін арттырады.
Сарапшылардың алаңдаушылығына негіз болған тағы бір жайт – зейнетақы жинақтарын жаппай пайдалану тұрғын үй нарығына елеулі ықпал еткені. Миллиардтаған теңгенің нарыққа бір мезетте құйылуы баспана бағасының күрт өсуіне әсер етті. Соның салдарынан жинағын пайдалана алмаған көптеген азамат үшін тұрғын үй қолжетімсіз болды.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, бұл жағдай инфляциялық қысымды күшейтіп, экономиканың жекелеген секторларында бағаның негізсіз қымбаттауына ықпал етеді. Бұдан бөлек, бүгін жинағын пайдаланып жатқан азаматтар ертең зейнет жасына жеткенде жеткілікті қаражатсыз қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда әлеуметтік жауапкершілік қайтадан мемлекетке жүктеледі. Ал болашақта мұнай кірістерінің азаюы мен экономикалық сын-қатерлер мемлекеттік бюджет мүмкіндіктерін шектеуі ықтимал.
Сондықтан сарапшылар мәселенің түпкі шешімі зейнетақы қорындағы ақшаны ерте пайдалануда емес, халықтың табысын арттыруда деп есептейді. Ресми жұмыспен қамтуды көбейту, жалақы көлемін ұлғайту және еңбек өнімділігін арттыру арқылы ғана азаматтардың зейнетақы жинағын көбейтуге болады.
Тақырыпқа тұздық болсын деп, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Бекболат Шәріпбековтің пікірін де сұраған едік.
– Кейінгі жылдары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Қолданыстағы ең төменгі жеткіліктілік шегі осы бағытта маңызды рөл атқарады. Бұл шек – азаматтың болашақта ең төменгі зейнетақы деңгейін қамтамасыз ету үшін шотында қалуы тиіс ең аз сома. Ал одан асатын қаражатты белгілі бір мақсаттарға пайдалануға рұқсат етіледі. Алайда бұл тәсілдің өз кемшіліктері де жоқ емес. Қазіргі есептеу әдістемесі азаматтың зейнет жасына дейін тұрақты жұмыс істеп, үздіксіз жарна аударып отыратынын негізге алады. Шын мәнінде, өмірде бәрі бірдей жоспар бойынша бола бермейді. Оған жұмыссыздық, табыстың төмендеуі немесе денсаулық жағдайы секілді факторлар кез келген адамның қаржылық мүмкіндігіне әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Жаңа тәсілдің басты мақсаты – азаматтар бүгін жинақтарының бір бөлігін пайдаланған жағдайда да, болашақта лайықты зейнетақы алуына жеткілікті қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету, – дейді ол.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






