Жеңіс жауынгерлері

663

0

Облыс әкімі соғыс ардагерлерін арнайы барып құттықтады

Бүгінгі күні Қызылорда облысында  Ұлы Отан соғысының 7 ардагері бар. Жеңістің 77 жылдық мерекесінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барлық майдангерге арнайы барып, Президент атынан құттықтап, құрмет көрсетті. Облыс басшысы Қазалы, Сырдария, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында тұратын соғыс ардагерлерінің шаңырағында болып, арнайы сый-сияпат ұсынды.

Мерекеде Туланы азат етуге қатысқан Қабақ Смағұл, Белоруссия, Польша, Чехословакия, Калининград қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге үлес қосқан Тілеуберген Тобабергенов, Сталинградты, Курскіні, Польшаны жаудан қорғаған Яхия Тасыров, Сталинград шайқасында ерлігімен көзге түскен Сәрсенбек Байжановтың еңбегі дәріптелді.

Сондай-ақ, Украинаны азат етуде жанқиярлық ерлік көрсеткен Төлеген Жүнісов, Курск шайқасында табандылық танытқан Әбдірахман Бәйтіков пен Беларусь фронтының дала госпиталінде медбике қызметін атқарып, батылдық көрсеткен Любовь Колесниктің ерлік жолы айтылып, оларға құрмет жасалды.

Нұрлыбек Нәлібаев майдангерлер қашанда құрметке лайық екенін және оларды қолдау шаралары бір күнмен шектеліп қалмайтынын, ерлігі әрдайым дәріптелетінін жеткізді.

– Батыр әкелеріміз бен аналарымызға тиісті деңгейде құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз. Сіздер Отанымызға Жеңістің жалауын желбіретіп, бейбіт заманды келер ұрпаққа аманат еттіңіздер. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды қайыспай көтеріп, елдің қорғаны болғандарыңыз үшін Сіздерге бас иеміз, – деді облыс әкімі.

Майдангерлер елге тыныштық тілеп, ақ батасын берді.

– Қиындықтың бәрі артта қалды. Енді соғыс болмасын. Сырттың сұқ көздерінен сақтап, елде тек ауызбіршілік орнасын. Ел қамын ойлар азаматтар аман болып, әр шаңырақта береке ұяласын, – деді ғасыр жасаған ардагер Яхия Тасыров.

Айта кетейік, бұл күні «Тағзым» алаңында Жеңістің 77 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті. Өңірде соғыс ардагерлерінің ерліктерін дәріптеуге арналған түрлі деңгейдегі жобалар жасалып, думанды концерт қойылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<