Мектеп директорлары арасында І республикалық байқауы басталды

954

0

Бүгін Қызылордада «Edcrunch Headmaster» атты мектеп директорларының арасында ұйымдастырылған І республикалық конкурсы басталды.

Елімізде ең алғаш рет өткізіліп жатқан байқаудың ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қатысып, мектеп басшыларына сәттілік тіледі.

Бүгінгі облыстық білім басқармасы мен «Серіктес директорлар» лигасының ұйымдастыруымен өткізіліп жатырған бұл директорлар конкурсы мектеп басшылары үшін үлкен серпіліс сыйламақ. Білім беру жүйесінде жүріп жатқан өзгерістер педагогтардың ғана емес, білім беру ұйымдары басшыларының да үздіксіз кәсіби дамуы қажеттігін айқындап отыр. Сондықтан да, Лига өзге де облыстардың білім беру басшыларымен әріптестік тәжірибе алмасу бағытында алғаш рет конкурс өткізуді мақсат етті. Саласындағы ортақ құндылықтарды дамыту, идеялар алмасу арқылы жаңа көзқарастағы азаматтарды қалыптастырамыз. Сол себепті Сыр төрінде ұйымдастырылып отырған бүгінгі конкурс жұмысына сәттілік тілеймін!, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Шығармашылықпен жұмыс жасайтын басшыларды анықтау, қолдау, тәжірибе тарату және білім беру ұйымының озық инновациялық идеяларын насихаттауды мақсат тұтқан байқауға Шығыс Қазақстан, Ақмола, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларынан 6 директор қатысып, 5 кезең бойынша бақтарын сынауда.

Білім бәсекесінде білім беру ұйымдарының басшылары І кезеңде соңғы 3 жылдағы жетістіктері бойынша «Мен табысты басшымын» тақырыбында бейнеролик көрсетсе, ІІ кезеңде «Басқарудағы менің жетістіктерім» тақырыбында өз мектебі бойынша атқарған жұмыстарының таныстырылымын жасап, ІІІ кезеңде «Жаңа мектеп – жаңарған жоба тақырыбында өз жобаларын қорғайтын болады. Ал, ІV кезеңде мектеп директорлары TedX – форматында берілген тақырып бойынша ашық алаңда пікірлері мен ұсыныстарын жеткізсе, V кезеңде басқару жағдаяттарын шешу бойынша сайысқа түседі.

Айта кетейік, білім бәсекесі ертеңге дейін жалғасып, жеңімпаздар арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<