Оқу орталықтары: Күнгей мен көлеңке

6

0

Бір топ ата-ана. Есікке телміріп отыр. Іштен шыққан баладан «қанша алдың?» деп жамырай сұрайды. Көңілі түскен бала аз ұпай жинағанын қымсына айтады. Анасы арқасынан қағып, көңілін аулап барады. Енді бірі қуаныштан бөркін аспанға атып, жоғары ұпай жинағанын айтып мәз. Иә, бұл дарынды балаларға арналған мектепке түсу үшін тест тапсыру орталығындағы көрініс. Бәрінің арманы бір. Баласы үлгілі мектепке түссе деген ниет. Сол үшін ақылы орталыққа береді. Бір жағынан еңбек ақталғанын қалайды.

Қазір оқушылардың көбі мектептен кейін оқу орталығына қосымша білім алуға барады. Баласынан қаражат аямайтын ата-ана курс сатып алуды құп көреді. Әсіресе, іргелі білім ордалары мен белді жоғары оқу орындарына түсу үшін арнайы даярлайтын орталықтар бар. Қызметі ақылы болса да баласын қатарынан қалдырғысы келмейтін ата-ана көп. Сұраныс болғаннан кейін мұндай орталық күн санап көбейіп келеді. Сонда орталықтағы білімнің мектептегі білімнен артықшылығы бар ма?

Әлеуметтік желіде де оқу орталықтары жайында ақпарат толып тұр. Парақшасын ашып, ақпарат алуға болады. Тіпті нөмір қалдырып, кері байланыс орнатуға да мүмкіндік бар. Егер баланың үй тапсырмасын орындауға ерінсеңіз, онлайн мұғалім де табылады. Демек, сұраныс бар.

Қызық былай басталды. Балам 6-сыныпта оқиды. Бірде математика пәнінің мұғалімі қоңырау шалды. Баламның үлгерімі жақсы екенін айтып, жазда болатын Назарбаев зияткерлік мектебі, қазақ-түрік лицейі, фи­зи­ка-математика бағытындағы және дарынды бала­ларға арналған мектепке түсу емтиханына қатысуын сұрады. Ол үшін арнайы оқу орталығына беруім керек екен. Содан қаладағы барлық оқу орталығы жайында зерттедім. Бәрі де баланың алдымен деңгейін бағалайтын тест арқылы қабылдайды екен. Содан баланың зейінін ашатын бір орталыққа тоқталдық. Мұғалімдердің басым бөлігі жастар. Сабақ оқыту тәсілдерін айтып, жетістіктері ілінген тақтаны көрсетіп, керемет түсіндірді. Құп көрдік. Осылайша бала дайындықты бастады. Аптасына үш рет барады. Айлық оқу ақысы 70-80 мың теңге арасы. Бір жылға жуық оқыды. Тіпті мұнда екі жылдан бері білім алатын балалар да бар. Жеңілдігі де қарастырылған. Байқағаным баратын баланың қарасы көп.

Көктем келіп, әлгі мектептерге қабылдау басталды. Дайындық күшейді. Апта сайын тест алады. Ұпайы жаман емес. Көбіне логикалық тапсырмалар орындайды. Баланың деңгейін көтеру үшін оқыту тәсілін жетілдіріп отырады. Ата-анамен де байланыс жүйелі.

Алғашқы тест күні. Назарбаев зияткерлік мектебіне келіп тұрмыз. Оқушылар мектепке қарай ағылды. Қаншама ата-ана  сыртта күтті. Аңғарып қарасам, көпшілігі оқу орталықтарына әу бастан барған. Тіпті қосымша курс сатып алғандар да бар екен. Аталған мектептерге кемі 4-5 мың бала тапсырып жатыр. Бірақ бөлінген грант өте аз. Мәселен Кенже Айтбаева (аты-жөні өзгертіліп алынған)  баласын екі жылдан бері арнайы оқу орталығына береді. Айына 74 мың теңге  төлеген. Былтыр үлкен баласы осы орталықта дайындалып, дарынды балаларға арналған мектепке қабылданды. Енді ортаншы баласын дайындыққа тасыды.

– Баламның жақсы оқығанын қаладым. Бесінші сыныпқа көшкенде ақылы орталыққа бердім. Алғашында мектептегі мұғаліміне қосымшаға бергім келді. Бірақ олар бас тартты. Солай осында келдік. Қазір мектепте қосымша оқыту жоқ. Мұғалімдердің өзі үлгерімі төмен балаға қосымша оқу орталықтарына баруға жөн сілтейді. Бұрын бізді қосымшаға мұғалім алып қалатын. Ол еңбегіне ақы сұрамайтын. Қазір басқаша. Амал жоқ, үлгерімін жақсарту үшін ақылы оқу орталығына беруге тура келеді. Иә, бізде оқушы болдық. Мұғалім біздің талабымызға қарап, бағыт беретін. Мен 10-сынып оқып жүрген кезде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі зейнетке шығатын болып, мені 11-сынып оқушыларымен бірге дайындады. Күнде түстен кейін қосымшаға келетінмін. Бар ынтасын салып, оқытты. Есесіне 11-сыныпта басқа сабаққа дайындалдым. Айтайын дегенім ұстаздың оқушыдан үміт күткені болар. Зейнетке шығып кетсе де, дайындықты жалғастыра берді. ҰБТ кезінде жоғары балл жинадым. Ұстазым қуанды. Міне, біз білім алған тұстағы көрініс. Ал қазір көпшілік баласын ақылы курс пен орталыққа тасиды. ҰБТ тапсыратын балалар арнайы курстарға тіркеліп, сол арқылы дайындалады, – дейді ол.

Ал, Толқын Сапарова баласын қосымша орталық­тан бөлек, онлайн мұғалімнің апталық, айлық, жылдық курстарын сатып алған.

– Ағылшын, орыс тіліне шорқақ болғандықтан онлайн мұғалімге жүгіндім. Интернетті ақтарып әлгі ұстаздың сабағын ұнаттым. Балаға жеңіл түсіндіреді. Аптасына үш күн қосымшаға барса, үш күн онлайн өзге пәндерді оқиды. Осылайша сабағын қадағалап отырдым. Бірақ балам ойдағыдай балл жинай алмай қалды. Енді 7-сыныпты өзінің мектебінде жалғастырады. Қанша қаражат жұмсалды. Бірақ еш өкінбеймін. Себебі баламның білімі тереңдей түсті, – дейді ол.

Былтыр пайдалануға берілген физика-математика бағытындағы мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының қабылдау емтиханына биыл 3574 оқушы тіркелген. Оның 1682-і қызылордалық бала болса, қалғаны өзге өңірден. Мектепке 75 оқушы ғана түсе алады. Сонда 1 орынға шамамен 48 талапкерден келеді. Мұнда білім беру әдісі  мемлекеттік стандартқа сай, айырмашылығы, жаратылыстану пәндерінің барлығы ағылшын тілінде оқытылады. Физика-математика пәндері аптасына 4-5 сағат, сонымен бірге ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға басымдық берілген.

Қабылдау тәртібі жөнінде айтар болсақ, ақпан айының 1-нен басталады. Емтиханға қатысқан оқушылар арасынан іріктелген 75 оқушы 7-сыныпқа қабылданады. Бір сөзбен айтқанда, білім ошағы математика пәніне қызығушылығы зор, жаратылыстану бағытында жан-жақты ынталы бала­ларды тереңдетіп оқытады. Бұл мектептің тест өтетін күні де еліміздің түкпір-түкпірінен ата-аналар ағылды. Бәрінің де үміті – баласының үлгілі оқу ордасының оқушысы атану. 

Бұдан бөлек, қазір ағылшын тілі секілді өзге тілді үйрететін курстар да жетерлік. Бірі аптасына екі-үш реттен жұмыс істесе енді бірі күнделікті бір-екі сағат тілді үйретеді.

Осы тұста мұғалімнің де ойын білдік.  Бақыт Айдынқызы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, қосымша курс жүргізеді.

– Он жыл мектепте еңбек етіп келемін. Былтыр қосымша орталықтан ұсыныс түсіп, ағылшын тілінен сабақ беремін. Негізінен 3-11 сынып балалары келеді. Баланың грамматикадан бөлек, ағылшын тілінде еркін сөйлеуіне жұмыс жасаймын. Көп ата-ананың да талабы осы. Мектепте мұғалім 20-30 балаға сабақ береді.  Әр баланың қабілеті әрқалай. Біреуі тез меңгеріп кетсе, енді бірі баяу қабылдайды. Сол себепті барлық баламен бір мезетте жұмыс істеу оңай емес. Ал қосымша оқу білімін тереңдетуге мүмкіндік береді, – дейді ол.

Ал ақылы оқу ортfлығында орыс тілі пәнінен сабақ беретін Айкүнім Есетова мұндай орталықтар балалардың білімін шыңдап ғана қоймай, дарынды балаларға арналған мектепте білім алуға жол ашатынын айтады. Оқу орталықтары сынып ашқан кезде аз баланы қамтиды. Кемінде 7- 8 оқушыны қабылдайды. Себебі аз баламен жұмыс істеу оңай. Жеке-жеке көңіл бөлуге болады. Ал мемлекеттік мектептерде сынып толық. Тақырыпты 45 минутта барлық балаға жіті түсіндіріп шығу қиын екенін жеткізді. Әрі дарынды балаларға арналған мектепке түсу үшін мектеп бағдарламасынан тыс тапсырмалар келеді. Сол себепті ата-аналар тарапынан   сұраныс болғандықтан ақылы оқу орталықтарының жұмысы күшейіп келетінін де жасырмады.

Осы мәселеге орай мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ҰБТ жоғары балл алған түлектердің жетістігіне тек орталықтарды ғана телу дұрыс емес деп санайды. Баланың жетістікке жетуі – үлкен табандылықтың, білімнің, біліктіліктің және ата-ана, мектептің үлкен еңбегінің нәтижесі. Депутаттың пікірінше, 1-3 айда немесе бір жылдың ішінде баланы дайындап шығатын ерекше технология жоқ екенін де жеткізді.

Иә, қазір 11-сынып түлектері де арнайы ҰБТ-ға курс сатып алып дайындалады. Мектепке салмақ салмайды. Есесіне ата-ананың қалтасын, әлек. Бәрінен де маңыздысы сол кеткен еңбек ақталса игі.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»