Сыр энергетикасының жаңа дәуірі

6

0

Қай өңірдің де тыныс-тіршілігі қашанда еңбекпен, өндіріспен, тіршілік нәріндей болған жылу және жарықпен тығыз байланысты. Қай кезеңде де елдің еңсесін тіктеп, қаланың қанатын кеңге жаюына, өндірістің өркендеп, халықтың тұрмыс сапасының артуына ең алдымен тұрақты энергия қажет. Өйткені жарық пен жылу бар жерде ғана тіршілік тоқтамайды, өндіріс іркілмейді, жаңа құрылыс бой көтереді, жаңа жұмыс орны ашылады. Осы тұрғыдан алғанда, Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының салынуы әлеуметтік-экономикалық өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі.

Бұл – жай ғана жаңа нысанның іске қосыла бастауы емес, тұтас аймақтың энергетикалық тәуелсіздікке, өндірістік қуатқа, инвес­тициялық тартымдылыққа қарай жасаған тарихи қадамы. Кеше ғана ескі орталықтың шектеулі қуатына қарап, сырттан келетін электр энергиясына тәуелді болып отырған өңір бүгін өз қа­жет­тілігін өзі өтеуге жақындады. Тіпті алдағы уа­қытта артық электр энергиясын басқа аймақ­тарға беруге мүмкіндік алмақ. Мұндай өзге­рістің артында үлкен еңбек, уақытпен санаспай жұмыс істеген мамандардың табан­дылығы, мемлекет қолдауы мен инвестор сенімі тұр.

Қызылордадағы жылу-электр орта­лығы­ның тарихы өткен ғасырдың алпысыншы жыл­­дарынан басталады. 1964 жылы пайда­лануға берілген алғашқы станция сол кездегі өндірістік қажеттіліктен туған еді. Қаладағы целлюлоза-картон зауытын бумен, Байқоңыр ғарыш айлағын электр қуатымен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Сол кезең үшін бұл стра­тегиялық маңызы аса жоғары нысан болатын. Алғашқы кезеңде оның электр қуаттылығы 24 мегаватт болды. Бүгінгі өлшеммен қарағанда бұл аса үлкен көрсеткіш емес секілді көрін­генімен, сол заманның сұранысы үшін жет­кі­лікті еді. Өйткені ол кезде қаланың көлемі де, халық саны да, өндірістік жүктеме де қазір­гімен салыс­тырғанда әлдеқайда аз болатын.

Кейін Қызылорда қаласы өсіп, өңірдегі әлеуметтік нысандар көбейіп, тұрғын үйлер салынып, өндірістік кәсіпорындар қатары артқан сайын жылу-электр орталығының қуатын ұлғайту қажеттігі туындады. Осыған байланысты 1966-1989 жылдар аралығында станцияның екінші, үшінші, төртінші кезеңдері іске асырылып, электр қуаты 160 мегаватқа дейін жеткізілді. Бұл кезеңде орталық өңірдің дамуына үлкен серпін берді. Жылу мен жарық тұрақты болған жерде қала да кеңейді, өндіріс те өркендеді. Қаншама әлеуметтік нысан, мектеп, аурухана, тұрғын үй осы орталықтың қуатына сүйенді.

«Қызылорда­жылу­электр­орталығы» МКК директоры Бақытжан Молдимановтың айтуынша, ескі орталықты тек тозған нысан ретінде ғана қарауға болмайды. Оның Сыр өңірінің тарихында өзіндік орны бар.

‒ Бұл станция талай жыл бойы Қызылорданың жүрегі секілді жұмыс істеді. Әрине, бүгінгі күннің талабымен қарасақ, оның мүмкіндігі шектеулі, жабдықтары ескірген, қуаты аз деп айтамыз. Бірақ 1964 жылдан бастап қаншама жыл бойы қалаға жылу беріп, электр энергиясын өндіріп, халықтың тұрмысына қызмет етті. Сол орталық арқылы талай маман қалыптасты, энергетика саласының тұтас мектебі пайда болды. Сондықтан біз өткен тарихқа құрметпен қараймыз. Жаңа станция сол еңбектің жалғасы, жаңа заманға бейімделген келбеті, ‒ дейді директор.

Расында да, ескі жылу-электр ор­талығы Сыр өңірінің өндірістік жә­не әлеуметтік дамуына бірнеше он­жыл­дық бойы қызмет етті. Алайда уақыт ештеңені аямайды. Кез келген техникалық нысан секілді бұл стан­ция да жыл өткен сайын тозды. Қазан­дықтар мен турбиналардың пайдалы әсер коэффициенті төмендеді, жөндеу жұмыстары жиіледі, отын шығыны арт­ты. Ең бастысы, облыстың өсіп келе жатқан сұранысын толық қамтамасыз етуге шамасы жетпей қалды.

Қызылорда энергетикасының та­ри­хында 1998 жылғы апат ерекше ауыр кезең ретінде есте қалды. 11 қаң­тар күні Қызылорда ЖЭО-ның бас кор­пу­сындағы қазандық бөлімшесінде ша­тыр жабыны құлап, апаттық жағдай орын алды. Соның салдарынан №6, №7, №8, №9 бу қазандығы ішінара зар­дап шегіп, жылу беру тоқтады. Қыс­тың қақаған мезгілінде қала тұр­ғын­дарының жылусыз қалуы үлкен сынақ болды. Бұл оқиға энергетика са­ласындағы қауіпсіздік, резервтік қуат, жаб­дықтарды уақытылы жаңарту мәсе­лесінің қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті.

Апаттан кейін орталықтың қуатын қалпына келтіру мақсатында бірқатар жұмыс жүргізілді. №6 және №9 бу қазандығын қайта жаңарту арқылы көмірден сұйық отынға көшіру қолға алынды. Кейін 2008-2009 жылдары «Ақ­шабұлақ» кенішінен алынатын та­биғи газды тиімді пайдалану үшін осы қазандықтар газ отынын жағуға бе­йімделді. Автоматтандырылған бақы­лау жүйелері енгізілді. Бұл жұмыстар сол кезеңде маңызды болғанымен, түп­кі мәселені толық шешкен жоқ. Себебі станцияның негізгі жабдықтары бәрі­бір ескі, ал өңірдің сұранысы күн са­йын артып келе жатты. Бақытжан Мол­диманов бұл жағдайды сала үшін үл­кен сабақ болғанын айтады.

‒ 1998 жылғы оқиға энергетиктер үшін де, жергілікті билік үшін де, жалпы халық үшін де ауыр сабақ болды. Жылу мен жарықтың қадірін адам көбіне қиын кезде түсінеді. Сол апат бізге бір нәрсені анық көрсетті. Энергетикада кездейсоқтыққа жол жоқ. Әр қазандық, әр турбина, әр желі, әр қорғаныс жүйесі уақытылы тек­серіліп, жаңарып отыруы керек. Сол себепті жаңа орталықты жобалау ке­зінде біз осы тәжірибені ескердік. Мұн­да автоматты қорғаныс жүйелері, ре­зервтік мүмкіндіктер, автономды жұ­мыс режимі қарастырылған. Қандай да бір төтенше жағдай болса да, стан­ция толық тоқтап қалмайтындай ше­шімдер енгізілді, ‒ дейді ол.

Уақыт өте келе қала аумағы ке­ңейді. Жаңа тұрғын аудандар бой кө­терді, әлеуметтік нысандар көбейді, кәсіпкерлік дамыды. Халық санының артуы да электр мен жылуға деген сұ­ранысты ұлғайтты. Бұрынғы орта­лықтың 67 мегаватт шамасындағы өн­дірістік қуаты облыс қажеттілігінің ша­мамен 30 пайызын ғана қамтыды. Қалған электр энергиясы сырттан жет­кізілді. Бұл өңірдің энергетикалық қа­уіпсіздігі үшін үлкен тәуекел еді.

Энергия сырттан келетін болса, аймақ әрдайым басқа желілердің тұ­рақ­тылығына тәуелді болады. Бір жер­де ақау болса, оның салқыны Қы­зылордаға да тиюі мүмкін. Ал өндіріс үшін тұрақсыз энергия – үлкен кедергі. Инвестор жаңа зауыт немесе фабрика салғысы келсе, ең алдымен электр қуа­тының жеткілікті әрі сенімді бо­луын сұрайды. Осы тұрғыдан алған­да, жаңа жылу-электр орталығын салу – уақыт талабы ғана емес, өңір дамуы­ның бас­ты шарты еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік өңірлерде электр энер­гиясы тапшылығын болдырмау қа­жеттігін нақты тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында Қызылорда қала­сында жаңа жылу-электр орталы­ғын салу мәселесі жүйелі түрде қолға алынды. Жоба инвесторы ретінде Түр­кияның «Aksa Energy» компаниясы таңдалды. Жобаның жалпы құны 215 млрд теңгені құрады. Ең маңыздысы – бұл стратегиялық нысан толығымен инвестор қаражатына салынды.

Жаңа орталықтың құрылысы 2024 жылы басталды. Инвестициялық шарт бойынша станцияны іске қосу 2026 жылдың тамыз айына жоспарланған еді. Алайда құрылыс жұмыстары бекі­тілген мерзімнен бұрын аяқталды. Бұл – құрылысшылардың, инженерлердің, энергетиктердің, жергілікті атқарушы органдардың және инвестор тараптың үйлесімді еңбегінің нәтижесі. Мұндай ірі нысанды қысқа мерзімде әрі са­палы аяқтау оңай шаруа емес. Әсіресе әлемнің әр елінен әкелінетін күрделі жабдықтарды жеткізу, орнату, сынақ­тан өткізу, желілерге қосу үлкен жа­уап­кершілікті қажет етті.

Станцияда әлемдік деңгейдегі жаб­дықтар орнатылған. Атап айтқан­да, АҚШ-тың General Electric компания­сының 176 мегаваттық екі газ турби­налық қондырғысы, Чехияның Doosan Skoda компаниясының 95 мегаваттық бу турбинасы, Италияның AC Boilers компаниясының бу қазандықтары және Түркияның Mimsan компаниясының су жылыту қазандықтары пайдаланылуда. Бұл қондырғылардың барлығы жоға­ры тиімділікке, сенімділікке және эко­логиялық талаптарға сай жұмыс істеуге бағытталған. Бақытжан Молдиманов жаңа станцияның ең басты ерекшелігі оның заманауи технологияларға негіз­делгенін атап өтті.

‒ Бұрынғы станцияда көп жұмыс адамның тәжірибесіне, қолмен бақы­лауға, ұзақ жылдар қалыптасқан әдіске сүйенетін. Ал жаңа орталықта барлық процесс цифрлық жүйе арқылы ба­қы­ланады. Әрбір қондырғының тем­пе­ратурасы, қысымы, жүктемесі, отын шығыны онлайн режимде көрі­ніп тұ­рады. Қандай да бір ауытқу бай­қал­са, жүйе бірден белгі береді. Бұл қа­уіпсіздік үшін де, тиімділік үшін де өте маңызды. Біз енді бұрынғыдай тек жөндеумен айналысатын емес, алдын ала бақылап, қауіптің алдын алатын деңгейге өттік, ‒ дейді ол.

Қазіргі таңда жаңа жылу-электр орталығы іске қосылып, 176 мегаватт электр энергиясын өндіруде. Сонымен қатар қуаттылығы 150 мегаватт бо­латын төрт су жылыту қазандығы қо­сылды. Қосымша қуаттылығы 95 ме­гаватт бу турбинасын іске қосу жұмысы жүргізілуде. Толық қуатына шыққан кезде станцияның жалпы мүмкіндігі 240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу энергиясын құрайды.

Бұл көрсеткіш Қызылорда облы­сының қазіргі қажеттілігін толық жа­буға мүмкіндік береді. Бүгінде облыс­тың электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 220 мегаватт. Демек жаңа станция толық іске қосылғаннан кейін өңір өзін-өзі электр энергиясымен қам­тамасыз етіп қана қоймай, артық қуат­ты өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік ала­ды.

Жаңа станцияның тағы бір маңыз­ды артықшылығы – газ тұтыну көле­мінің үнемділігі. Мамандардың мә­лі­метінше, жаңа орталық ескімен са­лыс­тырғанда газды 50 пайызға дейін үнемдейді. Бұл өндірістік шығынды азайтып қана қоймай, энергияның өзіндік құнын төмендетуге де ықпал етеді. Отын аз жұмсалса, экологиялық жүктеме де төмендейді. Сондықтан бұл жоба экономикалық жағынан да, эко­логиялық тұрғыдан да тиімді.

Су қыздыру қазандықтарының пай­далы әсер коэффициенті де шамамен 30 пайызға жоғары. Мұның себебі – жаңа технологияларда жылу жоғалту деңгейі әлдеқайда аз. Бұрынғы жү­йеде отын көп жұмсалып, оның бел­гілі бір бөлігі толық тиімділікпен пай­даланылмайтын болса, жаңа станцияда энергия өндіру процесі барынша оң­тайландырылған. Бұл қазіргі заманғы энергетикадағы ең басты талаптардың бірі.

Жаңа орталықтың тағы бір ерек­шелігі – жүктеме өзгерісіне жылдам бейімделуі. Станция 20 минут ішінде 50 мегаваттан 240 мегаватқа дейін қуат­ты арттырып немесе азайта алады. Бұл оңтүстік өңірлердің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін аса қажет. Өйткені электр энергиясын тұтыну бірқалыпты болмайды. Таңер­тең, кешке, қыс мезгілінде немесе өндіріс күшейген уақытта жүкте­ме күрт артады. Осындай кезде станция­ның тез бейімделуі жүйенің тұрақты­лығын қамтамасыз етеді.

‒ Энергетикада ең қиын нәрсенің бірі – тепе-теңдікті сақтау. Қанша энер­гия қажет болса, сонша өндірілуі керек. Аз болса, тапшылық туындайды, көп болса, жүйеге салмақ түседі. Жаңа станцияның 20 минут ішінде жүк­темені өзгерте алуы – өте үлкен артықшылық. Бұл тек Қызылорда үшін ға­на емес, жалпы оңтүстік өңір­лердің энер­гетикалық жүйесі үшін маңызды. Біз енді жағдайға қарай қуатты жылдам рет­тей аламыз, ‒ дей­ді Бақытжан Мол­­диманов.

Жаңа жылу-электр орталығының автономды режимде жұмыс істей алуы да ерекше назар аударарлық. Бұл дегеніміз – магистральдық желілерде ақау немесе кер­неудің күрт өзгеруі болған жағ­дайда станция толық тоқтап қалмайды. Автоматты қорғаныс жүйелері іске қосылып, нысан ішкі генерация ре­жиміне көшеді. Мұндай мүмкіндік тө­тенше жағдай кезінде әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй­лерді, өнді­ріс­тік кәсіпорындарды энер­гиямен қам­туды жалғастыруға жағдай жасайды.

Бұл әсіресе 1998 жылғы жағдайды еске алғанда өте маңызды. Сол кез­де резервтік қуат пен автоматты қор­ғаныс жүйелерінің жеткіліксіздігі ауыр салдарға алып келген еді. Ал жаңа орталықта мұндай тәуекелдер еске­ріл­ген. Әрине, техника болған жерде күтпеген жағдай болуы мүмкін. Бірақ бүгінгі жүйенің артықшылығы – сол жағдайдың алдын алуға және болған күннің өзінде салдарын азайтуға ба­ғытталған.

Жылу беру мүмкіндігі бойынша да жаңа станция бұрынғы орталықтан айтарлықтай жоғары. Ескі ЖЭО-ның ең жоғарғы желілік температурасы 95 градус болса, жаңа станцияда бұл көр­сеткішті 130 градусқа дейін жет­кізуге мүмкіндік бар. Бұл қыс мезгі­лінде қаланың жылумен тұрақты қам­тылуына оң әсер етеді. Қызылорда өңі­рінде қыс кей жылдары қатал бола­тынын ескерсек, мұның әлеуметтік маңызы өте жоғары. Бақытжан Молди­ман­овтың айтуынша, жаңа орталықтың жылу беру жүйесі қаланың алдағы дамуын да ескеріп жобаланған.

‒ Біз тек бүгінгі қажеттілікпен шек­теліп отырған жоқпыз. Қала өседі, жаңа үйлер салынады, әлеуметтік ны­­сандар көбейеді. Сондықтан жаңа стан­цияның мүмкіндігі алдағы жыл­дарға есептелген. Жылу беру қуаты да, электр өндіру әлеуеті де бола­шақтағы сұранысты ескеріп жасалды. Энергетикалық нысанды салғанда тек бүгінді ойлау жеткіліксіз. Мұн­дай станция ондаған жыл қызмет етуі керек. Сондықтан оның әрбір тех­ника­лық шешімі келешекпен бай­ла­нысты, ‒ дейді ол.

Станция құрылысы кезінде жергі­лікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Қазіргі таңда нысанда жүздеген адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – жергілікті мамандар. Бұл да жобаның әлеуметтік маңызын арт­тыра түседі. Энергетика саласы – жо­ғары біліктілікті қажет ететін сала. Сон­дықтан жаңа станция жас маман­дардың тәжірибе жинауына, заманауи техноло­гиялармен жұмыс істеуіне мүм­кіндік береді.

‒ Біздің алдымыздағы маңызды міндеттің бірі – жергілікті мамандарды жаңа технологияға бейімдеу. Себебі мұндай заманауи жабдықпен жұмыс істеу үшін білім де, тәртіп те, жауап­кершілік те қажет. Қазір станцияда тә­жірибелі энергетиктермен қатар жас мамандар да еңбек етіп жатыр. Біз олардың үйренуіне, кәсіби өсуіне жағ­дай жасап отырмыз. Ертең бұл стан­цияны ұстап тұратын да, дамы­татын да – өзіміздің жергілікті кадрлар, ‒ дейді Б.Молдиманов.

Жаңа станцияның экологиялық тиімділігі де назардан тыс қалмауы ке­рек. Қазіргі уақытта кез келген энер­гетикалық жоба қоршаған ортаға әсері тұрғысынан бағаланады. Ескі жаб­дықтарда отын шығыны көп болған сайын атмосфераға шығатын қалдық көлемі де жоғары болады. Ал жаңа технологиялар газды тиімді жағып, зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл Қызылорда се­кілді климаты құрғақ өңір үшін маңызды мәселе.

Жаңа ЖЭО-ның іске қосылуы өңірдің әлеуметтік көңіл күйіне де әсер ететіні анық. Себебі жылу мен жарықтың тұрақ­тылығы халықтың күнделікті өмір сапасын айқындайды. Қыс мезгі­лінде үйдің жылы болуы, кәсіпорын­дардың тоқтаусыз жұмыс істеуі, мектептер мен ауруханалардың қа­лып­ты қызмет көрсетуі – бәрі энер­гетикаға байланысты. Сондықтан бұл жоба қарапайым тұрғын үшін де өте маңызды.

Сыр елінің тарихында су, жер, ең­бек ұғымдары қашанда қатар ай­тыл­­ған. Енді сол қатарға заманауи энер­гия ұғымы да берік енді. Өйткені бүгінгі даму энергиясыз мүмкін емес. Цифрлық технология, өндірістік ав­томаттандыру, жаңа кәсіпорындар, тұр­ғын үй кешендері – барлығы тұрақ­ты қуатқа мұқтаж. Жаңа жылу-электр орталығы осы қажеттіліктің берік ті­регіне айналады.

Қызылордадағы жаңа жылу-электр орталығы – Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы, инвестор сенімі, жергі­лікті биліктің үйлестіруі, инженерлер мен энергетиктердің еңбегі тоғысқан жоба. Мұндай нысан бір күнде пайда болмайды. Оның артында жылдар бой­ғы мәселе, талай талқылау, есеп, жобалау, құрылыс, сынақ, іске қосу кезеңдері тұр. Сондықтан бұл орта­лық­­тың іске қосылуын өңірдің страте­гиялық жеңісі деп айтуға толық негіз бар.

Алдағы уақытта станция толық қуа­тына шыққан соң Қызылорда об­лы­сының энергетикалық картасы тү­бегейлі өзгереді. Бұрын тапшылық ту­ралы жиі айтылса, енді тұрақты қамту, артық энергияны тиімді пайда­лану, жаңа өндірістерді дамыту мәселесі алға шығады. Бұл – сапалық өзгеріс. Яғни өңір енді энергия тапшылығын еңсеру кезеңінен энергияны даму құралына айналдыру кезеңіне өтті.

‒ Біз үшін ең басты көрсеткіш – ста­нцияның қуаты немесе жабдықтың атауы ғана емес, халықтың сенімі. Қызылорда тұрғындары қыста жылу­сыз қалмауы керек, кәсіпорын­дар жа­рықсыз тоқтамауы керек, әлеумет­тік нысандар тұрақты жұмыс істеуі керек. Жаңа орталық осы мақсат үшін салынды. Әрине, алда атқаратын жұ­мыс көп. Бірақ ең маңызды қадам жа­салды. Сыр өңірі жаңа энерге­тикалық дәуірге қадам басты деп сеніммен айтуға болады, ‒ дейді ол.

Қорыта айтқанда, Қызылордадағы жаңа жылу-электр орталығы – Сыр өңірінің жаңарған келбеті. Бұл ны­сан өткеннің тәжірибесін, бүгінгі тех­нологияны және болашақтың талабын біріктіріп тұр. 1964 жылы басталған энер­гетикалық жол бүгінде жаңа сапа­лық деңгейге көтерілді. Ескі станция­ның шектеулі мүмкіндігінен кейін заманауи, қуатты, үнемді әрі қауіпсіз орталықтың іске қосылуы өңір үшін тарихи маңызға ие. Сыр бойы талай кезеңді бастан өткерді. Қиындықты да көрді, жаңаруды да бастан кешті. Енді сол жаңарудың бір айқын көрінісі – жаңа жылу-электр орталығы. Бұл орталық өңірге жарық қана емес, жаңа мүмкіндік, жаңа сенім, жаңа серпін беріп отыр. Ал тұрақты энергия бар жерде тіршілік те тұрақты, даму да қарқынды, болашақ та жарқын болмақ.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»