Жол картасы жүйелі жүзеге асырылуда

1360

0

Жалпы халықтың әл-ауқатын  арттыру мен  өңірді дамытуға негізделген  жетекші  партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған Жол картасының әзірленгеніне де біршама уақыт болды. Осы орайда Жол картасының орындалу барысы туралы «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Ләйлә Төрешовамен әңгімелестік.

–Ләйлә Бегалықызы, «Nur Otan» сайлаудан кейін бір ай ішінде өзінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша әр жылға нақты көрсеткіштері бар облыстық Жол картасын әзірледі. Бұл туралы өзіңіз біздің газет тілшілеріне берген сұхбатыңызда егжей-тегжейлі айтып берген едіңіз. Бүгінде осы Жол картаның орындалу барысы қалай жүргізілуде?

– Рақмет, өздеріңізге мәлім, партияның сайлауалды бағдарламасының   басты мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Бүгінгі күні оның жүзеге асырылуы белсенді жүргізілуде және оның алғашқы есебі жартыжылдың қорытындысымен шығарылады. Дегенмен де, алдын-ала барлық бағыттар бойынша көптеген мәселелерді шешуге негіз қаланды деп нық сеніммен айта аламыз.

Жұмыстардың нәтижелі және сапалы орындалуына өңірлік партия филиалы төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Наушақызы мен Жол картаның әрбір іс-шарасының орындалуына жауапты болып бекітілген партияның облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері үлестерін қосуда. Аймақ басшысы жоспарланған шаралардың уақытылы және сапалы орындалуын күнделікті өз бақылауында ұстап отырса, Сондай-ақ, фракция мүшелерімен, барлық басқармалармен жиындар өткізіліп, облыстық Жол картасының республикалық картамен және өңірді дамытудың бағдарламасымен сәйкестігіне мұқият талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, біз Жол картаның іске асырылуы бойынша қандай қиындықтар бар екенін алдын ала анықтап, тиісті жұмыстарды уақытылы жүргізудеміз.

– Қай бағыттағы шараларға бірінші кезекте қаржы бөліп, оларды жүзеге асыруға басымдық беріп отырсыздар?

– Дұрыс айтасыз негізгі басымдық  денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үймен қамту, елді мекендерді газдандыру, ауыз су, жол секілді инфрақұрылымдық жобалар мен бағаны тұрақтандыру шараларына беріліп отыр.  Сайлауалды бағдарламада медициналық көмектің сапасын арттыру, оның ауылдық жерлерде қолжетімді болуын және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету белгіленген. Сонымен бірге, бүгінгідей пандемия кезеңінде бұл жұмыстар кезек күттірмей жедел орындалуы тиісті шаралар екені назарға алынып, дәрілік заттардың резервін қамтамасыз етуге, медициналық ұйымдарды 2 компьютерлік томографиямен және басқа да медициналық құрал жабдықтармен жарақтандыруға қажетті қаражаттар қаралды.Сондай-ақ, ауылдық елді мекендердегі ғимараты ескірген 8 дәрігерлік амбулаторияларға жаңа ғимарат құрылыстарын жүргізу үшін жобалық -сметалық құжаттамалар әзірлеуге қаржы бөлінді.

–Бүгінгі күнге Жол картасында жоспарланып, құрылысы басталған немесе пайдалануға берілген нысандар бар ма?

–Бұл бағытта әзірге білім беру саласы бойынша алғашқы нәтижелер бар. Атап айтсақ, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту үшін, сондай-ақ, өңірде өсіп келе жатқан бүлдіршіндер саны ескеріліп,  бүгінгі күні 1 балабақша іске қосылды және жыл соңына дейін тағы 3 балабақша пайдалануға беріледі.

Білім беру процесінде мектептердің материалдық – техникалық базасының және педагог кадрлардың біліктілігінің алатын орны ерекше. Осыған орай бүгінгі күні 5 мектептің құрылысы басталып, 1 мектепке кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Мектептерді пәндік кабинеттермен 88% жарақтандыруға да қажетті қаражаттар қаралды. Республикалық бюджеттен педагогтер мен оған теңестірілген қызметкерлердің жалақысын ұлғайтуға қаржы жоспарланды.

–Ләйлә Бегалықызы, бағдарламаның жеті бағытының алғашқысыЭкономикалық тұрғыдан тұрақты аймақ». Осы ұғым, критерийлері туралы түсіндіріп беріңізші?

– Экономикалық тұрақты дамуға қол жеткізу – әлемнің барлық елдерінің алдында тұрған өзекті проблемалардың бірі. Мұнда  қоғамның теңгерімді, үйлесімді дамуы, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарға ұтымды көзқарас туралы айтылып отыр. Бұған қол жеткізуге адами даму индексінің, жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің, жұмыспен қамтудың өсуі, сапалы білім алу мен адамдардың денсаулығын сақтау үшін жағдайлардың жақсаруы ықпал ететіні анық. Облыстың әр ауданының Жол карталарында осы мәселелерге басымдық берілген. Яғни, азаматтардың саналы, белсенді қатысуынсыз тұрақты даму мақсаттарына ғана емес, өзге де индикаторларға қол жеткізу мүмкін емес. Қарапайым мысал: барлығымыз орманды экологиялық таза аймақта өмір сүргіміз келеді. 2025 жылға дейін өңірдегі жасыл желектер санын арттыру мақсатында облыс бойынша 501,7 мың ағаш – бұта екпелерін отырғызу көзделген. Бұл жұмыстарға барлығымыз белсенді қатысуымыз қажет. Сонымен қатар қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату үлесін 5 жылда 23,6 %-ға дейін ұлғайту жоспарланды. Қалдықтарды кәдеге жарату проблемасын шешу бағытында қала аумағындағы қоқыс өңдеу полигонының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

–Жол картасында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шағын несиелер беру мәселелері қарастырылған. Осы бағыттағы жұмыстар жасалып жатыр ма?

–Бұл бағыттағы шаралар жұмыссыздық деңгейін төмендетуді және әлеуметтік қолдау шараларын көздейді. Осылайша, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсетуге, кәсіптік және кәсіпкерлік негіздерін оқытуға, микрокредиттер мен гранттар беруге қаржылар қаралды. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне 2172 тұрақты жұмыс орындары құрылды, 598 гранттар және 79 азамат шағын несие берілсе, 617 әлеуметтік жұмыс орындарына, 722 жастар тәжірибесіне, 6561 қоғамдық жұмыстарға жолдамалар берілген.

–Шағын несие демекші, қазір шыны керек, екінің бірі бизнес ашудан үмітті. Осы бағытта Жол картасы аясында қолдау тапқан жобалар бар ма?

Қызылорда қаласында шағын несиелер беру мақсатында 2021 жылға республикалық бюджеттен  278,5 млн. теңге қарастырылды. Қосымша 750 млн. теңге қаржы бөлу туралы ұсыныс берілген. Мұнан бөлек 2021 жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында облыстың аудандарына қарасты кент, ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлерінің 360 жобасына 5 764,4 млн. теңге жеңілдетілген шағын несиелер табысталды. «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 7,3млрд. теңгеге 598 жоба қаржыландырылып, оның ішінде 1,3 млрд. теңгені құрайтын 322 жоба әйелдер үлесінде.

–Тұрғындарды көп толғандыратын өзекті мәселелердің бірі елді мекендердің инфрақұрылымын арттыру жұмыстары. Осы бағытта жақында орындалатын жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

–Жалпы инфрақұрылымдық жобалар бойынша айтар болсақ,  Қазалы қаласы, Жосалы, Жалағаш кенттері және Шиелі ауданының Қодаманов, Бекежанов елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сексеуіл кенті мен Жаңақорған ауданының Бірлік, Қыраш елді мекендерін газдандырудың жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы қаралды. Биылғы жылы Байқоңыр қаласының кәріз желісін қайта жаңарту жұмыстары басталады. Қаланың ауыз су жүйесін қайта жаңарту жобасының сараптамасына қаржы бөлінді. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 13 км қайта жаңартудан және 203 км күрделі және орташа жөндеуден өткізіледі. Ауылдық елді мекендердің 37,5 км көшелері және 5 көпір жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға қажетті қаржылар негізінен қаралған.

–Қазіргі таңда өңірімізде қарқынды дамып жатқан саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Осыған орай өңір тұрғындарының басым көпшілігін құрайтын ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар биыл іске асады?

–Қармақшы ауданында қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы салынуда. Қазіргі уақытта әкімшілік және бақылау-өткізу пунктінің ғимараттарының құрылысы, 6 құс цехының металл конструкциялық жабдығының құрылыс жұмыстары және фабриканың аумағын толық қоршау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, құс сою цехының іргетасы қаланып, инкубациялық цехтың құрылыс жұмыстары 80% орындалды. Бүгінгі күні құс фабрикасының құрал-жабдықтарын сатып алуға жұмыстар жүргізілуде. Ал, Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 5,0 мың тонна ет өндіріп, экспортқа бағыттайтын халықаралық стандартқа сай ет комбинаты салынуда. Жобаның жалпы құны 1006,0 млн. теңге. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Арал ауданында «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 4000 тонна балық өндіру және өңдеу зауытын мамыр айында іске қосу жоспарланып отыр. Өздеріңіз білесіздер бүгінде азаматтарды толғандыратын мәселелердің бірі тұрақты жұмысқа орналасу. Міне осы жобалар іске қосылған уақытта 116 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

– Сұхбатымызды жалпы облыстық Жол картасында қанша іс-шара көзделген және оларды кезең-кезеңімен қаншалықты жүзеге асыру жоспарланып отыр деген сұрақпен қорытсақ?

Облыстық сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың Жол картасында алдағы 5 жылда 611 көрсеткіш және 1776  іс-шараны орындау көзделген. Бұларды жылдарға бөліп айтар болсақ,  2021 жылы сайлауалды бағдарлама  21,7%-ға, 2022 жылы – 20,4%-ға, 2023 жылы – 19,8%-ға, 2024  жылы –  17,4%-ға  және 2025 жылы  20,7 %-ға орындалады деп күтілуде. Жол картасында жоспарланған шаралардың орындалу барысы туралы тұрғындарға ақпараттарды ұсынып отыратын боламыз.

–Ләйлә Бегалықызы, әңгімеңізге рақмет! Атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлардың көп екендігін байқап отырмыз. Халық игілігіне бағытталған әрбір шаралардың ел болып жемісін көрейік.                                              

Әңгімелескен

                                                                                               Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                                                                    «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<