Инновациялық жобалар қоғамдық қауіпсіздікті күшейтеді

130

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше «Өнер орталығында» «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және өзара іс-қимылдың басымдықтары» тақырыбында форум өтті. Форум жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Абзал Құспан, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, құқық қорғау органдары мен жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосуды ұйымдастырудағы мақсат – өңірде қоғамдық қауіп­сіздік пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы мәселелерді талқылап, алдағы бірлескен маңызды міндеттерді айқындау. Қонақтар алдымен қоғамда заңдылық пен тәртіп қағидаттарын нығайту бағытындағы инновациялық озық дағдыларға негізделген жобалармен танысты. Одан кейін облыс әкімі Мемлекет басшысының әділетті, таза, қауіпсіз Қазақстан құру туралы тапсырмасын орындау барысын баяндады.

– Биыл 1 сәуірде 2025-2030 жылдарға арналған қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді. Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыруда облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлымен бірлесіп кешенді шараларды қолға алып, жаңа бастамаларға үздіксіз қолдау көрсетіп келеміз. Соңғы үш жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Биыл бұл мақсатқа 2 млрд 800 млн теңге бөлініп, заманауи құрылғылармен, жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Біз полиция қызметін жаңғырту арқылы әрбір сақшының жұмыс өнімділігін арттыруға, заңсыздықтың алдын алуға, қылмыстарды жедел ашуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізудеміз, – деді аймақ басшысы.

Еліміз бойынша полиция бөлімдерінің жедел басқару орта­лықтары алғаш рет өңірімізде ашылды. Бейнебақылау камераларының желісі көбейіп келеді. Барлық ауданда 539 бейнебақылау, 49 жылдамдық өлшеу камерасы орнатылды. Полиция қызметкерлеріне арнап заманауи құрылғылармен жабдықталған 128 автокөлік сатып алынды. Биыл тағы 31 қызметтік көлік беру, арнайы құрал-жабдықтар санын арттыру жоспарланып отыр.

Құқық қорғау органдарымен бір­лескен шаралар нәтижесінде облыстағы ахуал тұрақты. Оның дәлелін ста­тис­тикадан көреміз. 2015 жылы 6 мыңға жуық қылмыс тіркелсе, он жылдан кейін бұл көрсеткіш 1158-ге дейін азайды. Соңғы үш жылда құқық­бұзу­шылықтың деңгейі едәуір төмендеді. Рес­публикада тіркелген қылмыстық құ­қық­бұзушылықтар саны жөнінен Қы­зыл­орда облысы ең төменгі позицияда тұр.

Облыс әкімі қызылордалықтарды қоғамда Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, аза­мат­тар үшін қауіпсіз орта құру, құқық­бұ­зушылық профилактикасын жетіл­діру жұмысына құқық қорғау ор­­ган­да­рымен бірге атсалысуға ша­қыр­ды.

Форумда Сенат депутаты Н.Байқа­дамов, мемлекет және қоғам қайрат­кері О.Асанғазы, Мәжіліс депутаттары М.Әбен­ов, А.Құспан сөз сөйледі.

Облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев қадағалаушы органның бастамасымен қолға алынған жобалар нәтижесінде биыл қылмыс деңгейі 7%-ға төмендегенін жеткізді. Талдау нәтижесі қылмыстың басым көпшілігін адамдар мас кезінде жа­сайтынын көрсетті. Осы ретте «Қыл­мыссыз аймақ» жобасы аясында про­куратураның алкоголь өнімін сатуды шектеу туралы ұсынысына 100-ден астам кәсіпкер келіскен. Бүгінгі күні өңірде 7 ауылда дүкен егелері сөреден ішімдік атаулыны алып тастады. Қо­ғамдық ұйымдардың зерт­теуіне сәйкес Қызылорда алкоголь өніміне ең аз қаражат жұмсаған үш облыстың қатарына енді.

– Қылмыстардың ішінде ең көп тіркелетіні – алаяқтық, әсіресе, ин­тернет алаяқтығы. Оның басты себебі – әлеуметтік-экономикалық фактор және технологиялық прогресс. Қыл­мыс­керлер заман ағымымен жаңа құ­ралдарды қолдануда. Біз де ескі стерео­типтерден арылып, заманауи жобалық тәсілдерге көштік. Жасанды интеллект мүмкіндігін кеңінен қолдану мақ­сатында «IT тергеу» жобасын іске қос­тық. Жоба аясында 820 қылмыстық іс бойынша 1300 ұялы телефон нөмірі тексеріліп, 3126 қылмыс ашылды. Со­нымен қатар 270 дроппер анықталып, 434 млн теңге өндірілсе, хабар-ошарсыз кеткен 192 адам тәулік ішінде табылды. Бұған қоса қылмыстық құқық­бұзу­шылықтың алдын алуға бағытталған «Aimap» және «Smart» жобаларын әзірледік. Жобалар қылмыстың себеп-салдарымен күресуге емес, оның алдын алуға жоғары мүмкіндік береді, – деді Нұрболат Дүйсенбаев.

Интернеттегі алаяқтықты дер кезінде ашу, сапалы тергеп-тексеру мақсатында «Киберпол» тобының құ­рамы жаңарып, ұжым кедергісіз қызмет жасау үшін арнайы ғимаратпен қам­тамасыз етілді. Ал «Smart білезік» жо­басы қылмыстың алдын алуға, сот­талғандар мен күдіктілерді бақылау процесін цифрландыруға ықпал етеді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құ­қықбұзушылық профилактикасы үшін «Urpaq» жобасы жүзеге асы­рылуда. Жоба аясында Telegram мес­сенд­­жерінде «Urpaq» боты іске қо­сыл­ды. Кәмелетке толмағандар бот арқылы білім беру ұйымдарындағы жәбірлеу фактілерін тез арада хабарлай алады.

Облыстық прокуратура балалар мен жасөспірімдердің бойында құ­қық­тық сана, сыбайлас жемқорлық пен лудо­манияға қарсы мәдениет, бул­лингке жол бермеу негіздерін қалып­тастыруға бағытталған «Adal bala» цифр­лық білім беру порталын әзірледі. Жиында пор­талдың мақсаты баян­дал­ған бейнежазба көрсетілді. Жоба автор­лары порталдың жергілікті жас­тар арасында жаңа құқықтық мәде­ниетті қалыптастыру алаңы бола­ты­нына сенімді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»