Бақ пен бағбан

775

0

Қазір барлық салада бәсеке қызып тұр. Нарықта жеміс-жидекке, оның көшеттеріне және өңделген өнімдеріне сұраныс жоғары. Ауыл мен қала тұрғындары бағбандықпен айналысып, жеміс ағашын баптап, өсіріп, өнімін жинаса, пайдаға шығар еді. Әсіресе, еш кәсібі жоқ, жұмыссыз отырған отбасылар үшін ынта білдіретін шаруа бұл. Себебі қазір тал шыбықтың түйіріне дейін теңге. Бізге бұл жайында Жаңақорғанға барған сапарымызда жергілікті бағбан Амантай Сарбасов егжей-тегжейлі баяндап берді. Аудан орталығы тұсындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында егілген жеміс ағаштары көрген адамға ерекше көңіл-күй сыйлары анық. Мұнда жеміс-жидек көшеттерін өсіру питомнигі орналасқан. Ағаш өсіруді әбден меңгерген Амантай Сарбасов басшылық жасайтын «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС тұқымбақты гүлдендіріп отыр.

– Жыл жылжып, уақыт өткен сайын табиғаты тозып, жері шөлейттеніп бара жатқан Қазақстан жағдайында жерімізді көгалдандыруға, ағаш егуге, орман-тоғай өсіруге ерекше көңіл бөлмесе болмайды. Жасыл желек көбейсе, көп мәселе өзінен өзі шешіледі – жерасты сулары қайта оралады, жердің құнарлы қабаты пайда болады, құм басу тоқтайды, ауа райы өзгереді. Халқымыз осыны түсінуі тиіс, экологиялық мәдениет көтерілуі керек, – дейді Амантай Сарбасов.

Расымен де, ХХІ ғасырда адамзаттың алдында үлкен екі мәселені шешу міндеті тұр. Біріншісі – ауызсуды мейлінше мақсатты пайдалану, екіншісі – экологиялық тазалыққа мән беру. Екіншісін шешуде орманды алқаптарды көбейтіп, тұрғындардың тазалық мәдениетін арттыру керек. Бізде бұған талпыныс жоқ емес. Бірақ көгалдандыру жұмыстарында жас өскінді күтіп-баптаудың маңызына, көшеттердің көктеп кетуіне мән бермей келеміз.

Осынша мәселені ескерген бағбан тұрғындарға көшет өсіру мәдениетін үйреткісі келеді. Ең бастысы, ол сұрағанға ақылын айтудан, білгенін үйретуден жалыққан емес. Тіпті, біз барған сәтте де баққа жер-жерден келіп түнеп, үйреніп жүрген жандарды көріп бір таңырқап қалғанымыз бар. Бағбан жұмысын, жеміс-жидек тұқымбағын осыдан алты жыл бұрын, яғни, 2017 жылы бастаған екен. Содан бері Амантай Сарбасовтың тұқымбағында алма, өрік, алхоры, жүзімнің бірнеше түрі, миндаль, фундук, грек жаңғағы, анар, айва, алмұрт сынды жеміс көшеттері және бамбук, тұт, терек, шырша, тағы да басқа ағаштар өсіп тұр.

Байқағанымыз, мұнда алманың көшеті көп екен. Бұл жемістің осында 12 сорты бар. Амантай ағаның айтуынша, алма ағашына ерекше күтім керек. Ағашты кесіп тұрған жөн. Ал кесілмген алма жабайы түрде шығып кетеді. Қаралып, күтілген, кесілген ағаштан ірі, сапалы өнім алуға болады.

Мұнан бөлек, бақтағы су мәселесі де маңызды. Бұл жерде 12 метр тереңдіктен су шығады, яғни оған дейін су жоқ деген сөз. Бақтың көлемі – негізі 50 гектар жер. Бағбан қазіргі таңда 25 гектар жерді игеріп, пайдаланып отыр. Осынша жерге су жеткізу, ылғалды ұстап қалу аса ұқыптылықты қажет етеді. Осы жерден бұрғылап, су шығарған. Қазір бұл алқапты суландыруға толығымен жетіп, күре жолға қарай егілген талдарға да су барып тұр.

Амантай Сарбасовтың көзқарасында, тұқымбақ ұстау – өте тиянақты тірлікті талап ететін жұмыс. Мысалы, қазір жеміс ағашын дәннен шығаратындар аз. Негізі осы әдіспен өскен ағаш ұзақ жыл жеміс береді. Ал көшеттеп егілген талдың ғұмыры 18-20 жылдан аспайды. Оның үстіне сырттан келіп жатқан көшеттің көбі ауру. Сондықтан да бағбан жеміс ағаштарын қаламша арқылы будандастырып жатқанын тілге тиек етті.

– Біздің өңірге түрлі химикатқа толы жеміс-жидек сырт мемлекеттерден онсыз да ағылып келіп жатыр. Біздің бар мақсатымыз – жұртқа таза өнім жегізу болу керек. Сондықтан да мен осы жердің өзін малдың қиы, тауықтың көңі арқылы өңдеймін.

Базарда тұрған көшеттің көбі –өзбектердікі. Олар желтоқсан айында кіргізіп қояды. Бір көшетті өсіріп, жетілдіріп, сатуға шығару үшін үш жыл керек. Шет елден келген көшеттің көшін тоқтатып, өзіміздікін нарыққа қосу үшін халыққа сапалы өнімнің сырын түсіндіруіміз қажет. Ел сатылымда тұрған нәрсені таңдамай ала береді. Не алу керек екенін де білмейді. Жеміс түрін де таңдай алмайды. Көшеттің тірі екенін білу үшін оның тамырын тырнақпен жырып көрген жөн. Тамыр қарайыңқырап, қоңырқай түс тартып тұрса ол – өлген. Ал ақшыл түсті болса, оны өсіріп шығаруға болады. Бізге көшеттің көптігі емес, көктегені керек, – дейді бағбан.

Еңбек сатылмаса да, бағаланады. Шығын шықпай кіріс болмайтынын да жақсы ұғынамыз. Маңдай тердің құнын тап басып айту мүмкін болмаса да, бақты көркейту үшін қаржы ауадай қажет. Тіпті науқандық жұмысқа адам таппай, Түркістан облысынан жұмысшы алдырғаны да бар. Бел үзіліп, білек талатындай да тірлік аз мұнда. Күніне 5 мың теңге төленетін сол жұмысқа жергілікті жігіттерді шақырып та жұмыс беріп жүр. Оған қоса, тұқымбаққа да электр желісін өзі тартты. Алмабақтың жанынан құдық қаздыруда да бар шығын қалтасынан шықты. Бірақ бақтың бабын тапқан бағбан Амантай Сарбасовтың жеміс көшеттері сортына қарай 600-800 теңгеден сатылымға шығып жатыр. Мұның өзі берекенің бастауы болып, бақтың жұмысына бақ қонады деп сенеміз.

– Жеміс ағаштары мен тропикалық өсімдіктерді өсірудегі мақсаттың бірі қазір ел арасындағы «Сырдың жеріне ештеңе өспейді» деген сөздің негізсіздігін дәлелдеу еді. Облыспен шектес Ақтөбе мен Түркістанға өскен тал-дарақ біздің жерге шықпайды деу адам сенетін әңгіме емес қой. Осы бір қасаң қағиданы бұзып-жарып шыққым келді.

Тұқымбақ жұмысын жолға қоя алатын маманның жоқтығы да – үлкен мәселе. Әсіресе осы жұмысқа икемі бар жастарды тәрбиелеу керек. Мен бұл мәселені әкімдік өкілдерімен кездесуде сан мәрте көтердім. Университеттерде, колледждерде, маман даярлау жайлы ұсыныстар айттым.

Мысалы, мен аргентиналық сорт деп жұрт сырттан тасып жатқан алмұрттың қаламшасын осы тұқымбақта өсірдім. Кентауда өскен грек жаңғағының дәнін Түркістаннан тауып және Шымкентке барғанымда бір түп анар әкеліп, оны да жерсіндірдім. Бой тіктеген 6 жылда біраз жұмыс істеліп, тұқымбағым жеміс бере бастады. Алдағы жоспар одан да көп, – дейді А.Сарбасов.

Иә, сөзінің жаны бар. Сыр өңірі негізінен шөлейтті аймақ екені белгілі. Шыбық тіксең шыға бермейтіні тағы бар. Әрбір тал-терекке ерекше күтім керек. Осындай аймақта бәрімізге таңсық ағаш бамбук өсіп тұрғанын көріп тіптен тәнті болдық. «Болмайды» деген сөзді айтуға болмайтынына тағы бір мәрте көз жетті. Көзін тапсаңыз, Сырдың бойына бамбукті де жайқалтып қоюға болады екен. Енді осы жайына толығырақ тоқталып өтсек.

Амантай Сарбасов алғашқыда бамбук жайында нақты деректер жинақтаған. Жаһандық желіні шарлай отырып көптеген құнды мәліметтерге кезікті. Оны алу жолдарын қарастырды. Таныстары бамбук ағашының көшетін жеткізіп бергенде әуелі қалай болар екен деп ойланып қалғаны рас. Қашанда тәуекел іске білек сыбана кірісетін дағдысымен тағы да мақсатына жетті.

– Алғашқыда өсіп кетуіне күмәнім болды. Оның себебі де жоқ емес. Негізінен ол тропиктік аймақтарда өседі. «Біздің өңірдің климаты, ауа райы, топырағы оған сай келе ме?» деген уайымым болғаны рас. Күмәнім бекер болып шықты. Бамбук күннен күнге бойын тіктеп, жасыл желегін жайқалта түсті. Қазір бойының ұзындығы 3 метрге жетті. Суда көбірек тұруы керек. Ол жағы қамысқа ұқсас. Ұзақ жылдан бері бағбандықпен айналысқандықтан, сан алуан өсімдіктерге тәжірибе жасағанды жаным қалайды, – дейді бағбан.

Сөздің орайы келгенде айта кетейік, бамбук – астық тұқымдасына жататын ағаш сабақты өсімдік. Оның 47 туысы, 200-ден астам түрі бар екен. Австралия, Азия және Америка құрлықтарында кеңінен таралған. Енді бұл өсімдік бізде де бар.

– Оған ерекше күтім жасаған жоқпын. Өзі бірден-ақ бойын тіктеп кетті. Рас, біздің жеріміздің ауа райы қатал, топырағының да құнары төмен. Кейбір дақылдар мен өсімдіктерге арнайы жағдай жасалуы тиіс. «Бабын тапсаң, жер жомарт» дейді ғой халқымыз. Менің бақшалығымда грек жаңғағы да өсіп тұр. Өріктің 4-5 сорты бар, ал гүлдің 12 түрі жайқала өскенде өзіңе ерекше сезім сыйлайды. Таңертең баққа бас сұққанда сондай күйге бөленемін, – деді А.Сарбасов.

Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық бар. Асыл дінімізде де көшеттер мен жеміс ағаштарын егу – сауапты амал. Біздің кейіпкердің егін егудегі басты ұстанымы да – осы.

Айдар Сайлауов,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<