Жұмыс көзі қайда демеңіз

1277

0

2020 жылдың көктем айлары тарихта ХХІ ғасырдың ең бір алаңдаушылыққа толы кезең болғандығымен есте қалатын шығар.

COVID-19 вирусы әлем бойынша миллиондаған адамдарды жұмыссыз қалдырды. Мұндай ахуал біздің елімізде де көрініс тапты.


Қазақстан экономикасында бірінші тоқсан қорытын­дысымен жұмыспен қамтыл­ғандар саны 8,8 млн адамды құраса, наурыз-сәуір айларын­дағы карантиндік шаралар нәти­жесінде жұмыссыз қал­ған­дар 4,2 млн адамды шама­лады. ҚР Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында осындай мәліметтер келтірді. Оның айтуынша, бірінші тоқсанда жұ­мыссыздық деңгейі 4,8 про­цент болса, жыл соңына қарай 6,1 процентке жетуі ықтимал.


Жұмыссыздық деңгейін төмендету, кадрлық әлеуетті дамыту, жаңа жұмыс орын­дарын құру мақсатында Үкімет 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасын қа­был­дады. Қазіргі күні осы бағ­дарлама негізінде ел аумағында жоспарланған 6,5 мың жобаның 5 мыңнан астамы бойынша жұмыс басталып, 130 мың жұмыс орны ашылған. Оның 35%-і жастар үлесіне тиеді. Ми­нистр осындай шаралар ар­қасында жұмыссыздық дең­гейін жыл соңына қарай 5,9 процентке дейін түсіру көз­деліп отырғанын айтады. Жаңа бағдарлама ықпалымен 225 мың жұмыс орны ашылып эко­номикалық тиімділік әкеледі деп күтілуде.
Қызылорда облысында «Жұмыс­пен қамтудың Жол картасы» бойынша 276 жоба­ны жүзеге асыру үшін 36957 млн теңге көлемінде ли­мит белгіленген. Жоспар – 9299 жұмыс орнын ашу. Аза­мат­тарды жұмыспен қамту бағы­тында басымдық жастарға бе­ріледі. Соның ішінде 125 жоба (3268 жұмыс орны) әлеуметтік-мәдени нысандарының, 42 жоба (1658 жұмыс орны) тұр­ғын үй-коммуналдық ны­сан­­­дарының (7476,2 млн теңге), 62 жоба (3474 жұмыс орны) инженерлік-көліктік инфра­­­құрылым нысандарының құры­лысы, 47 жоба (899 жұмыс орны) елді мекендерді абат­тан­дыру (2673,7 млн теңге) ба­ғыттары бойынша жүзеге асырылмақ.

Қызылорда қаласында 5 ау­мақтың (Шанхай, Титов, Га­гарин, КБИ, әл-Фараби) жол инфра­құрылымы салы­нады және көпірлер мен елді мекендердегі кіреберіс жолдар жөн­деледі. Әлеу­меттік-мәдени және тұрғын үй-коммуналдық салаларда 24 нысан қайта жаңғыртылып, 41-і күрделі жөндеуден өткізіледі.


Жол картасы аяқталғаннан кейін жаңа нысандардың құрылысы арқылы 452 тұрақты жұмыс орны ашылады. Облыс әкімінің төр­аға­лы­ғымен Жол картасын іске асыруды үйлестіру және мони­торинг­теу жөніндегі құрылған комис­сия жұмыс жасауда.


Бүгінгі күнге 274 жоба бо­йынша мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланып, 229- ның мердігерлері анықталды. Жол картасы тек жұмыспен қамту ғана емес, басқа да мультипликативтік нәтижелерді береді. Жол картасы аясында іске асырылатын жобалар шеңберінде тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге көз­делген қаражаттың жалпы көле­мінің кемінде 90% отандық өндірушілерден сатып алынуы жергілікті кәсіпкерлерге қолдау болады. Қосымша жұмыс орын­дарын ашуға мүмкіндік береді.


Жұмыспен қамту орталықтары жұмыс берушілерді қажетті маман­дармен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, жобаға қабылданған жұмыс­кер­лерге карантин режимінде түсін­дірме жұмыстарын жүргізу, меди­ци­налық тексеру, жұмыскерлерді тасы­малдау мәселелерін қарас­тыратын, рекруттік мобильдік пункттер Қы­зыл­орда қаласы мен Сырдария, Жала­ғаш, Жаңақорған аудандарында ұйымдастырылды.
Карантиндік шектеулер алынып тасталып, көптеген қызмет көрсету салалары жұмысын бастады. Дегенмен, дағдарыс салдарынан тірлігін өрістете алмай жатқан салалар да бар. Ал жұмыссыз қарап отыра алмайсың. Отбасыңды асырауың керек. Сондықтан, екі қолға бір күрек іздеген жандар жергілікті жұмыспен қамту бөлім­деріне хабарласып, жаңа бағдарлама аясында еңбекке араласуға мүмкіндік бар екенін білгені жөн.
Қазір ақпараттың заманы. Олай болса, табыс тауып отырған жұмысынан айырылған адам ашық ваканциялар ресурсын іздеп көруіне болады. Мысалы, электрондық еңбек биржасы Қызылорда облы­сында осы күндері 230 ваканция бойынша 118 хабарландыру беріп отыр екен. Онда жүргізуші, күзетші, балабақша тәрбиешісі, іс жүргізуші, қаржы инспекторы, мұғалімдер мен дәрігерлер, фармацевтер мен провизорлар, хатшылар мен курьерлер, құрылысшы секілді көптеген жұмыс орындары бар. Мұнан өзге, “Яндекс”, Сервис HeadHunter.kz, LinkedIn, “Работа Нұр кз”, Салон.kz, Mega Master, OLX секілді басқа да көптеген сайттарға өз резюмесін жіберуіне болады.
Қысқасы, тірлік ету керек. Ол үшін қарап отырмай жұмыс табудың қаракетін жасай беру қажет. Болмаса, өз кәсібіңді ашуға ұмтылыс жасаған дұрыс. Ал жаңадан кәсіп ашуға кеңес беретін арнайы орындар бар екенін және қаперге алған абзал.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,


«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<