Шиелі: «Көгілдір отын» қуанышы

844

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Шиелідегі Тұран елді мекені «көгілдір отынға» қосылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, салтанатты шараға қатысты.

Аймақ басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шеген Қодаманов атындағы елді мекенде жүргізілген газ құбыры және кварталішілік газ тарату желісі жұмыстарының маңызына тоқталып, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының сәтті жоба болғанын айтты. Тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары одан әрі жалғасады.

– Баршаңызды Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесімен тұстас келген, ауыл тіршілігіне тың тыныс берер, халықтың тұрмыс сапасының артуына септігі мол серпінді жобаның бірі – Тұран ауылдық округінің «көгілдір отынға» қосылуымен шын жүректен құттықтаймын.

Жыл сайын халықтың сұранысына сай ең қажетті ауызсу, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Аудан орталығына жақын елді мекендерді газбен қамтамасыз ету арқылы халықтың тұрмыс жағдайына ғана емес, аудандағы өндірістің өрге басуына, кәсіптің одан әрі кең қанат жаюына мүмкіндік беріледі.

Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер компания «Строй Газ Компани» мекемесіне және құрылысшыларға барша ауыл тұрғындарының атынан және өз атымнан алғысымды айтамын, – деді аймақ басшысы.

Алау оты жағылған қуанышты мерекеде ауыл ақсақалы Әбітхан Мизамбаев ақ батасын беріп, тұрғындарды  құттықтады.

Жоба бойынша жоғары қысымды газ құбырының ұзындығы – 3,2 шақырым, төмен қысымды газ құбырының ұзындығы – 30,24 шақырым. Сәйкесінше, ауылға 2 шкафты газ реттегіш пункті орнатылған.

Қазір Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл, Керделі ауылдық округтері газға қосылса, бүгіннен бастап Ш.Қодаманов ауылының тұрғындары оның игілігін көріп, 525 үйге газ кірді.

Еске салайық, жыл басынан бері 3 аудан орталығына, яғни Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттеріне, Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов ауылдарына табиғи газ берілсе, жыл соңына дейін Қазалы қаласын газға қосу жоспарлануда. Нәтижесінде биыл 50 мыңнан астам тұрғын табиғи газ игілігін көретін болады.

Бүгінде қала мен аудан орталықтарына газ толық тартылды. Аймақ тұрғындарының 65%-і «көгілдір отын» пайдаланып отыр.

Облыс басшысы Шиеліге жұмыс сапары аясында Ақмая шаруа қожалығының ғимаратына барды. Онда стенд арқылы күрделі жөндеуден өткен монша мен шаруа қожалығының демеушілігімен салынған тұрғын үй таныстырылды. Шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков қожалықта жұмыс істейтін көпбалалы 2 отбасыға баспана салу үшін осы жобаны бастаған. Сондай-ақ, ауыл жастары үшін бірлестік құрып, арнайы кабинет ашқан.

Әрі қарай облыс әкімі Керделі ауылдық округінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған спорттық сауықтыру кешенін ашты.Игі бастаманы қолдап, нысанның бой көтеруіне ықпал жасаған кәсіпкер, Шиелі ауданының құрметті азаматы Бағлан Әшірбековке ауыл тұрғындары мен өз атынан ризашылығын білдірді.

– Кейінгі 5 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінде спорт кешені пайдалануға беріліп, спортшыларымыздың жеңісі еселенді. Бүгін, міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен спорт кешенін ел игілігіне пайдалануға бергелі тұрмыз. Бұл балғын балалардың, ауыл жастарының ең қуанышты күндерінің бірі деп есептеймін. Осы спорт кешенінен шыңдалған жастарымыз облыстық, республикалық додаларда жеңіске жетіп, олимпиада шыңдарын бағындырып, көк туымызды желбірете берсін, – деді аймақ басшысы.

Спорт кешенінде күрес, таэквандо, баскетбол және ауыр атлетикадан үйірмелер бар, 11 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.

Мұнан соң, облыс басшысы Шиелі кентіндегі аудандық жастар үйі мен И.Әбдікәрімов көшесі бойына салынып жатқан аллеяны көрді. Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов шиелілік жастардың бастамасымен іске асып жатқан жобаларды таныстырды. Орталықта кітапхана, конференц зал, коворкинг, өнерлі жастарға арналған орын бар. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие беру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Сапарды қорытындылаған облыс әкімі елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының одан әрі жалғасатынын және жобаларды уақытында тапсыру керектігін қаперге салды. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<