Бердібек Машбекұлы Сапарбаев есімі ең әуелі мемлекеттік қызмет деген ұғымның халыққа қызмет ету қағидатымен ұштасқан тұлға. Мемлекеттік қызметтегі менеджер, кейінгілер «мен де сондай болсам екен»дейтін қайраулы қылыштай тасқа салса мұқалмайтын жігер иесі.
Көрнекті қайраткер саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған, өзіндік басқару мектебін қалыптастырған нағыз халықшыл қайраткер болатын. Ол мемлекеттік қызметтегі білімі мен тәжірибесін жастарға беруге аянған жоқ. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында дәріс оқыды. Мұның өзі ұлтқа қызмет етудің озық үлгісі еді.
Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы тоқырап жатқан ел жағдайында, «балапан басына, тұрымтай тұсына» тартқан бір кезеңде облыс басшылығына келген Бердібек Машбекұлының алдында алып мақсат, иығында атан көтере алмас жүк тұрды.
Көзі де, қолы да батыр азамат жұмыс барысын тез бағамдады. Қалың елге қамытын кигізген экономикалық дағдарысты жеңілдетудің жолын іздеді.
Ел ішінде еңбегімен қадірі артқан әкеніңұлағатынан ұққаны бар, өзі азамат болып қалыптасып еліміздің Үкімет қабырғасындақызмет еткен кісі алысты көре білді.
Сондықтан облыс басшысы Президентке өңірді дамытудың жобасын ұсынып, 1996 жылдың басында Қызылорда облысы «Арнайы экономикалық аймақ» деген мәртебе алды.
Осы кезде бұрын аймаққа жиі келе бермейтін Үкімет мүшелері Сыр өңіріне іссапармен белсенді келе бастады. Кейде облыс әкімінің ұсынысымен аптасына екі министр келіп, маңызды шешімдер қабылдап кететін кездер де болды. Мұнан бөлек, шетелдік ірі бизнес иелері, инвесторлар облыс болашағына сенім білдіріп, түрлі жобаларын жүзеге асыруға ынталанды.
Халықаралық қаржы қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі секілді ірі қаржылық ұйымдардың атын, немен айналысатынын Қызылорда халқы сол кезде естіп, білді.
Арнайы экономикалық аймаққа валюталық-қаржылық және салықтық жеңілдіктер беріледі, шетел капиталын тарту көзделеді.
Облыстағы салықтан түскен ақшаның көп мөлшері облыстың өз бюджетінде қалады.
Жалпы, сол кездегі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы АЭА құрылған соң күрт көтеріле берді.
Арнайы экономикалық аймақ құру оп-оңай іске асқан жоқ. Бұл Бердібек Машбекұлының табандылығы, беделі, білімі ғана емес, ерлігі арқылы келген жеңісіміз болатын.
Мен осы кезеңде облыс әкімдігіне консультант болып жұмыс істедім.
Бұл жылдары ескі сүрлеуден жаңа тәсілге ауысқан облыс әкімдігіндегі жұмыс уақытпен санаспайтын. Талап қатаң, жауапкершілік жоғары.
Бұл кісінің бір ерекшелігі, облыс басшысы болса да кәсіби мамандардың кеңесін басшылыққа алатын, тиімді ұсыныстарын жобаларға енгізетін. Тіпті жас мамандардың да ой-пікірін біліп, сұрақ қоятын. Біз үшін бұл өте таңғаларлық жағдай еді. Мұның сырын қазір түсінген сияқтымын. Бердібек Машбекұлы жастармен пікірлесу арқылы олардың білім деңгейін, жинаған тәжірибесін бағамдайды екен. Сөйтіп сөзі мен ісі үйлескен, жалынды жастарға қолдау білдіретін.
Бір күні қабылдауында болғанымда облыс әкіміне сұрақ қоюдың сәті түсті. «Үкімет мүшелерін және шетел инвесторларын өңірге жиі шақырасыз. Өзіңіз солармен бірге облыстың шалғай ауылдарына дейін барасыз. Нақты шешімдер қабылдап, оны хаттамаға енгізесіз. Осыны орынбасарларыңызға тапсыруға болмай ма?», – дедім. Жылы жымиған облыс басшысы: «Өзім бармасам, көтерілген мәселенің күрделі екенін сезінбеймін. Жеке бақылауыма алып, өзім араласқанның нәтижесі бөлек болады», – деді.
Арада қаншама жылдар өткеннен кейін Кеит Ферраццидің «Никогда не ешьте в одиночку» кітабы қолыма тиді. Әлемдегі №1 нетворкер өз туындысында дәл осылай жазыпты. Яғни, бірінші басшы әрбір мәселені жеке бақылауына алып, өзі араласса, онда жұмыс та тез бітеді әрі нәтижесі де жақсы болады. Бұл қағиданы мен жұмысыма басты арқау еттім. Бердібек Машбекұлының айтқаны маған үлкен сабақ болды. Еңбек жолымда осы ұстанымды әлі басты назарыма алып келемін.
Қызылорда қаласының әкімі болып қызмет еткен кезімде де ой-жоспарларымды Бердібек Машбекұлына ұсынып, ақыл-кеңесін алып тұрдым.
Ол кісі маған: «Осы бағытың дұрыс, әр мәселені, тапсырманы жеке өзің қадағала, ауылдарды да өзің арала, көзіңмен көр, мамандарға сеніп қалма, тіпті базарларға, аулаларға дейін жаяу бар, жертөлелерге дейін кір, халықпен бірге бол», – дейтін. Осы қағидамен жүрдім.
Жалпы мен Бердібек Машбекұлын ұстазым деп айта аламын. Өйткені, менің таза, анық қазақша сөйлеуіме де жол көрсеткен сол кісі.
Мектепті де, жоғары оқу орнында да орыс тілінде бітіргендіктен маған өз тілімде көсіліп сөйлеу кейде қиындық туғызатын. Соны байқаған болуы керек, бірде телеарнадан сұқбатымды көрген Бердібек Машбекұлы маған: «Мұрат, сен қолың бос кезде, қазақша газеттерді дауыстап оқы, сосын қазақша жақсы сөйлейтін боласың», – деді.
Осы тәсіл маған өте жақсы әсер етті. Дауыстап оқу мен үнсіз көзбен оқудың айырмасы бар деп ешкім де ойламайтын шығар, мен сонда көп білетіндігіне таңғалдым.
Бердібек Машбекұлы тәуелсіз Қазақстан тарихында бес облысты басқарған, екі мәрте министр, екі мәрте Үкімет басшысының орынбасары болған бірден бір тұлға.
Мемлекет басшысы қай жерде жағдай ушығып тұрса, Бердібек Машбекұлын сол жерге басшылыққа жіберді. Өйткені, оған сенім артты, оның халықпен тіл табыса алатынын, бастаған ісін аяғына жеткізетін табандылығын танып, бағалады.
Бердібек Машбекұлының Ақтөбе мен Жамбыл облысына әкім болып баруында сонда өзекті мәселелердің туындауы себеп болды.
Шығыс өңіріне әкім болып барғанда бұрын-соңды болып көрмеген қаһарлы қыс, оған қоса көктемгі су тасқыны төтенше мәселеге айналды. Үш-төрт ай бойы үзіліссіз жауған қалың қар, үскірік аяздан күре жолдар жабылып қалды, онан соң күннің күрт жылынуы мен тоқтаусыз жауған жаңбырдан соң бірнеше елді мекенді су басып кетті. Баспанасыз қалған, дүние-мүліктерінен, малдарынан айырылған халық әбігерге түсті. Осындай сын сағатта облыс әкімі қауіптің алдын алу шараларын ұйымдастырды, қар құрсауындағы аудандарды аралап, тиісті шаралар қабылдады. Республикадан, басқа өңірлерден қар тазалайтын және басқа да техникалар, ұшақтар жеткізілді. Тасқынға тосқын қойылды.
Бердібек Машбекұлының осынша күш-қуатты қайдан алатыны, күн сайын иығына түсетін ауыр жүкті қабақ шытпай қалайша арқалап жүргені таңғалтатын. Белі беріштен, қолы құрыштан жаратылғандай жан еді.
Мен мұның астарында елін сүйген жүрек, халқына сарп еткен қайрат жатыр деп білемін.
Атақты жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Бердібек Сапарбаев – халыққа болса екен деп, ел ішінде жақсы атым қалса екен деп, таңның атысы мен күннің батысы аянбай тер төгетін азамат. Ең бастысы, бүгінге емес, болашаққа жұмыс істейтін қайраткер. Жүрек жылуы мол адам!», – деп жазып кеткен екен.
Бердібек Машбекұлы Сапарбаев – адами үлгісімен бір дәуірдің үні, қызметтік өнегесімен өлмес өмір сыры болып ұрпақ жадында жасай беретін есім. Артында өшпестей із қалдырған ағамыздың жарқын бейнесі халқымыздың есінде мәңгі сақталады.
Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,
Қызылорда облысының әкімі





