Комбайнер

632

0

Қырықтың бесеуін еңсерген бұл жігіт ағасы туған ауылынан табан аудармаған. Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылында тұратын оның темірдің тілін тауып, техника тізгіндегелі де

20 жылдан асыпты.  Бүгінде «Шаған Жер» серіктестігіндегі комбайнер Нұржаудың егін бастырумен қатар, көктемгі жер жырту жұмысына да белсене қатысатынын өзімен кездескенде білдік.

– Шаруашылықта жұмыс істегеніме 20 жылдан асты. Көбіне-көп егінді ору, бастыру жұмыстарына қатысамын. Ал көктемде егістікке дайындық барысында жер жырту үшін де трактор руліне отыруға тура келеді. Осы кәсіптің арқасында отбасымды асырап, балаларымның қажетін өтеп келемін. Ақ адал еңбек, бастысы ешкімге мұқтаж емеспіз. Жалақы тұрақты. Үздік жұмыс істегенім үшін шаруашылық басшылары да жыл сайын сыйлыққа ұсынып жатады. Былтыр жер жырту кезінде бірінші, ал комбайнмен егін бастыру уақытында екінші орын алдым, – деді бізбен егін басында сөйлескен Нұржау Сапаров.

Нұржау жұмыс істейтін «Шаған Жер» ЖШС биыл 2800 гектар күріш егіпті. Оның ішінде 2500 гектары «Лидер», қалғаны «Янтарь» сорты.  Гектарына 50-60 центнерден өнім алынуда. Ал шаруашылықтағы заманауи комбайнның бірін тізгіндеген Нұржау бір күнде мың центнерге дейін дән бастыратын көрінеді.

Шаған ауылында бес мыңдай халық тұрады. Шаруашылықта егін жинау науқаны кезінде 350 адам жұмыс істейді. Ал негізінен серіктестікте 230-дан аса жұмысшы еңбек етеді.

– Бұрынғыдай емес, қазір ауыл шаруашылығы саласына жастардың қызығушылығы бар. Әсіресе, техникаға бейімделіп, трактор, жатка, комбайн жүргізуді үйренгісі келетіндер жеткілікті. Оларға бар білгенімді айтып, өз тәжірибемді бөлісіп келемін. Ауыл тіршілігінде, егін мен мал өсіруде кейінгі буын ақсап тұрса, онда алдағы дамуымызға көп кедергі болары анық. Сондықтан артымыздан ерген, ауыл шаруашылығы саласына бейім жас жігіттерді жаныма жиі тартамын, техника саласындағы ұзақ жылғы тәжірибемді үйретемін, – дейді байырғы комбайнер.

Бес баланың әкесі Нұржау ағамыз балаларының мектепте озат оқушы екенін айтып қалды. Биыл 9-сыныпты бітірген үлкен қызы «Үздік аттестат» иеленген. «Заман – білімді ұрпақтыкі» деген ол қолы қалт етсе, бар уақытын отбасымен өткізетінін мақтанышпен айтты.

Айта кетейік, кезінде күріш өсіретін ірі шаруашылықтың негізінде құрылған «Шаған Жер» серіктестігінің негізгі бағыты – күріш егу. Сондай-ақ қосымша 1200 гектарға жуық жоңышқа, 400 гектар бидай, 50 гектар мақсары да өсіреді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<