Кейінгі жылдары облыста газдандыру деңгейі 70-тен 83 пайызға артты. Ал жыл соңына дейін 10 елді мекенді газдандыру жоспарланған.
Бұл саладағы қарқынды жұмыс Қазалы ауданында да жүріп жатыр. Айталық, екі жыл бұрын ауданға қарасты Абай ауылына газ тартылса, былтыр ғана Ақтан батыр елді мекенінің халқы «көгілдір отын» тұтына бастады. Сондай-ақ өткен жылы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ желілері жүргізілген болатын. Қазір газ құбырларын тарту жұмыстары толық аяқталып, елді мекендерде орамішілік газ желілерін жүргізу басталып кетті.
Аталған ауылдарға барып, құрылыс барысын көрген аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тұрғындарға да лебізін жеткізіп, құттықтады.

– Осы жылы аймақ басшысының қолдауымен Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілері құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 680 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы жыл соңына дейін аудан бойынша елді мекендерді газбен қамту көрсеткішін 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта Жанқожа батыр ауылындағы 280 тұрғын үй мен 9 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылып, 1600-ге жуық тұрғын осындай игілікке қол жеткізеді. Ал Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарындағы 1000-ға жуық тұрғын үй мен 16 әлеуметтік нысан және 5500-ден астам тұрғын газ тұтынатын болады. Газ – бұл тек қана отын көзі емес. Бұл – тұрғындардың тұрмысын жеңілдететін, экологиялық жағдайды жақсартатын, уақытты үнемдейтін, ең бастысы, өмір сапасын арттыратын маңызды игілік. Алдағы уақытта да ауданның барлық ауылын кезең-кезеңімен газбен қамту жұмысы жалғасын табады, – деді аудан басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Қазалы ауданын газбен қамтуда Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдары «көгілдір отынға» қосылды. Сондай-ақ аудан орталығына іргелес жатқан Қазалы қаласына да газ жүргізілген болатын.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





