Бес жылдан соң…

494

0

Рас. Бес жылдан соң бұл ауыл мәре-сәре болды. Әуелі аяқсу келген. Көне сарайда жатып тот басқан кетпеннің де далаға шыққаны сол. Әуелі қайраққа түсті, одан сабы қайта жаңарды. Түбі бекісін деп оның басын күнұзақ суға салғандар да бар. Содан соң ауыл маңындағы жерді қарықтаған ағайын көбейді.

Бұлар Алдашбай ахун ауылының азаматтары еді. Түтін саны 200-ге жетпейтін елдің бар тұрмысы – азын-аулақ мал мен бақша егу. Бірақ соңғысынан қол үзгелі біраз жыл болған. Өйткені, су жоқ. Су болмаған соң көк шықпайтыны бесенеден белгілі емес пе? Кезінде тәуір қауынымен аты шыққан жұрттың жер кетпендеуді ұмытқаны рас. Қиындықта қалған ағайынның базынасы биыл көктемде орындалғанын есіттік.

– Біздің ауыл «Қурайлы» каналының аяғында орналасқан. Аяқсудан тапшылық көргенімізге бес жыл уақыт болыпты. Бес жылдан бері кетпен ұстамаған диқандар шынымен дағдарды. Ал биыл аудан әкімінің тапсырмасымен дизельді мотор мен электр тоғымен жұмыс істейтін насос берілген соң ғана тіршілік қайта түлегендей болды. Ауыл тұрғындары «Майлыөзек К» серіктестігінің көмегімен 25 гектар жерге бақша өнімдерінің тұқымын тастады. Оның ішінде 7 гектары картоп. Ауылдағы Серік Бейісов есімді азаматымыз 3 гектар жерге арнайы жабынды (подпленка) арқылы қарбыз да екті, – дейді Алдашбай ахун ауылдық округінің әкімі Нұрбол Тоғызбаев.

Айтпақшы, Астана қаласында өткен облыстың ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінде Сыр өнімінің саудасы жоғары деңгейде болғаны белгілі. Күріш пен балық, қауын-қарбыз бен көкөністі қаптап алушылар көп болды. Тіпті, жыл базарының бірінші күні-ақ Сырдың ақ күріші түгесілді.

Міне, осы жәрмеңкеде алдашбайлық жігіттердің қауын-қарбызына сұраныс жоғары болғанын айтқанымыз жөн. Ауыл әкімі айтқандай, Серік Бейісов өзі еккен қарбыздан 25 тонна апарса, «Майлыөзек К» ЖШС төрағасы Мақсат Байтұрсынов бастаған азаматтар 10 тонна өнімін жеткізген. Осылайша аудан не облыс орталығында болатын жәрмеңкеде емес, сонау Сарыарқа төрінде Алдашбай ахун ауылының диқандары еккен жер дәмінің өнімі алғаш рет сатылыпты.

– Басында сенбестік болды жұртта. «Қой, өнбес тірлік мынауың» деп қолын бір сілтегендер жетерлік. Несін айтамыз, көктемгі тырбаң күзде нәтижесін берді ғой. Берген емей немене, ауыл диқандарының маңдай тері сонау Астанамызда ақталғанын көрдік. Әрі біз апарған қауын-қарбыз, асқабаққа келушілер өте көп болды. Көп жылдан бері кетпен ұстамаған алдашбайлық жігіттердің еңбегі солай жанды, – дейді «Майлыөзек К» ЖШС төрағасы Мақсат Байтұрсынов.

Бұдан бөлек, шаруашылық «Майлыөзек-Қуаңдария» №1 учаскесіне қойылған механикалық насос арқылы 310 гектар жерге жоңышқа сепкен. Оның нәтижесі жаман емес. Ал ауыл диқандары бүгінге дейін жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағамен қауын-қарбыз, картоп және асқабақпен қамтамасыз етіп жүр. 

Сондай-ақ биыл ауылда жаз бойы электрлі насос арқылы аяқсу беріліп тұрған. Соның арқасында тұрғындар ауласына бақша мен көкөніс егіпті.

Қуанышты жаңалық, жақын күндері жергілікті билік тарапынан тағы бір дизельді мотор берілмекші. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл үлкен көмек әрі алдағы жылы бақша егу көлемі мұнан да артпақ.

Қазір ауылдық жерде бақша егетіндер аз. Тіпті кейбір елде жоқ десек те болады. Бәлкім, оның бір себебі судың аздығы шығар. Бірақ су аз деген сылтауды кейінге ысырып, белуардан бейнет кешіп жүргендер жоқ емес. «Барымен базар» етіп, бақшасын гүлдендіріп жүргендер біздің Сыр бойында жетерлік. Содан болар, жер емген диқанға құрмет өзгермек емес.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<