Ұйысқан елдің ұтары көп

626

0

Ауылға кіре бергенде, ең алдымен биік мұнара көзге түсер еді. Тұрқы бес қырлы, бір қарағанда жұлдыз іспеттес. Мұны стелла деп те атап жүр. Биіктігі де бірден байқалады. Шамамен 20 метрден асады. Ең жоғарғы қабатында қос алақанның бейнесі анық көрінеді.

Бес жұлдызды нысанның салыну тарихы тым әріде. Бұл  1930 жылы бірігіп, Жаңажол деп ат берген бес шаруашылықты білдіреді. Бес жұлдызға неге тоқталды десеңіз осы ғана. Бес шаруашылықтың ұйыған айрандай бүгінге дейін бейбіт еңбек етуі. Ұшар басындағы алақан бейнесінің үстіне осы ауылдағы басты шаруашылық «Жаңажол» ЖШС логотипі орналасқан. Ауыл ішіне көрік берген стелланың идеясын да, сызбасын да шаруашылық төрағасы Орынбасар Төлеповтің өзі сызған көрінеді.

Мұның жан-жағында әуен­ді субұрқақ, тамаша аллея, сауда орындары бар. Бұл айтқандарымыздың барлығы жақында пайдалануға берілген. Шаруашылық ол үшін 250 млн теңгедей қаржы қарастырыпты. Ал келер жылы дәл осында спорт кешені салынбақ. Ауыл абыройын көтерген азаматтар жайлы айтар әңгіме көп. Әрі қарай оқи беріңіз…

Ширай түскен шаруашылық

Сонымен біз Дүр Оңғарға келіп қалдық. Дүркірей дамыған ауылдың бірі. Қармақшы ауданына қарайды. Тәуелсіздіктен кейін де өз ішінде шашау шығармай, шын еңбектің көзін тапқаны бірден көрініп тұр.

Жоғарыда айтқандай, кеңестік дәуірде бұл жерде бес майда шаруашылық колхоз болып бірігіпті. Сол біріккен шаруашылық әлі күнге дейін іргесін бұзбай келеді. Тіпті тоқырау кезінде өзге ауылдағы егін не мал шаруашылығы тарамдала бөлініп, жекеге өткенде мұндағы тұтастық сақталып қалған. «Жаңажол» деп аталған серіктестік облыстағы ең үздік шаруашылықтың қатарында қазір.

– Ел бірлікпен еңбек етуде. Озаттар көп. Жалпы биыл судан мәселе болмады емес, болды. Бірақ, халық несібесі дейтін бар. Егіннің шығымы жақсы болып тұр. Өздерің де басқа шаруашылықтарды аралап келесіңдер, байқап отырған боларсыңдар, – дейді ауыл ішін таныстырып жүрген ауыл әкімі Әбимүсілім Қоқанов. Біздің де құлағымыз әңгімеде, суретке де түсіріп үлгерудеміз. Бұл кезде әкім шаруашылықтың аз-кем тарихын да айта бастаған.

– Жалпы елдің өсіп-өнуі туған жерін сүйетін азаматтарға байланысты. Ауылдың абыройлы болмағы да содан. Бес колхоз біріккенде 1930 жылы Қали Бексебаев деген атамыз алғашқы төраға болған екен. Содан бері Алмағанбет Ысқақов, Өміртай Итқараев, Маханбет Анафин, Тілеген Әбдікешов, Әбу Құрманбаев сияқты әкелеріміз осы ауылдың гүлденуіне көп күш жұмсады. Беріректе Аяған Боқанов, Кәрімберді Жаханов дейтін ағаларымыз еңбек етті. Тәуелсіздік алдында, яғни 1988 жылдан бастап 1993 жылға дейін шаруашылық төрағасы Болатбек Сүлейменов болып, бес жыл басқарды. Одан кейін Қылшекең келді. Облыс білетін Қылышбек Әбішовтің жұмыс істеуі бөлек еді. Бұл ел бұрын колхоз болған соң ба, әу баста нарыққа үйренген. Өйткені, коллективтік шаруашылық болған соң өз күнімізді өзіміз көруіміз керек, – деп ағынан жарылды Әбимүсілім Қоқанов.

Иә, ауыл әкімі сөзінің жаны бар. Тәуелсіздік алған жылдары жекешелендіру саясаты қарқынды жүрді. Бұл реформа жаңажолдықтарға да келген. Бірақ Қылышбек Әбішов бастаған ел ағалары бұдан бас тартты. Бұрынғы сүрлеуді таңдады. Ешкім бөлінбейді, шаруашылық өз күнін өзі көруі тиіс. Елдегі ақсақалдардың айтуынша, «бөлінгенді бөрі жейді» деген ұстаныммен барлық бригада басшылары біріге білген. Ешкім қара басын ойлап, қызметке құмартпай, шаруашылықтың іргесін шайқамауға бел буған. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Ауызбіршіліктің арқасында қазір серіктестік кеңестік дәуірдегі техниканы ысырып, 90 процентін жаңартуы – шаруашылықтың бөлінбегенінің арқасы. Жерге талас, жұмысшылардың құқы тапталуы деген бұл жақта болмаған.

Қылышбек Әбішовтің абыройлы еңбегін 2016 жылдан бастап Орынбасар Төлепов жалғастырып келеді екен. Шаруашылық төрағасы болғаннан кейін бұрынғы үрдістен жаңылмай, «барлық жағдай өз ауылыма» деген қағиданы мықтап ұстанған.

«Бұрынғылардың бөлінбегені – бүгінгі біздің берекеміз»

Шаруашылықтың бас агрономы осылай дейді. Айтпақшы, біз осы елдегі сапар барысында төрағаның өзін жолықтыра алмадық. Облыс орталығында іссапарда екен. Есесіне шаруашылықтың жүгін көтеріп жүрген азаматтармен пікірлестік.

– Иә, тоқырау кезіндегі жекешелендіру саясаты бізге де келді. Бұл реформаға ауыл болып қарсы тұрған болатын. Расы сол, біздің алдымыздағы шаруашылықтың бар жұмысына мығым ағаларымыз да осы жолды ұстады. Мемлекет «бөл» дегенде олар да басын шайқаған. Ақсақалдардан бастап кейінгі буынның бірлігі, мықтылығы ғой бұл, – дейді бас агроном Төлеу Ералиев

Ауылда 400 үй бар. Ал шаруашылықта 350 адам жұмыс істейді. Маусымдық кезеңде бұл сан өсуі мүмкін. Әр тоқсан сайын шаруашылық есебінен жан басына он келі ақ күріш беріледі. Ең төменгі бағамен. Жем-шөпті де солай.

– Үздіктерге жылда көлік мінгізіп, қомақты ақшалай сыйлықпен марапаттап келеміз. Атап айтсақ, сушы Бағдәулет Байдрахманов 34 гектардан 100 центнерге жуық күріш жинады. Жатка айдайтын Тұрсынбек Досанов «Магдон» техникасымен 600 гектарға жуық егін орды. Ал комбайнерлердің  арасынан Бақытбек Берлібаев дейтін азамат былтыр 30 мың 705 гектарға жуық астық бастырды. Осы жігіттердің барлығы да жыл соңында көлік мінді, – дейді Төлеу аға.

Иә, былтыр шаруашылықтағы 21 күрішші 70 центнерден жоғары өнім алыпты. 5 озат механизатор және осы саладан зейнетке шыққан екі ардагер, барлығы 28 адам «Жаңақорған» шипажайына шаруашылық есебінен демалып та қайтқан. Сондай-ақ егіншілер болсын, мехнизаторлар болсын, жыл соңында барлығы да сыйақыдан құр қалған емес.

– Барлық бригадирлер мен сушылар ақшалай сыйлық алды. Механизаторлар да солай. Оның ішінде астық тасушы, комбайнер, жатка айдаушы, тракторшы мен механигіне дейін бар екені түсінікті. Бұған слесарьлар мен дәнекерлеуші, құрылысшы, агроном, есепші, басқа да жұмысшыларды қосыңыз. Ауыл тазалығына жауаптыларға, сондай-ақ аспаздарға да қаржылай сыйақы берілді. Бұл – жылдағы сабантой кезіндегі марапаттар, – дейді шаруашылықта ұйымдастырушы-программист болып қызмет атқаратын Серік Сапақов.

Ал қырман басын таныстырған Балтабай Сәметов біраз жаңалықты бөлісті.

– күріш ақтайтын үлкен зауытымыз бар. Тәулігіне қырық тонна қара күрішті өңдей алады. Көрші облыстардың барлығына, яғни ішкі нарыққа сатылады. Сондай-ақ былтыр қырманға электронды таразы орнатылды. Қазір егін жинау жұмыстарының 90 проценті иегерілді. Кешегі 1 қыркүйекте басталған жинау, бастыру сияқты жұмыстар ұйымшылдықпен атқарылды. Аз күнде биылғы қорытынды да шығады, – дейді қырман меңгерушісі Балтабай Сәметов.

Тау-тау үйілген дәнді «погрузчик» дейтін жалпақ атауы бар тракторымен қоймаға тасып жүрген Сәндібек ағамен де тілдесіп қалдық.

– 1977 жылы мектеп бітірген соң осы шаруашылықта жұмыс істедім. Содан бері табан аудармай келемін. Механизатор мамандығын игеріп, 27 жыл комбайн айдадым. Жасым зейнетке таяп қалды. Келесі жылы шаруашылықтағы еңбек өтілім 43 жыл болады екен, – дейді Сәндібек Сүлейменов.

Оның айтуынша, жұмысын шын сүйген адам беріле істейді. Бұрыннан бөлінбеген серіктестікте айлық тұрақты әрі уақытылы. Керегіңді де осы шаруашылықтан көмек ретінде ала аласың. Жалғыз жұмысшылар емес, шаруашылыққа қатысы жоқ ауыл адамдары кез келген жағдайда осында көмекке жүгінеді екен.

Мұнда басқа ауылдан көшіп келіп жатқандар бар. Жастар жұмыссыздығы деген жоқ. Үздіктерге жылда көлік мінгізіп, қомақты ақшалай сыйлықпен марапаттайтын диқан ауыл осылайша ауызбіршіліктің ең биік нүктесінде тұр.

Диқандарға дәм татқызу дәстүрі

Шаруашылық биылғы науқанды тамаша жетістікпен аяқтаймыз деп отыр. Осы жылы 2920 гектарға жуық күріш еккен. Оның ішінде «Лидер» сорты – 2400 гектар. Өзіміздің жергілікті «Сыр сұлуы» сортынан 450, ал «Янтарь» сортынан 70 гектар күріш өсіріпті. Орта есеппен гектарына 70 центнерден өнім алу межеленген. Ауылдың басым бөлігін жұмыспен қамтыған серіктестікте орташа айлық 100 мың теңгенің үстінде екен.

Одан басқа, жүгері, бидай, картоп және жоңышқасы бар. Егінді әртараптандыру үдесінен де шығып келеді. Көкөніс пен бақшаны молынан төгіп, 4 гектар жерге алма бағы егілген. Айтпақшы, бақ демекші, келер жылы Жаңажолдың алмасы нарыққа шығады деген сенім бар.

Бір қызығы, Дүр Оңғар ауылындағы ақсақалдар бас болып, қырманға күнделікті екі мәрте ет асып апарады. Қасында қымызы мен шұбаты тағы бар. Бұл дәстүр егін жинау маусымында жүреді. Ешқандай талап жоқ, ауыл халқының өз қалауымен істеліп жатқан игі іс. Іштей таңырқайсың мұндайда. Күнге тотыққан егіншілердің қарны тоқ болса, қабағы да жадыраңқы, жұмыс та жылдам жүретіні анық қой.

– Ұзынсонар кезек басталады мұндайда. Төрағаға алдын ала ескертіп, «бүгін мен немесе арғы күні менің тамақ бергім келіп еді» деген ұсыныспен кезекке тұрады. Аналарымыз бен жас келіндер дәмді астың неше түрін дайындап, қырманға әкеледі. Егіс басына да жіберіледі. Диқан қауымға дәм татқызу дәстүрі бұрыннан да бар. Тіпті, мал атап соятындар кездеседі. Бұл – еңбекті сүйген ауыл азаматтарының бірлігіне сызат түсірмейтін жақсы дүние, – дейді қырман меңгерушісі.

Тазалықты сүйген жұрт

Бір кездері ауылдағы әр отбасы 25 тал егуге міндеттелген. Тіпті өріске шығатын ірі қараның тезегі көшеде жатпауы тиіс. Қалай жерге түсті, сол замат ауыл келіндері қағып алып, қоқысқа құртып отырған. Тазалықты өз ауласынан бастайтын Дүр Оңғардың тұрғындары ертеден келе жатқан тәртіп сабақтастығын әлі бұзбай келеді.

– Елге келген қонақтар таңқалады. Тіпті, аудан не облыстан келгендер осыған сенбей жүрді. Қылышбек ағаның кезінде үйдің алдында қоқыс жатпауы тиіс болды. Таң алдында өріске кеткен малдың тезегін ауыл келіндері тазалап алатын. Тазаланбай, ұмыт қалса, тез арада тәртіпке шақырушы еді. Халық бұған тез үйренді. Бір жылдары республикалық телеарнадан келген тілшілер осы жағдайды көріп, сенбестік танытқан ғой. «Мүмкін, біз келеді деп ауыл әкім тазалатып жатқан болар сіздерге?» деген сұрақпен бірнеше адамға барыпты. Сондағы естіген жауап біреу-ақ. «Айналайын-ай, бұл көшенің тазалығын сақтау бұрыннан қалған үрдіс еді. Тазаланбаса, сол күні бірдеңе бүлдіргендей қуыстанып жүретініміз бар. Қазір біздің үйреншікті өз жұмысымыз бұл» депті біздікілер. Барлық жерде сондай жауап айтқан. Расымен, ауыл ішін де, сыртын да таза ұстау өзімізге керек, – дейді тағы бір әңгіме барысында ауыл әкімі.

Бізге қызық көрінгені, ауыл ішіне кіре бергенде алдыңнан шлагбаум секілді кедергі тұрады. Жеңіл машиналарға қолайлы. Ал трактор мен үлкен жүк көліктері бұдан өте алмайды. Себебі біреу-ақ. Тонналап астық таситын көліктердің ауыл ішіндегі көше жолдарына зияны тимеу керек. Олар үшін сыртқы жол арнайы салынған. Егістіктен қырманға дән таситындардың барлығы соны айнала жүреді екен. Бұл да бір есептен, көше мен үй арасы шаң болып, тұрғындардың әбігерге түспеуіне немесе жолдардың тез тозбауына қолайлы жағдай еді.

Жалпы бұл ауылдың адамдарын жартылай әскери десек те артық айтпаспыз. Мәселен, басшылық тараптан қандай да бір тапсырма берілсе, ол уақытында немесе одан да бұрын орындалады. Кешікпейді. Бір жерге жиналу керек болса, бір сағат бұрын келіп алатындар да бар. Жұмыс уақытында бейсауыт жүріске жоқ. Бүгінгі аға буын осындай үлгіні артынан ергендерге айтып емес, өз іс-әрекетімен көрсетіп келе жатқанына риза боласыз.

Қазір шаруашылықтың бес бригадиріне арнайы жоспар бекітілген. Солар өзіне тиесілі көшенің тазалығына, тіпті тұрғындардың жеке мәселесіне де жауапты.

Берері көп

Облыстан 150, ал ауданнан 40 шақырым қашықта орналасқан Дүр Оңғар ауылында кәсіпкерлер де көбейген. Төрт шаруа қожалығы бар. Мал басын өсіруге ден қойғандар жеткілікті. Ірі қара өсіруге ынталылар көп. Оны өсіріп қана қоймай, өнімін бүгінгі талапқа сай өңдей бастаған. Мысалы, осы ауылдың 25 жастағы тұрғыны Дархан Айманов сүт өнімдерін шығаратын шағын кәсіпорын құрыпты. Үкіметтен 10 миллион теңге жеңілдетілген несие рәсімдеп, қажетті құралдарын сатып алған.

– Өнім шығаруды биыл 1 маусымнан бастадық. Мұның алдында ірі қараға осындай қаржылық қолдаумен несие алып, ол берешектен де уақытында құтылдым. Қазір 20 бас сиырым бар. Соның күнделікті сүтін пайдаға асырып келемін. Күніге 500 литр сүт өңдейтін құрылғымен кілегей және сүзбе дайындаймыз. Үлкен де, кіші де жаппай құмартатын құрт бар. Ал жазда цехта балмұздақ дайындап көрдік. Өз ауылымыздың кішкентайлары да таласа-тарамаса алып кетеді. Жоғарыда айтқан өнімдер әзірге аудан орталығындағы дүкендерде сатылуда, – дейді шағын кәсіпорынның басшысы.

Расы сол, ауыл аралап жүргенде, айналадағы көрініске көз тояды. Үлкен мешіт, алаңда үлкен әрі әдемі көше сағаты, жаздық концерттік сахнасы бар. Мектеп пен балабақша, дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп тұр. Тіпті жұмысшылар жалақысын банк картасы арқылы ауылдың өзінен алады. Шаруашылық басшылығы аудан не облысқа қарай әуре болмасын деген оймен Дүр Оңғарға банкомат та қойдырған.

Мектеп демекші, былтыр бітірген түлектердің барлығы грантпен оқуға түскен. Үш «Алтын белгіні» иемденген ауыл мектебі елге тұтқа болар азаматтарды дайындап келеді.

Иә, қазақ қайырымды істен шет қалмаған. Онысын тағы жалаулатуды жақтырмаған. Біз білгеніміздей, «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов мұндай бастамалардың ылғи басында жүреді. Жұрт мақтаудан жаңылмайтын қармақшылық төрағаның кешегі пандемия кезінде ауыл емханасы мен тұрғындарына 1 млн теңгеге қажетті дәрі-дәрмек пен «Бобров» аппаратын  жедел алдыртқанын да естідік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз болған, «Жыл меценаты» атанған Орынбасар ағаның жағымды ісі жалғыз бұл емес. Бір ғана мысал, шаруашылық төрағасының ұйтқы болуымен кешегі Қарттар күнінде  дүроңғарлық 159 және көрші Иіркөл ауылындағы  27 қарияға сый-сияпат тарту етілген. Одан бөлек, 13 мүмкіндігі шектеулі жанға да осындай қамқорлық жасапты.

Бәрінің айтатыны бір сөз. Шаруашылық қамқорлығын аяған емес. Қандай да бір қажеттілік болса, демеушілік көрсетуде. Кейбір аудан не облыстағы шараларға да белсене атсалысады.

Түйін. Ел мерейін асқақтатқан Тәуелсіздікке биыл 30 жыл. Осы уақытта Сыр өңірі сәулетті, дәулетті, ырысы мен ынтымағы жарасқан елге айналды. Біз айтып өткен, Тәуелсіздік жылдарында өсіп-өркендеудің өнегелі жолына түскен мұндай ауылдар уақыт өткен сайын көркейіп келеді.

Ержан ҚОЖАС, «Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Н.Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<