Ел деп өткен ерім бар, ерін жоқтар елім бар

96

0

Ертең, 10 маусым күні мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың дүниеден озғанына үш жыл толады.

Қарапайым еңбек адамынан көрнекті мемлекет қайраткеріне дейін көтерілген ерен тұлғаның есімі мен еліне жасаған қызметі туралы бүгінгі газет санында пікірлер топтамасын ұсынып отырмыз. 

МЕМЛЕКЕТШІЛ МЕНЕДЖЕР

Былтыр көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев туралы жаңа кітап жарық көрді. Осы жинақтың тұсаукесер рәсімі Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қабырғасында өтті. Мұның символдық мәні бар. Қалай десеңіз де, бұл – үйлесімді үрдіс, жарасымды жаңалық. Себебі, баршаға танымал Бердібек аға мемлекеттік қызметшінің үздік үлгісіндей еді. Ол бүкіл болмыс-бітімімен мәртебелі мемлекеттік менеджер болды.

Жалпы, мемлекеттік қыз­метші дегенде ойымызға не нәрсе келеді өзі? Алдымен Президентімізге жүгінейік. «Мемлекеттік қызметшілер сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті әрі арлы адам болуы шарт» дейді Мемлекет басшысы. Соны­мен қатар, «Ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – жауапты әрі сауапты іс» деп тұжырымдайды. Сон­дай-ақ «Мем­ле­кеттік қызмет – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын орын емес» деп ескертеді. Міне, осы қас­терлі қағиданың бәрі де мемлекеттік қыз­меттің барлық буынынан өткен, кеше ғана арамыздан алыстаған Бердібек Сапарбаевтың тек-табиғатына толық сай келетін еді. Сөзі мен ісі үй­лесті. Жауапты әрі сауапты міндет атқарды. Бақ-дәулетке қызыға қоймады.

Жалпы, Бекеңнің бойында нағыз мемлекеттік қызметшіге лайық бір­неше қасиет болды. Енді соны санамалап көрейік.

Біріншіден, оның жеке басы өте өнегелі еді. Бүкіл бастаманы алдымен жүрегінен өткізетін. Іс тетігін табудың жолын өзі көрсететін. Мемлекеттік қыз­­меттегі ұл-қыз соған қарап бой түзейтін. Бердібек Сапарбаевтың тек-тұлғасын өрісті өнегенің өлшемі деуге болар.

Екіншіден, ол жастарды жұмысқа тартты. Өзі жас кезінде де сөйтетін. Небәрі қырық екі жасында Қызылорда облысының әкімі боп тағайындалды. Келді де универ­ситеттің ректоры Бақ­берген Досманбетовті қаланың әкім­дігіне бекітті. Оның проректоры болып жүрген біз де ректорымызға ілесіп, мем­лекеттік қызметке келдік. Сөйтіп, Бердібек Сапарбаевтың берекелі ко­ман­­да­сына кірдік. «Жақсылы-жаман­ды, Жинап алдым команды» деп бір ақын айт­қандай, Бекең Сыр өңірін өр­кен­детуге құлшына кірісті. Жігерлі басшы­мыздың алапат екпініне ілесе алмай, кейде шарықтап, кейде ша­лық­тап, ал кейде шатқаяқтап, шапқыладық та жүрдік.

Үшіншіден, жұртты жұмысқа жаппай жұмылдыра білді. Ұйым­дастыру қабілеті орасан зор еді. Өзіне де, өзгелерге де тыным таптырмады. Қалыпты еңбек ырғағын бір сәтке де бәсеңсіткен жоқ. Сартылдап соғып тұрған сағат секілді ырғағынан жаңыл­май­тын ол тоқтаусыз тер төкті. Соны көрген ел-жұрт өзінен-өзі ортақ іске жегілді.

Төртіншіден, ол өңкей бір өміршең идея­ларды алға тартты. Оның ұста­ным­дары бү­гінгі күнмен шектелмейді. Алдағы жиырма-отыз жылға азық болатын бастамалардың негізін қа­лады. «Черчилль өз заманының өнімі болды. Бірақ оның идеялары мен әрекеттері әлі күнге дейін қазіргі дәуірге ықпал етіп келеді» деп әлемге әйгілі саясат­кердің ғұмыр­намасын зерттеген, шеберлігі таңдай қақтыратын ширақ черчилль­тану­шылар айтқандай, Бекеңнің де ой-пікірлері өте өзекті. Мұның бәрін бас­қару мектебінің әдістемесі ретінде қай кезде де кәдеге жаратуға әбден болады.

Бесіншіден, ылғи да шаруашылық жайы қиындай түскен кезеңде басшы болды. Проб­лемасы жетіп-артылатын өңірлерді өрге шығарды. Етігімен су кешті. «Қу толағай бастанбай, Темір қазық жастанбай» деп тол­ғаған Ма­хамбетше шамырқанып, тек қана алға жылжыды. Бұл жағынан «Әрқашан да қиын жолды таңдаңдар. Сонда бәсе­келес­терің жолыңда тұрмайды» деген Шарль де Голльдің дәстүрін ұс­танды. Ол, әрине қиын жолды таң­дайын деп таңдаған жоқ. Маң­дайына солай жазылыпты. Бәсе­келес қайдан болсын? Шынында да мұндай жанкешті жұмысқа Бекеңнен басқа кім тәуекел етпек?!

Алтыншыдан, жалпақ жұртпен сый­ласудан жаңылмады. Тентекпен де, телімен де талай рет бетпе-бет келді. Бірақ үнемі келісім жолын қалады. Даудан да, жаудан да аула­ғырақ жүрді. «Бір күн майдандасқанша он жыл келіссөз жүргізген жақсы» деген даңқты дипломат Андрей Громыконың түйінді тұжырымына ден қойды.

Жетіншіден, көпке жақын болды. Жұрттың көңілін тапты. Ешқашан елдің ортасынан ұзамады. Бұл тұрғы­дан алғанда, қала академиктерінің де, дала акаде­миктерінің де пайдалы пікіріне құлақ асты. Мәселен, «Өнімді еңбек атқарам десең, көп­ке сүйен. Соның тілін тауып, соған қыз­мет қыла біл» деген даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев­тың салмақты сөзін қаперге алды.

Сөйтіп, бес өңірді басқарған Бердібек Сапарбаев мәртебелі мемле­кеттік қызмет­шінің эталоны болды. Енді оның ғибратты ғұмырнамасын бү­гінгі мемлекеттік қызмет­шілерге үлгі етуіміз керек.

Бердібек ағаның Кеңсайдағы бейітінің басында:

Адал болды антына,

Берік болды салтына.

Алғыс алып жұртынан,

Тұлға болды халқына!

Еңбегімен еленді,

Жер-бесікке бөленді.

Ұлтын сүйген перзентін,

Ұмытпайды ел енді! –

деген жазу бар. Мұны эпитафия дейді. Дұрыс айтылған! Ол шынында да тұлға болды.

Бүкіл өмірі жұмыспен өтті. Бір ауық тыныс алуды білген жоқ. Бес өңір­де ізі қалды. Бәрібір жалған дүние бес-ақ күндік екен. Жанкешті жұ­мыс­пен жетілген Бердібек ағам да бақиға аттанды. «Арғы­маққа айдай таға қақ­тырған» азамат еді. Тәрбиесін көрдік. Тағылымын алдық. Тәжірибесін түй­сіндік. Бақ қонған бәй­терек-ті. Биік еді. Бөлек еді. Саялы еді. Аялы еді… Біздің жерлесіміз Әубәкір Смайылов­тың «Қайран Мұқаң, қара өлеңнің шынары, Шынар ғана шынарларша сынады» деген жыр жолдары бар-ды. Ширақ жүрген Бердібек ағам да шынар­лар­ша шарт сынды. «Шамыр­қансам, шатынап сынар болатпын» деген Махамбет ақын…

Неге шамырқандыңыз екен, Бердібек аға?!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ