Сансыз сырлы Сауысқандық сапар осылай басталды…

4

0

Біз әуелде Қызылордадан шығып, екі сағаттай уақытты артта қалдырдық. Бағыт – Шиелінің «Еңбекші» ауылы. Дәл осы үлкен жолдың («Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны) бойынан солға қара­ғанымызда Қаратаудың соңғы сілемдері мұнартып жатқан. Ендігі барар жердің межесі алыс емес. Әрине, жүрдек көлікпен солай. Міне, жүргізушіміз де Шиелінің өкпе тұсынан солтүстікке қарайғы шағын жолға бұрылмақ ниетін аңғартты. Рулін де солай бұра берген.

Ілгері ентелеп келеміз. Ендігі жолды тегіс асфальтты деуге келмес. Ойдымы көп жолда көлік доңғалағын ала қашқан шопырдың да қабағы келмей тұр. Алда тал-шыбығы мол ауыл көрінді. Әлгі айтқан «Еңбекші» дейтін ел осы. Ал біздің көлік жол бағытымен ауыл сыртын орай айналды.

– Алда әлі 60 шақырым жол бар.

– Оны білдік. Жолы тегіс пе?

– Машина алқынатындай емес. Әзір жақсы.

Көлік алдында отырған әріптестердің әңгіме ауаны осындай. Шағын авто­бусы­мыз тау бөктерінен кен тасып жатқан үлкен жүк көлігінің біріне ілесе берді. Ал бұл жақтан жергілікті кәсіпорын ваннадий өндіретінін бұрын естідік. Кен орны да тау арасындағы Сауысқандық шатқалында екен.

Біздің де іздегеніміз осы мекен. «Сыр медиа» серіктестігінде істейтін бір топ әріптестің қызығушылығын оятқан дүние тау ғана емес. Осында сан ғасыр бұрын тасқа таңбаланған бейнелердің бір бөлігін көзбен көрмек. Таң білінер-білінбестен қаладан ерте аттанғаны да сол. Ал бұралаң жол тау арасына жетелеп барады…

Қола дәуірінен жеткен қазына

Сырда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы айтқандай, қой­науын түртсең тарихы төгілетін Қаратау жотасында құпия көп. Тек зерттеуі кемшін. Белгілісі – осындағы Сауыс­қандық шатқа­лындағы тастағы бейнелер. Осы петро­глиф­тердің нақ қай заманда салынғаны жайында тек ғылыми есептеулер ғана бар. ЮНЕСКО тізіміне алдын ала үміткер ретінде тіркелген орынның бүгінгі қалпын баяндасақ.

Алғашқы тақырыпта айтқанымыздай, біз тарихи жәдігерлер топтасқан маңға жеткенімізде, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Нұрболат Пірімбет пен Шиелідегі жергілікті тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегі бастаған жігіттер күтіп алған. Амандық, жол болсын айту, келген мақсатты қысқашалап жеткізем дегенше жарты сағат уақытты «жеп» бітірдік. Мұнан соң қызығы мен құпиясы көп шатқалға қарай өздері ілестірген. Қат­парланған жартасты қиялап өрлей бердік.

Сансыз сырлы Сауысқандық сапар осылай басталды...

– Архелогтардың берген мәліметінде, суреттер біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдық шамасында тасқа қашалып жазылған. Олар да бір мерзімді нақтылап көрсете алмайды. Қола дәуірінен бері қарай есептесек, орта ғасыр не одан бе­ріректе қашалуы әбден мүмкін. Бұл ескерткіш аумағы 2013 жылдың желтоқ­санынан бері мемлекет қорғауына алынды. Оның алдында, дәлірек айтсақ, 2004 жылы Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы профессор әрі жерлесіміз Мадияр Елеуов басқарған «Тұран» археологиялық экспедиция мүшелері зерттеді. Жартасқа салынған суреттердің ірі шоғыры табылған кез де осы уақыт. Әрине, оған дейін жергілікті халық, мал өрістеткен ағайындар бұл суретті көрмеді емес, көрді. Дегенмен ғылыми зерттеуге кейінірек ден қойылды ғой, – дейді жол-жөнекей Бекболат аға.

Өлкетанушының айтуынша, мемле­кет қорғауға алған бірнеше гектар ай­мақты кейіннен Сағынбай Мұрғабаев бастаған археологтар да көбірек зерттеп жүр. Жалпы Сауысқандыққа барға­ны­мыз­да тау етегінен басталған мұндай петроглифтер жоғарылаған сайын кө­бірек көзге түсе бастайды. Көзге де анық көрінгені, мысалы, шоқ­пар­лы ер адам, дабылдатқыш ұстаған би тобы, арба, жылқы, түйе, арқар, басқа түрлі жабайы аң немесе құс бейнелері сол дәуірдегі адам­дардың тұрмыс салтын, шаруа­шы­лығын, діни түсініктерін бейнелейтіндей.

– Президент айтқандай, сонау қола дәуірінен қазіргі заманға дейін жеткен мұндай қазына сөз жоқ, ұлықтауға лайық. Жан-жануарлар мен аңшылық, өзге де бейнелерді тасқа түсірген халықтың өз  тұр­мысын анық айқындап тұр емес пе? Әрі біздің Сыр бойындағы бейнелеу өнерінің тарихы осы Қаратау сілемдеріндегі жартастар бетіне қашап, ойып салынған адамдар мен жануарлар тұрпатты петро­глиф­терден басталатыны рас дүние, – дейді Бекболат Әбутегі.

Қамқорлық әлі де қажет

Тастағы әр суретке үңіле қараймыз. Кейбірі тіптен анық, енді бір сурет бұлыңғырлана бастаған. Бір келеңсіз нәрсе – қашалған петроглифтер жанына кейінгі келушілер салған жағымсыз суреттер. Адам есімдері немесе басқа да түрлі таңбалар.

– Бұл – тарих. Құрметпен қарау керек. Келушілер, әсіресе, жастар осындай қосымша петроглифтер жанына неше түрлі сурет салып, есімін жазып кетеді. Екінші мәселе – өндірістің жақын маңда орналасуы. Әлгінде сіздер өткен жолда ваннадий кен кәсіпорнын байқа­дыңыздар ғой. Ваннадийді осы тау қыртыстарынан алады. Әрине, жарыл­ғыш зат қолдана отырып, тау ара­сын сөгеді. Мұндай дүмпу әр таңбалы тастың орнынан жылжып, не құлап, бірінің астына бірі түсіп, көзге көрінбей қалуына әкеліп отыр. Одан бөлек, табиғи фактор, ауа райының әсерін қосыңыз. Сенсеңіз, бұрын осында 12 мыңнан астам сурет бар болса, қазір 2 мыңға жуық петро­глифтен айырылып қалдық деп айтуға болады. Жалпы тастағы суреттердің негізгі бөлігі таудан бері қарай ағатын арна бойында жатыр, – дейді Бекболат Әбутегі.

Бекболат ағамыз кейіннен археолог Сағынбай Мұрғабаев­пен бірге кен басшылығымен сөйлесіп, ке­лісімге келген. Тарихи ес­керткіш пен оның маңыз­дылығын түсіндіріп, құжат бойынша кен өндіру аймағын да әбден шеген­деп алыпты. Арнайы кар­таға енгізіп, жа­рылыс аумағының тарихи орынға қарай өтпеуін, яғни таңбалы тастарға зиян келмейтіндей мүм­кіндік туғызған. «Бәре­келді» дейтін­дей игі іс еді бұл.

Сансыз сырлы Сауысқандық сапар осылай басталды...

– Құзырлы орынға бірнеше рет айтып келеміз. Мұнда арнайы «Сапар» орталығын салып, қажетті инфра­құры­лымды тарту керек. Бір жақсысы, осы жерге дейін электр бағаналары жүрген. Жолы да жаман емес. Ендігісі келушілерге арналған үй, тазалық нысандары, әжетхана керек. Таңбалы тастарды бүлдіруге болмайтыны туралы ескертпе-тақтайды қоса айтамын. Өйт­кені, өзімізден де, өзге өңірден де келуші турист көп. Арнайы штатпен әрі ауы­сыммен жұмыс істейтін экскурсовод, күзет, тазалыққа жауапты маман сияқты қызметкерлерді қойып, жұмыс жүргізуге не кедергі? Ал жазғы­тұрыдан бері қарай күн суытқанша тарих пен тау қойнауына қызығушылар үшін ақылы негізде билет сататын орын болса, тіптен жақсы. Бюджетке де қаржы түседі, – деген музейдің ғылыми қызметкері ұсы­ныстарын санамалап берген еді.

Мұнан бөлек, ол биік жартаста қашалған петроглифтерге апаратын жаяу жүргінші жолы мен әр бағыттан адастырмайтын белгілер орналастыру қажеттігін де баса айтып отыр. Себебі, келген көп туристің адасып, тастағы құпиялы суреттерді таппай жүргені рас.

Экономиканың бір кілті – туризмде. Осылай деп айтқанмен, салаға жіті көңіл бөлуіміз аз. Қайталай беріп қайтеміз, Сырдағы көп тарихи нысанға қажетті инфрақұрылымның күйі жоқ. Ал бір турист келіп-кетуімен жүз туристің құлағын көтеретін Сауысқандықтың сыры әлі деп көп болар. Қайталанбас құнды­лықты сақтауға, ұлықтауға қамқорлық болмаса, мұндай қазына аз жылда жойылмасына кім кепіл?!

Сапар бойы осындай ой жетегінде жүрдік…

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»