Жолсерік

2316

0

Сан түрлі мамандық бар. Соның ішінде жолсеріктердің қызметіне де тәнті боласың. Вагонның есігіне ене берген сәттен түсетін жеріңе дейін серік болып баратын, мінезің қандай болса да көңіліңді табатын бұл қызметкерлердің еңбегі ерен. Жуырда бас қалаға қарай жолға шығып, вагонға жайғастық. Сонда үлкен-кішіге бірдей ілтипат көрсетіп:  «Жақсылап, жайғасып алыңыздар, бірнәрсе қажет болса, қымсынбай айтыңыздар!» деп, купелерді аралап жүрген жолсерікпен жөн сұрасуға уақыт табылған еді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалының жолсерігі Күләш Игісінованың еңбек өтіліне биыл  – 25 жыл. Тәуелсіздік алған жылдардағы темір жолдың жұмысын, жолаушы халықтың жағдайын, одан бергі кездегі даму үдерісін көзбен көріп, талай тар жол, тайғақ кешуге куә болған жолсерік бала күннен армандаған мамандығынан жалыққан емес.

– Біз жұмыс бастаған жылдары вагондардың сапасы нашар болатын. Оңайлықпен жылымайтын. Көмір де аз беріледі. Қанша жақсақ та, вагонды жылыта алмаймыз. Қазір бар жағдай жасалған. Жолаушылардың басым бөлігі сапаға риза. Іші кең, қыста жылы, жазда үнемі салқындатқыш қосулы тұрады, – дейді кейіпкеріміз.

Күләш Мұратқызынан қызмет барысында өзі куә болған, естен кептес оқиғалар туралы айтып беруін өтіндік. Жолсерік түрлі жағдайларға кезіккен екен. Содан да болар, өзін бекем ұстауға үйренген. Тамақтан улану, бас ауруы, өзге де жағдайларда жедел көмек көрсетуге даяр тұрады.

– Әйел затына жұмыстың жеңілі жоқ. Бір жеті істеп, бір жеті демаламыз. Үйге барғанда әйелдік міндетімізді де, аналық парызымызды да орындаймыз. Ағайын-туысқа уақыт табылады. Әрине, жұмыс болған соң, қуанатын да, қынжылатын да сәт жетерлік. Алайда, мамандыққа деген сүйіспеншіліктің арқасында құлшынысымыз артып, жұмысқа білек сыбана кірісеміз, – дейді Күләш Игісінова.

Кейіпкеріміздің риясыз күлкісі, адамға деген ілтипаты бөлек. Өзі жұмыс істеген уақытта бір кикілжің сәтке жол бермепті. Вагонның тазалығы, қыстың ызғарлы күндерінде ыстық шайдың қайнап тұруы, төсек-жабдықтың уақытылы таратылуына баса мән береді.  Жолаушылардан естігені тек алғыс пен бата. Өз саласында жеткен жетістігі мен бағындыр­ған шыңы да биік. Кәсіби шеберлігі үшін «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ президентінің Құрмет грамотасымен де марапатталған. Бұл  адал еңбектің нәтижесі деп білеміз.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<