Бүгінгі күн – кешегінің жалғасы

684

0

Ескікөз қарт кісілердің лебізінен ізгіліктің лебі есіп тұрады. Тыңдайтын құлақ болса, көргені мен өмірден түйгендерін жеткізеді. Көршім Петр Горобец майдангер кісі еді. Ұстаздық еткен. (Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын 86 жасында өмірден өтті).

«Соғыстан кейінгі жылдары елде азық-түлік бағаларын біртіндеп арзандату қолға алынды. Сонымен бірге әр аулаға аяқсу келтіру жергілікті басшыларға бірінші кезекте міндеттеліп, тұрғындардың бақша және көкөніс егуіне жағдай жасалды. Бұл тоқшылыққа, тұрмыстық жағдайдың жақсаруына жол ашты» деп отыратын-ды. Үй маңына дақыл егудің пайдалы жағын өзіміз де көрдік. Алтыншы, жетінші сыныптан бастап қауын-қарбыз егуге бейімделдік. Жер құнары кете бастағасын жоңышқа септік. Қол орақ пен шалғы тартуды сонда үйрендік. Ауыр науқасқа ұшырап қалған әкем жөн-жоба көрсетіп жағада отыратын-ды. «Қылтанақ арам шөп қалдырма, дақылдың айналасы жарқырап жатсын. Күн нұрын алады, ауа да жұтады. Кетпеннің жүзі жалтырап тұрсын. Сенің қалай жұмыс істейтініңді құрал-сайманыңның күтімі айтып тұрады» дейтіні есімде. Осы ақылдарының бәрі кейіннен ержетіп, шаруашылық жұмысына араласқанымызда пайдаға асты.

Ойды ой қозғайды, қазіргі айтайын дегенім, екі ай бұрын облыс басшысы қызметіне кіріскен Нұрлыбек Нәлібаев егін егуге ынтасы бар тұрғындарға жағдай жасап,  әр ауылда, аудан орталығы мен қала маңына егін егуге арнайы жер дайындауды тапсырған еді. «Бұл азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайтады» деді облыс әкімі. Аталған жұмыстың нәтижесі – бағаның арзандауына септігін тигізуі тиіс. Осы орайдағы жұмыстар аймағымыздың оңтүстігіндегі – Жаңақорған, Шиелі аудандарында екпінді көрінеді. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Ендігі мәселе – осы өнімдерді ысырапсыз кәдеге жарату. Саудаға шығару, өнімді өңдеу жұмыстарына аудан әкімдерінің жанашырлығы қажет. Әйтпесе, дақыл егу жартыкеш шаруа болып қалады.

Аймақ басшысының аулаға су келтіру, әр адамның өз қажеттілігіне сай еңбек етуіне көңіл бөлуі – құптарлық бастама. Әр бұрышқа тығылып телефон шұқылауға әуес балаларды еңбекке үйретуге жақсы тәсіл. Сондықтан осы шаруаға әр азамат үлес қосқаны абзал.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

ғалым-агроном,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<