Жәрдемақы көңілге медеу бола ма?

1241

0

«Тағдырдың басыма салған сынына шыдаймын. Одан басқа амал бар ма?», – дейді отыз жастағы Салтанат Әбиева есімді келіншек. Отбасында екі мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Бірі 8 жасарұлы болса, екіншісіенесі. Оларға ерекше күтім керек. Сол себепті де негізгі мамандығы бола тұра жұмыс істей алмайды. Баласы мен енесінің күтушісі ретінде алатын айлығы бар. Жуырда Сенат депутаттары қабылдаған Заңнан ешқандай хабары жоғын жеткізді

– Ортаншы балам туғанда сап-сау болатын. Тек бір жарым жасында дәрігерлер оның туабітті сал ауруы екенін анықтады. Бармаған жерім қалмады. Алматы, Нұр-Сұлтан қаласындағы мықты дәрігерлерге көрсеттік. Қазір осы баламмен қоса екінші топ мүгедектігі бар енеме қараймын. Оларға күтуші ретінде азын-аулақ ақша аламын. Бірақ одан зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Алатын жәрдемақым күнделікті тұтынатын азық-түлікке де жетпейді. Сондықтан үйде қосымша құрақ көрпеше тігіп, тапсырыс орындаймын. Кейде баламен ауруханаға түсіп қалғанда кәсібім жүрмей қалады. Балама жөргек, жаялық, ортопедтік аяқ киім, карсет тегін беріледі. Алайда, бұрын жылына бір рет барып бұл заттарды алуға өтініш қалдыратын едік. Қазір үш ай сайын жазамыз. Ол айға үлгермесең, үш ай бойы күтіп жүруіңе тура келеді. Қазір барлығын электронды рәсімдеу арқылы шешеді. Бірақ бұл да бізге тиімсіз. Себебі өтінімді ЭЦҚ арқылы үйден берейін десек, базаға кіру мүмкін емес. Ол үшін таңғы 5-те не түннің бір уағында кіруің керек. Ал мекемеге барып жазайын десең, ауру бала мен үлкен кісіні қалдыратын жерім жоқ, – деп мұңын шақты Салтанат.

Иә, қоғамдағы осындай адамдардың мәселесі аз қозғалып жүрген жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандардың ішінде жұмыссыздық пен қылмыстың екі есеге артқаны туралы ақпараттар да айтылуда. Соның бәрі – әлеуметтік жағдайдың оң шешімін таппағанынан.  Жуырда Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда мақұлдап, қол қойды. Енді заңның қолданысқа енуін күтіп отырғандар көп. Онда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде бірқатар өзгерістер болуы мүмкін.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов журналистерге берген брифингте мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылғанын айтқан еді.

«Қазіргі уақытта I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшімен де қамтамасыз етілмеген. Заңды қабылдау нәтижесінде қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады. Бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшерін саралауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-тен 37%-ке дейін ұлғайтылады. 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға беріледі.

Сондай-ақ, заңда мүгедектік және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығы көзделеді. Бұл асыраушысынан айырылған және мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алимент пен мүгедектігі бойынша жәрдемақы алады. Сондай-ақ, ата-анасының біреуі немесе екеуі (асыраушысы) қайтыс болған жағдайда, бала мүгедектігі бойынша жәрдемақы немесе асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163-тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша қаржы алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін)», – деп түсіндірді Ерлан Әукенов.

Қоғамдағы әрбір жаңалықтан құлағдар болып отыратын бірінші топ мүгедегі, заңгер журналист Зәуре Өксімбаева бүгінде өзіне тағайындалған жеке күтушіден бас тартып, қамқоршылыққа өткен. Себебін былай деп бағамдады:

– Жеке көмекшіге берілетін жәрдемақыны  алу үшін  әлеуметтік портал арқылы күнбе-күн есеп беру керек. Оны үйде таңғы 4-5 шамасында күтіп отырып тапсырмасаң, портал ашылмайды. Ал күндегі есепті басқармаға барып жасау үшін жеке көмекшім күн сайын мені апарып, оған қол қоюым керек. Күннің суығында қайта-қайта барып келуге шамам жоқ. Сондықтан жеке көмекшіге берілетін 89 мың ақшадан қағылып, бала кезден мүгедіктігіме байланысты алатын 48 мың жәрдемақыны қанағат тұтып отырмын. Бірақ инфляция күн сайын сезілуде. Жәрдемақыға қараған біздерге оңай соқпай тұр. Десе де, Сенатта қабылданған Заңдағы өзгерістерден мол үміт күтеміз. Қоғамнан алшақтатпай біздің де құқымызды заңмен шегелеп берсе құба-құп болар еді. 

Жалағаштық Жазира Камалова есімді келіншектің жолдасы да, қызы да ақыл-есінің кемістігіне байланысты бірнеше жылдан бері есепте тұрады. Екеуіне де қарайтын өзі.

– Бес баламның ішінде туғанынан ақыл-есінде ақауы бар қызым мен жолдасымды үнемі бақылауда ұстап, олардың жанынан бір елі кетпеуім керек. Үйдегі табыс көзі – тек осы жәрдемақы. Одан басқа кіріс көзі жоқ. Сенат қабылдаған заңдағы жаңа өзгерістер бойынша енді жеке көмекші ретінде алатын қаржым едәуір көбейеді екен. Мұндай жандарды бағып-қағу оңай жұмыс емес. Біздің еңбегімізді бағалап, жәрдемақымызды арттыруды қолға алып жатқаны үшін алғыс айтамын. Бұл да болса үлкен көмек. Мұнан өзге қосымша көмек беріліп тұрады. Жақында үйімізге тегін «көгілдір отын» кіргізіп берді. От жағудан қолым босады. Бір жұмысым азайғанына қуандым, – дейді көпбалалы ана.

Біздің облыста мұндай жәрдемақыға 1200 адам ілігуі мүмкін. Бұл туралы еңбек саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев: «Заң әлі толық күшіне енген жоқ. Қолданысқа берілген сәттен бастап, жаңа өзгерістер бойынша жұмыс жасайтын боламыз. Соған сәйкес аймақта қанша адам жәрдемақыға ілінетіні туралы белгілі болады. Біздің есебімізше 1200 адам шамасында, алайда бұл да нақты сан емес. Толықтырулар мен өзгерістер  болуы мүмкін», – деді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<