Құшағын ашқан «Қашқансу»

1189

0

«Третий» дейді жалпақ тілде. Жергілікті жұрттың аузындағы сөз бұл. Былайғы кезде оны ІІІ Интернационал ауылы деп толық тәпсірлеген ешкімді көрмедім. Сол баяғы «Третий». Қармақшы ауданындағы ірі елді мекенде талай болдық. Тіршілік арбасын сүйреткен түрлі ұлт бар мұнда. Жерден несібесін теріп жейді. Кезінде жел айдаған қаңбақтай жер ауған аталарының дәстүрін де ұмытпаған. Жергілікті жұртпен сіңісе отырып, еңбек қылады. Сол еңбектің арқасы болар, мұнда тұратын 11 ұлт бір-бірімен тату.

«Тіршіліктің түзу жолы жоқ»

Тарих бетін парақтасаңыз, бұның бәрі сталиндік зобалаңнан басталған. 1937 жылы қыркүйекте Қиыр Шығыстан корей халқын Қазақстанға көшірді.  Соның бірсыпырасы Қармақшы жеріндегі «Қашқансу» ауылдық кеңесіне қоныс аударды. Пак Ин Кван, Цай Ден Хак, Ким Тен Сем сияқты азаматтар жаңа өңірде еңбек туын желбіретті. Егін егуді қолға алып, соғыс жылдарында осы колхоз диқандары 215 гектар күріштен 3689 центнер өнім алғаны туралы дерек те бар.

Соғыс демекші, бұл ауылға түріктер де қоныстанды. 1944 жылы Грузиядағы Месхетия таулы өңірінен түріктерді біздің республикаға жер аударды. Сол уақытта Қармақшыға 28 отбасы келді. Жергілікті қазақтар бұл ағайынды да қабақ шытпай, қамқор көңілмен қарсы алды.

Жалпы бүгінгі ауыл атауы ілгеріден бар дедік қой. Сол кездегі Қашқансу табанындағы «Черновная земля», ІІІ Интернационал мен сол уақыттағы Бозарқаш ауылдық кеңесіне қарасты «Утренняя заря» колхозшылары бірігіп, жаңа колхоз құруға бекінді. Бұл 1950 жылы болған. Жаңа колхоз «ІІІ Интернационал» деп аталып, оның председателі болып Цай Ден Хак сайланады. Бүгінде ауылдың тік тұруына бірден-бір себепкер корей азаматы 1984 жылға дейін колхоз басшысы болған.

Расымен кейіннен (1966 жылы) Социалистік Еңбек Ері болған Цай Ден Хак колхоз басқарған уақытта  мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімдерінен 10 мың центнер күріш, 700-800 центнер сүт тапсырып отырған. Егіс көлемі артып, күзде диқан қауымы әр гектардан 38,2 центнер күріш алған. Өнім 174 мың центнерден асқан кездер болған. Бұл сол 1950-1960 жылдардағы көрсеткішпен қарасақ, колхоз тарихында болмаған жетістік еді.

Тақырыпшада айтылғандай, бұл сөз де корей ағайындардікі. Рас-ау, тіршілік атауында түзу жол жоқ. Керісінше олар түрлі бұралаң мен қисық тағдырдың салмағына төзді, көтере білді. Ата-бабалары айтып кеткен осы нақылды сөзді берік ұстаған корейлер сол кезгі ауыртпалықты үнсіз көтеріпті. Әлі де сыртқа сыр бермей, бір-бірінің сағын сындырмастан, біріге еңбек етіп келеді.

Иә, Қармақшыда қоныстанған 30 шақты корей отбасы қазір едәуір көбейген. Түтін саны 60-қа жуықтаған олар қазақ халқымен қолтықтаса, тату-тәтті өмір сүруде.

Олар өз Отаным деп келеді

Ата-бабаларымыз жөн-жосығын сұрамай-ақ төрінен орын берген ұлт көп қой. Мақалада айтып өткендей, Қармақшы топырағы түрік ағайынға да майдай жақты. Өз жерінен ауып, азып-тозып Сыр бойына жеткенде біздікілер қарап қалмады. Қамқорлығын аямады, қайырымды қолын созды. Мұны сол дәуірде жер ауып келгендердің ұрпағы әлі де аузынан тастаған емес.

1944 жылы күздің қара суығында жайдақ вагонға тиелген түріктер қазақ жеріне табан тіреді. Сол уақыттағы кейбір саяси ұстанымның осы халыққа өз салқынын тигізгені рас. Кеңес үкіметі үшін жат пиғылды көрінген түрік бауырларды түртпектей отырып, ақыры Кавказ жерінен шұғыл көшіргенін қайтерсің? Сондай бір тобы Қармақшы жеріне келді. Барлығы 33 отбасы «Қашқансудың» табанына тұрақтап, адал еңбекпен күн көрді. Қазір сол 33 отбасының саны артып, бүгінгі ІІІ Интернационалда 200-ден астам түрік шаңырағы өсіп-өніп отыр. Дәл осы ағайынның ішінен ғалым да, дәрігер де, түрлі саладағы еңбек адамдары мен кәсіпкерлер көптеп шықты. Әрі олар өздеріне құт-мекен болған ІІІ Интернационал ауылын ұмытқан емес. Мақтаныш тұтып, Отаным деп әспеттейді. Сыртқа қоныс аударса да, жиі соғып, өскен өлкесін естен шығармай келеді.

Қазір осы ауылда корей мен түріктен бөлек орыс, өзбек, беларусь, украин, шешен, татар, күрд, марий сияқты ұлт өкілдері бар. Бір-бірімен ищай деместен келеді. Қазақ жерінің байлығы мен рухани қазынасын молайтуда үлесі зор. Татулық пен ынтымақты ту еткен «третийліктер» жыл сайын егін егуден көш бастап тұр. Күш-жігерін ел бірлігіне жұмсаған ауылдың берекесі де артары сөзсіз дүние ғой. «Қашқансу» құшағына алған көп ұлттың бүгінде қабағы жадыраңқы. Тәуба дейміз.

Киноға сұранып тұр

Бүгінде 2 жарым мың халқы бар ІІІ Интернационал ауылында ең ірі бір шаруашылық бар. 2000 гектардан астам күріш егеді. «Достық Жер» МК деп аталатын үлкен серіктестікте жергілікті халықтен бөлек, барлық ұлт өкілдері жұмыс істейді. Барлығы 250 адамға жуықтайды. Дұрысы, тұрғындардың басым көпшілігі осы шаруашылықта еңбек етіп жүр. Мұнан бөлек, 14 шаруа қожалығы түрлі бағытта кәсіп қылуда.

Айтпақшы, осында кино түсірілімі болып жатыр. Атауы да ауылмен аттас. 10 сериялы фильмді қолға алған «BAS Production» компаниясы.

– Мен өзім осында туғанмын. Содан болар үш жылдан бері ойымда келе жатқан идеяны кино етіп түсіруге бел будық. Атауын да «ІІІ Интернационал» деп қойдық. Мақсат – мұнда мекендейтін қазақ халқынан бөлек, өзге ұлт өкілдерінің достығын дәріптеу, татулығын көрсете білу. Екіншіден, мұндағы барлық халық өкілдері қазақ тілінде сөйлейді, фильм де қазақ тілінде түсіріледі. Бұл – нағыз киноға сұранып тұрған елді мекен. Министрліктің қолдауымен, «НТК» арнасының тапсырысы аясында ауыл халқының бірлігін көрсететін көпсериялы фильм комедия жанрында болмақ, – дейді компанияның бас продюсері Ақылбек Досжанов.

Продюсердің айтуынша, мұндай мекен басқа өңірлерде сирек. Болған күннің өзінде таза қазақ тілінде сөйлейтін ұлт өкілдері тым аз. Ал фильм сюжеті бойынша жергілікті халыққа әбден сіңісіп, біте қайнасқан ұлт өкілдерінің қызықты оқиғалары көрсетілмек.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<