Босбелбеу қайдан шығады?

597

1

Даудың басы былай басталған. Ауылда едім ғой. Туыс әрі ең жақын ағаммен әңгімелесіп отырмыз.

– Қанша?

– Былтыр үш мың еді, биыл бес мың бермесең бақпайды.

– Сонда әр айда бір келетін қой кезекке ақша беріп баққызасыңдар ма?

– Енді қайтпекпіз? Мен сыртта жұмыста, жеңшең де мектепте.

– Анау соқталдай екеуі ше? – дедім арасы бір-екі жас қос ұлын көзбен көрсетіп.

– Ойбай, ен далада бірдеңеге ұшырап қалар. Жеңгең де уайымшыл. Ит-құс әурелеп…

Шырт еттім сөзіне. Бірі жеті, бірі бесіншіні бітірген екі баласын сонша өбектегені қай сасқаны бұның?!

– Ей, екеуің кел бері, – дедім түсімді суытып. Үлкен ұл ыржаңдай келіп қасыма сылқ етіп отыра қалды. Кішісі қаймыға қарайды. Жақындамай жүр.

– Неге айына бір келетін қой кезекті өздерің бақпайсыңдар? – дедім даусымды жұмсартып.

– Бағар едік, аға. Бірақ… Көзінің астымен әкесіне қарады.

– Иә, неге?

– Мамам баққызбайды.

Күліп жібердім. Бар бәле жеңгемде екен. Шешесі баланы жау алатындай қапылтса, нәті жуас ағам одан қалай ассын?! Қой кезектің қызығын көрмеген екі туыс ініме не дерімді білмей отырып қалдым. Әкесі орнынан тұрып, қалта телефонын іздей бастады.

– Қой, мен әлгінде айтқан ауылдағы екі-үш жігіт бар еді. Соларға хабарласайын. Ақшасына кім бақпайды?! Ағам осылай дей берген. Үлкен ұл сөйледі.

– Папа, өзіміз-ақ бағамыз. Мына тұрған Шал көпір пен Қара арыққа жаяды екен. Кластағы ұлдар да қой бағып жүр ғой.

– Айырылып қалмайсың ба? Әкесінің сенімсіз сөзіне ұлының да қарсы жауабы дайын екен.

– Жоға. Қойды қалай бағатынын кластағы достарымнан сұрап алғанмын. Қызық деп айтты. Қармақ ала барсаң, тіпті…

Ұлдың сөзіне ағам да риза болып қалды.

– Ойбай-ау, бұларды әлі бала көріп жүрсем…

Сол күні кешке екі ұл бар ынтасымен қой кезекке дайындалды. Ішер суын құйып, жұмыртқа мен картошканы қазанға астырып алды. Оны да қой кезекке шығып үлгерген достарынан естіген. Күнқағар кепкісін, жеңі ұзын жейдесін де кию керек екенін бір-біріне ескертті. Аяғына былтырғы спорттық аяқкиімін де ұмытпады.

Айтпақшы, жеңгем біраз тулаған. Құдай біледі, мені іштей қарғап үлгерген шығар. Бірақ, алғанынан қайтпайтын қайнысының мінезін жас күнінен жаттап өскендікі, ештеңе айтпайды. Есесіне түн баласы ағамның миын жегені анық.

Таңертең қос ұл екі жүзге жетпес ұсақ жандықты айдап бара жатты. Жып-жылы көрініс еді. Ал кешке ше?!

Бүкіл қойды түп-түгел алға салған қос ініме қой күтіп алушылар алғыс жаудырыпты. Өздерін үлкен кісіше сезінгені көрініп тұр. Кіші ұл тіпті бар шаруаны өзі бітіргендей әке-шешесіне мақтанышын төкті-ау. Тек ағамның маған айтпай, жеңгейдің тапсырмасымен екеуін сыртынан шолып қайтқаны болмаса, бәрі дұрыс еді.

– Өй, көкем сол, – дедім екеуінің арқасын қағып. – Сендер азамат болды дегенді қарасаңшы. Айтпақшы, туыстардың үйінде болатын тойларда қолға су құйып үйреніп жүрсіңдер ме?

– Әлдеқашан ғой аға, үйренгеніміз. Кіші ұл тағы мақтанышпен жауап берді.

– Міне, жігітсің. Ендігі келгенде қой союды үйретемін…

Біздің бірауық әңгімемізге әке-шешесі риза кейіппен қарайды. Әсіресе, жеңгемде кешегі қарқын жоқ. Мәз-мейрам.

– Қайным, тағы бір шай дайындап жіберейінші.

– Мейлі, бірақ, сендерден өтініш, баланы бұлай үйде ұстамай-ақ қойсаңдаршы. Бос, қолынан дым келмес болады ғой.

Екеуі де үндемеді. Екеуінің де келіскені көздерінен көрінген.

P.S. Соңғы жылдары жиі байқаймын. Ауыл арасында да бір-біріне қолғабыс беру, бала жұмсау азайған. Есесіне тым еркелету көп.

Сенсеңіз, мектепке барар ұл мен қыз қалтасына екі жүз теңге салмасаң, асаудай тулайды. Сондағысы асханадан тәтті-мәтті не сағыз алу.

Ағайын арасына сіңдіріп, шежіре мен тарих ұғындырып, балаға ауылындағы жер-су атын жасынан жаттатса деген тілек қой біздікі. Тай жеген бөрідей талтаңдатқанда табарымыз жоқ.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<