«Аңламас» арнасында ағыстаған шуақ

531

0

«Елу жылда – ел жаңа» дегендей, Сырдария ауданындағы Іңкәрдария ауылының елу жылдық торқалы тойы үстінде өткенге көз салып, елмен бірге өзім куә болған оқиғалар ойға оралып отыр.

Қиыншылығы мол малшы ауылдың егін саласындағы тіршілігі кеңес кезінің өзінде аяқсу тапшылығынан кегежеулеп дами алмағаны рас. Тек сусорғылар арқылы егін егудің шығыны шашетектен болды.

1960-1970 жылдары малазығындық егіс жерлерін суландырып тұрған «Аңламас» каналының арнасы «Жаңадария» каналы арнасына жүргізілген жаңғыртудан кейін дария табанынан 1,5-2 метр биікте қалған еді. 1975-1980 жылдары мал азығы егістеріне арналып инженерлік жүйеге келтірілген 624 гектар жер аяқсу мәселесі шешілмегендіктен пайдаланылмады. Ауыл басшылығы да, сол жылдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімін басқарған Алдаберген Құлбаев ағамыз да мәселенің шешімі тек «Аңламас» каналына байланысты болғандықтан, 1990 жылдары оның арнасын қайта қазуды бастатқан. Бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты аяқталмады.

Бұл уақытта елдің күнкөрісі тек егінге ғана тіреліп тұрды. Нарық қыспағы қолда бар малды шаруашылық жүргізу шығындарына жұмсауға мәжбүр етті. Сол жылдары аудан басшылығында болған А.Божанова Іңкәрдарияны тығырықтан алып шығуға қолдан келген әрекетін аямады. 1993-1997 жылдардағы егін шаруашылығына бетбұрыс жасау бастамалары аяқсу тапшылығынан тығырыққа тірелді.

1998-1999 жылдар Іңкәрдария ауылы үшін өте қиын жылдар болды. Ауылдың ертеңіне деген сенім азайды. Жағдайы келгендер ірге көтеріп, көше бастады. Екі-үш жыл ішінде ауылдан 30-дың үстінде отбасы қоныс аударып, бұзып алынған үйлердің орны үңірейіп, көше бойы кемпірдің кетік тісіндей болып қалды. Шаруашылық еңбек ырғағынан жаңылып, жұмыссыздық көбейді, ауыл тұрғындары бірді-екілі жандығын азық-түлікке айырбастап, мал басы да күрт төмендеді. Айлық жалақы мен зейнетақының айлап кешігуі қиыншылықты ушықтыра түсті.   

Елімізде болашағы жоқ елді мекендерді тіршілік көзі бар жерлерге көшіру мәселесі кеңінен талқыланып, пилоттық жобаларға ұсыныстар беріліп жатты. Сол мәселемен айналысатын комиссия қарауында Іңкәрдария ауылы да бар еді.

Осы кезеңде аудан басшысы болып қызметке келген Әріп Хожбанов бұл мәселені бірден басты назарға алды. Ауданның күріш егісімен айналысатын шаруашылықтарына мал шаруашылығына бейімделген  Бесарық, Айдарлы, Амангелді, Іңкәрдария ауылдарын қанатының астына алып, жерлеріне егіс егіп, халқын жұмыспен қамтуды ұсынды. Сол жылдары аудан шаруашылықтарының бірнешеуіне инвестор болып келіп жатқан «Шапағат» ЖШС басшылығына Іңкәрдария ауылын қоса алуды қолқалап, ауыл тағдырына араша түсті. Инженерлік жүйеге келтірілген егістік жерлері жоқ, аяқсуы, жолдары шешілмеген шаруашылықты қосып алуға жаңа инвестордың оңайлықпен көне қоймағаны анық. Біраз жыл шаруашылық басқарған ауыл азаматы Әбдіразақ Байманов екеуміз талай кәсібі бар азаматтардың алдына барып, осы мәселеге келгенде уәж айта алмайтынбыз. Қайтуы қиын шығынға баруға кім тәуекел ете қоятын еді?     

Алайда, аудан әкімі инвесторды елдің қиын жағдайына көмектесуге келістіріп, Іңкәрдария ауылы шаруашылығының «Ақжарма» ЖШС бөлімшесі ретінде жұмыс істеуіне қол жеткізді. 2000 жылдың басында аудан басшысы «Ақжарма» ЖШС директоры Тұрмахан Араповты Іңкәрдария ауылына арнайы ертіп келіп, жаңадан жасақталатын бөлімше басшысы ретінде осы серіктестіктің тәжірибелі маманы, жер-судың жағдайын білетін Жарқынбек Асылбековті таныстырды. Бұл уақытта бұрынғы шаруашылықтан ештеңе де қалмаған, азды-көпті техникасы қарыздарының есебіне беріліп кеткен болатын. 

Шаруашылықтың еңсесін көтеріп алуды мақсат еткен аудан әкімі алғашқы жұмысты елдің жеке егістік жерін дайындап беруден бастауды тапсырды. Көкөніс-бақшалық жерлерін ашып, арық-жаптарын дайындап беруге «Ақжарма» шаруашылығы тарапынан жанар-жағармайымен бірге техникалар бөлінді. Тығырыққа тіреліп отырған ел үшін бұл үлкен көмек болды. «Жаңадария» арнасынан «Ақтам» каналы арқылы келетін азды-көпті суға ел егінін салып, марқайып қалды. Алайда, аяқсудың мардымсыздығы ауыл тұрғындарының егіс көлемін арттырып, табысын молайтуына жетімсіз еді.

Ерте көктемнен тұрғындардың жеке егісінің мәселесін шешкеннен кейін шаруашылық негізгі егіске кірісіп, 300 гектар жерге күріш орналастырды. Жұмыссыз қалған 30 шақты ауыл азаматы жұмысқа тартылды. Алайда, айта беретін судың жетімсіздігі байқалып, сусорғылар орнатуға тура келді. Осындай шығынмен келетін жұмысқа келесі жылы инвестордың баруы неғайбыл екені түсінікті, әрине.

Бұл мәселенің аудан басшысы Әріп Битілеуұлын қатты мазалағаны рас, жаз ортасында мені қабылдауына шақырды. Мен ол кезде округ әкімімін. 

– Қасым, мәселені мұндай күрделі деп ойлаған жоқ едім, бұл қалай болды, аяқсуын шешіп бермесек, келесі жылы инвестордың егін егуге баруы екіталай. Ойлан, ел азаматтарымен ақылдас, су келтірудің қандай жолдары бар? – деді.

Шыны керек, 10-15 жыл техника саласында жұмыс істеген уақытымда мені жаз айларында егістік үшін 14-15 сусорғы орнату мен оның қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қатты шаршататын. Сол уақыттарда осы «Аңламас» каналының арнасын қаздыру ойыма жиі оралатын. Жаз айларында «Жаңадария» арнасына тек санитарлық су берілетін. Ауыл тұрғындарының жеке егістеріне су деңгейін көтеру үшін «Ақтам» тоспасы мен «42-бекет» тоспасы толық жабылатын. Сол кездері «42-бекет» алдына жиналған судың деңгейі «Жаңадария» бойының «Тұрсынбай тамы» аталатын тұсына баратын. Бұл бекет алдынан «Алшынбай» каналы арқылы «Қарақасқа» алқабы суландырылатын. Менің ойым осы арадағы салыстырмалық деңгейден туды.

Әрекеңнің ел ертеңіне деген терең ықыласы мен жанашырлығына риза болып, өзімді мазалап жүрген ойымды бөлісуге тура келді. Бастаған істі орта жолдан қалдыру маған да жат нәрсе еді. Әрекең де: «Шешінген судан тайынбас, тәуекел, елдің де несібесі бар шығар, ұсыныстарыңды қағазға түсіріп дайындаңдар» деді.       

Көзі ашық, тәжірибелі су мамандары сол кездегі шаруашылық басшысы Жарқынбек Асылбеков, Амангелді Кенбаев, Алпысбай Жүгінісовпен ақылдаса келе, ертеректе ел ағалары қолға алған «Аңламас» каналының арнасына зерттеу жүргізілді. Бұл кісілермен бірге ауыл азаматтары Медет Науанбаев, Нұржан Батталов, Ербол Есқалиев – бәріміз «Аңламас» каналының сағасынан «Бодық» қыстауы алқабына дейін канал арнасын жаяу өлшеп өттік. Тәжірибелі маман, шаруашылық агрономы Алпысбай ағайдың жұмыс көлеміне жасаған есептеулерін арнайы қағазға түсіріп, жобамызды Әріп Битілеуұлына тапсырдық.

 Бұл іске Әрекеңнің белсене кіріскенін аудандағы су шаруашылығы мамандарының «мына ұсыныстарың өте қауіпті, дүниенің молшылығы кезінде су әкеле алмай тастаған нәрсені қозғап нелерің бар? бастарыңды бәлеге тігіп жүрсіңдер» деп сақтандырып, қарсылық білдіргенінен байқадым. Пендеміз ғой, өзіміз де «осы қалай болар екен?» деп ойланыңқырап қалғанбыз. Алайда, Әрекең артқа қарауға мұрша бермеді. 

– Қасым, қалаға бар, жер комитетіне хабарласып қойдым. Іңкәрдария ауылы жерінің өлшенген координаттары бар, картаны береді, алып танысыңдар, пайдасы тиер. «Жаңадария» арнасының мамандарымен ақылдас, не дейді екен? – деп жол сілтеді.

Әлі есімде, осы арнаны пайдалану туралы ойымызды мақұлдаған облысқа белгілі су маманы Жорабек Ерназаровқа сол уақыттағы облыстық су шаруашылығының басшысы Әбдіманап Құтжанов ағамыздың: «Жорабек-ау, «Шіркейліге» су жеткізе алмай жүргенімізде, «Аңламасқа» қайдан су тауып береміз?» дегені бар. 2000-жылдары экономикалық жағдайдың әлі де қиын кезі ғой, «Аңламас» арнасының мәселесімен Әрекең талай басшының алдына барып, абырой-беделін алға салып, тер төккенін біреу білсе, біреу білмес. 2001 жылдың табиғатты реттеу бағдарламасының жобасын қараған көшпелі жиында Әрекең маған ұсынысты дәлелдеп шығуды тапсырды. Өйткені жиынға сол кездегі облыс басшысы Серікбай Өрікбайұлының өзі қатысатын болды.

Ұсынысты тыңдаған облыс басшысы сонда: «Әкім жолдастар, ойлансаңдаршы, кеңшілік уақытта істелетін жұмыс қой мыналарың, мектептерде көмір жоқ, әлеуметтік саланың өзіне қаржы тауып бере алмай жатырмыз, құмның ортасынан канал қазып бер дегендерің не?» деп кейістік білдірді.

Дәл осы кезде сөзге Әрекең араласып, елді мекеннің болашағы да, тіршілігі де осы арнаның көзіне тіреліп тұрғанын, егер аудандағы бір жобаға қаражат берілсе, осы «Аңламас» жобасына берілу керектігін білдірді. Облыс басшысы айтты екен деп қарап қалмады. Әрекеңнің сөзі өтініш болса да өткір шықты, облыс басшысы да жұмсарыңқырап, жоба нәтижесі туралы сұрақтар қойып, салалық мекемелерге осыған байланысты ұсыныс берулерін тапсырды. Шыны керек, мұның кеңшілік кезеңнің өзінде тәуекелі қиын мәселе болғаны белгілі, сондықтан жобаның тиісті салалардан қолдау табатынына күмәнданған едім. Қаржы бөлінгенге дейінгі еңбектің бәрін Әрекең өзі атқарды. Жасыратыны жоқ, мәселенің оң шешілуіне аудан әкімінің облыс басшысымен арадағы сыйластығы да шешуші роль атқарған шығар.

Әне-міне, дегенше 2001 жыл егісінің науқаны да жақындады. Егіс науқанына су жеткізу мәселесін шешуді міндетіне алған Әріп Битілеуұлы «Шапағат» ЖШС басшылығынан егіс көлемін өткен жылдағыдан кемітпеуді сұрады. Ақыры «Аңламас» жобасына қаржы бөлініп, жобаны іске асыруға кіріскен Бердібек Мыхановпен қоян-колтық жұмыс істедік.

Қазу жұмыстары  «Аңламас» каналының 7,5 шақырымында орналасқан екі өткізгішті тоспа алдынан канал сағасына қарай жүргізілді. Тоспа алдынан 0,7 метр тереңдікте басталған деңгей канал сағасында 1,7-2 метр тереңдікке дейін қазылуы тиіс болды. Мәселенің күрделілігінен аудан әкімі мені күні-түні мазалап, жиі-жиі  жағдайды сұрап, жұмыс барысына өзі араласып отырды. Ал, мен болсам, онан сайын мазасызданып, Тасбөгет қыстағында тұратын Бердібектің үйіне күнара баратын едім, өйткені егін егіліп жатты. Алғашқыда 2 экскаватормен басталған қазу жұмыстары кейін 4 экскаватормен жүргізілді. Сол бір кездері жанымызды шүберекке түйіп жүрдік десем, артық айтқандық емес. Каналдың сағасындағы соңғы 500 метрдей жер әбден титықтатты, өте қатты болып, экскаваторлардың шөміш тістері істен шыға берді. Бірақ, Мыханов жұмыс басына өзі келіп жүріп, абыроймен аяқтап шығуға күш салды.

Мамыр айының 26-сы күні судың жығылып, екі күнде 24 шақырым жерді кесіп өтіп, «Бодық» қыстауы маңындағы егіске келіп құлағанын көргенімізде айшылық жол адасып жүріп, ел көргендей қуандық. Аңламастың арнасымен су емес, шуақ келіп құйылғандай сезімде болдық. Шаруашылықтың аяқсуға деген қажеттілігі толық шешіліп, канал бойынан іңкәрдариялықтармен қатар Шіркейлі, Қоғалыкөл елді мекендерінің тұрғындары да жеке егісіне су алып, тіршіліктерін түзеді.                                                               

Көктем мен күзде болмаса, жаз айларында арнасында мардымды су болмайтын  «Жаңадария» арнасына 10-15 текше метр судың салынуы да оңай шаруа болмады. «Жаңадария» каналының Сырдариядағы сағасынан «Аңламас» каналының жанындағы 1045 бекет аталатын «Ақтам» тоспасына дейінгі екі орта 100 шақырымдай еді.

«Аңламас» арнасы қазылып, су берілгеннен кейін, Құтжанов ағамызға рахметімізді айтқанымызда, ол кісі «рахметті әкіміңе айт, сол кісінің еңбегі ғой» деп ризашылық білдірді.

Әулиелі, киелі жердің келешегіне деген ықыласы болар, көптеген су мамандары сенімсіздікпен қараған осы жобаны іске асыруы арқылы Әрекең Іңкәрдария ауылының берекесін келтіріп, ырысын молайтты. Облыс орталығында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ауылдан 7-8 көлікпен көкөніс-бақша өнімдері жеткізіліп, қала тұрғындарының табиғи таза өнім тұтынуына тікелей себепші болдық. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін арнайы көруге келген облыс басшысына аудан әкімі «Аңламас» арнасын іске қосу арқасында мол өнімге қол жеткізгенін атап айтты.  Мұны көзімен көрген облыс әкімі ерекше риза болды. Ерте күзден көктемге дейін Қызылорда қаласы тұрғындарына картоп, көкөніс өнімдері үзбей сатылып келді. Осылайша, 2-3 жылдың өзінде елдің еңсесі көтеріліп қалды. Адамдардың көшуі тоқтап, ауыл ертеңіне деген сенім молайды. 

Әрекең ауылға келген сайын әлеуметтік салалардың жұмысына ерекше ықылас қойып, ауылдың аудан, облыс орталығынан шалғайлығы мен қиыншылығын ескеріп, аудан бюджетінің тапшылығына қарамастан, Іңкәрдарияны қаржыдан қағажу қалдырмады. Тозығы жеткен ауызсу желісі жаңаланды және көзі біте бастаған су ұңғымасы тазаланып, мектептің төбесі шатырланды, жылу жүйесі қайта жаңғыртылды.

Әріп Битілеуұлы күнделікті тіршілік арасында уақыт тауып, салынып жатқан құрылыстың сапасына айрықша көңіл бөлетін. «Бетонға ағаштарды қалай бекітті, ертең төбесі ұшатындай болмасын, құрылысшы кетеді, сендер қаласыңдар ғой» деп пысықтап отыратын. Шыны керек, сол әңгімеден кейін сырттай қарап өткенді қойып, құрылыстың төбесіне шығып, материалының сапасы мен қалай істеліп жатқанына көз жеткізетінбіз. Кейін талай мекеме шатырының желге ұшып жатқанын көріп, Әрекеңнің қадағалауы болмағанда бізде масқара болар ма едік деп ойлап қоятынбыз. Сапалы атқарылған жұмыстың нәтижесі болар, Іңкәрдариядағы мектеп үйінің шатыры осы күнге дейін сол қалпында тұр.

Елімізде жүргізілген жекешелендіру бағдарламасына сәйкес, Іңкәрдария ауылында да жеке шаруашылық құру үшін үлесін бөліп алуды талап еткендер болды. Үлестік мәселедегі 5-6 жылға созылған келіспеушілік ел арасына жік түсіруге тірелгенде Әрекең адамдар арасындағы араздастыққа сабырлықпен араласып, кезінде шаруашылықтың пай үлесінің есебіне өтіп кеткен клуб үйін ауыл тұрғындарының пайдалануына қайта алып берді. Міне, осылайша Әрекеңнің жанашырлығы, адалдығы арқасында 1964 жылы қазығы қағылған ауылдың алғашқы құрылыстарының бірі, елдің қызығы мен қуанышының куәсі болған қарашаңырақ 2015 жылы жаңа клуб үйі салынғанға дейін халыққа қызмет етті. 

2000-2004 жылдары «Шапағат» ЖШС 200-250 гектар көлемінде күріш егіп, 2004-2014 жылдары «Шағырай» шаруа қожалығы мен «Қызылорда Агросервис» ЖШС күріш егісінің көлемін 500-550 гектарға дейін жеткізіп, кей жылдары 20 мың центнердің үстінде Сыр салысын қамбаға құйып отырды. 2015 жылдан бастап шаруашылық «Ақжарма и К» серіктестігі қарамағында жұмыс істеуге көшті. «Аңламас» каналы шаруа қожалықтарының дамуына қосымша леп берді, бүгінгі күндері «Байнұр», «Гүлжайна» шаруа қожалықтары табысын еселеп отыр.

Шаруашылықтағы егіс көлемінің артуына байланысты «Жаңадария» каналының арнасында қалыпты су деңгейінің болуы іңкәрдариялықтарға  Қызылқұм ішін тереңдей игеруге мүмкіндік берді. Ауыл тұрғындарының көкөніс-бақшалығына су беретін «Ақтам» каналының жанама арнасы тазаланып, 2012-2013 жылдары осы арнаны Қызылқұм ішіне дейін созуға қомақты қаржы бөлініп, тың жерлерге түрен салынды.

Осы ауылдан шыққан азаматтардың біразы қалада тұрып жатса да көктем шыға Іңкәрдарияны бетке алып, бала-шаға ризық-берекесі үшін егін егуді машыққа айналдырған. Бүгінгі күндері «Ақтам» каналы бойының өзінде 250-300 гектардай бақшалық егіледі. Күзді күндері қала тұрғындары тарапынан Іңкәрдария ауылының бақша өнімдеріне ерекше сұраныс болатынын жұрт жақсы біледі. Іңкәрдария бақша өнімдерінің тұрақты нарықтық ортасы қалыптасқан, күз түсе қауын-қарбыз тиеген алып жүк көліктері шетел асып жатады. Бірнеше жылдан бері ауылдың қауын-қарбызы елордада өтетін облыс жәрмеңкесіне де қатысып келеді.

Қазіргі күні ауыл бейнесі өзгеріп, тұрғындар көне үйлерінің орнына қызыл қыштан өрілген әсем үйлер тұрғызуда. Әр үйге су құбыры кіргізіліп,  есептегіш құралдары қондырылған. Ауыл орталығына «Beeline», «Kcell» байланыс желілерінің тарату қондырғысы орнатылған. 2013 жылы жаңа ауылдық емхана үйі, 2014 жылы әкімшілік үйі пайдалануға берілді. 2015 жылы Іңкәрдария ауылының құрылғанына 50 жылдығына орай 150 орындық мәдениет үйі бой көтеріп, ауылдың бірнеше көшесі асфальтталды. Іңкәрдария ауылының қазіргі жағдайына көрші-көлемі қызыға қарайды.

Мұның бәрі – елдің береке-бірлігінің айғағы. Бүгінде сонау 1997-1999 жылдардың қиыншылығы артта қалды, елдің жылдан-жылға табысы тасып келеді. Алайда, еңбек қадірін білетін ағайын осы ауыл еңсесінің тіктелуіне тікелей себепкер болған Әріп Битілеуұлының басшылық біліктілігін, адами қасиеттерін аузынан тастамайды.

Қасым ШӘУКЕНБАЕВ,

еңбек ардагері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<