ӘРПК жария-құқықтық дауларды реттеудің ерекше тетігі болмақ

1878

0

2020 жылдың 29 маусымында Қазақстан Республикасының Әкімшілік Рәсімдік Процестік Кодексі қабылданды және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Сондықтан Кодексті іске асырудың нақты және егжей-тегжейлі тетіктерін әзірлеу, оның ережелерін түсіндіру бойынша белсенді және мақсатты жұмыс жүргізу қажет, мемлекеттік орган ішінде сотқа дейінгі талқылауды қарау тәртібін айқындау, мемлекеттік басқару жүйесінде заңдылықтың сақталуына жауапкершілік пен бақылау белгілеу өте маңызды.


Әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру және жария-құқықтық дауларды сотта қарау тәртібі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселесі ұзақ уақыттан бері талқыланды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының екі мың оныншы жылдан екі мың жиырмасыншы жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат туралы тұжырымдамасында аталған салалардағы заңнаманы жетілдірудің негізгі бағыттары айқындалғандығын атап өту қажет.
Қазақстан халқына 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билік органдарының шешімдері мен іс – әрекеттеріне шағымдану кезінде жария-құқықтық қатынастарда азаматтар көбінесе тең емес жағдайда болатынын атап өтті. Олардың мүмкіндіктері мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Осыған орай, осы айырмашылықты реттейтін дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік Әділет құрылымын енгізу қажет деп атап өткен болатын.


Бүгінде еліміз әлеуметтік-экономикалық салада күрделі кезеңдердің бірін бастан кешуде. Бір жылдағы Пандемия бүкіл әлемдік экономиканың құлдырауына әкелді, бұл бәрімізге де әсер етті. Болып жатқан әлемдік процестер мен жаһандық сын-қатерлер бүкіл әлемді, соның ішінде бізді мемлекеттік институттардың және тұтастай мемлекеттік басқарудың жұмысын қайта форматтауға мәжбүр етті.
Әкімшілік әділет — мемлекеттік басқару жүйесіндегі заңдылықтың сақталуына мониторинг жүргізу үшін арнайы органдардың немесе арнайы соттардың жүйесі, яғни қысқаша айтқанда — бір жағынан азамат немесе ұйым арасындағы және екінші жағынан мемлекеттік орган арасындағы әкімшілік және құқықтық дауларды шешудің арнайы рәсімдік процедурасы.


Әлемнің көптеген елдерінде осындай жүйе құрылған. Әкімшілік әділеттілік заңның үстемдігінің, мемлекеттік басқарудың және әкімшілік құқықтың маңызды сипаты болып табылады.
Мысалы, Германиядағы әкімшілік әділет ең дамыған және беделді модель болып табылады. Онда әкімшілік соттар сот билігінің дербес тармағы болып табылады және олар конституциялық құқық саласына қатысы жоқ барлық жариялы-құқықтық дауларды қарайды.


Германияның әкімшілік-процестік заңнамасына әкімшілік процестің барлық сатыларының процестік реттелу дәрежесінің өте жоғары болуы, тараптарға процестің барысы мен нәтижелеріне белсенді түрде ықпал етуге, өз құқықтарын тиімді қорғауға, процестік міндеттерді мүлтіксіз орындауға мүмкіндік беретін процестік құралдар мен тәсілдердің жеткіліктілігі тән болып табылады.
Франция жариялы билік органдарының қызметіне әкімшілік-сот бақылауының негізін қалаушы болып танылған.


Әкімшілік актіні түсіндіру туралы өтінішпен әкімшілік сотқа жүгіну мүмкіндігін Француз әкімшілік әділет жүйесінің ерекшелігі деп санауға болады. Бұл әкімшілік құқықтың нормаларын іс жүзінде дұрыс қолдануға ықпал етеді.
Бұрынғы КСРО елдерінде әкімшілік сот ісін жүргізу бәрінен бұрын Балтық елдерінде пайда болды.
Құқықтық реформалар жүргізу қарқыны бойынша Қазақстан бұрынғы одақтас республикалардың ішінде алдыңғы қатарында тұр.


2020 жылғы 29 маусымда Мемлекет басшысы ӘПРК және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.


Жаңа кодекс пен ілеспе заң 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Кодекстің негізгі мақсаты-азаматтарға басқару шешімдерін қабылдау процесіне қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді бекіту болды.


Сонымен-қатар, жоғарыда тұрған органда және сотта билік органдарымен дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу болып табылады. Кодекс бірыңғай заңнамалық актіде Әкімшілік рәсімдер мен қоғамдық құқықтық қатынастар саласындағы сот ісін жүзеге асырудың құқықтық негіздерін, қағидаттарын, ережелерін белгілейді.
ӘРПК-бұл сот ісін жүргізудің төртінші түрі. Осыған байланысты, елімізде жаңадан құрылатын әкімшілік соттар жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды ерекше қарайтын болады.
Әкімшілік Әділет институты Қазақстан Республикасында іске асырылатын жаңа және ауқымды жоба болып табылады, оның тиісті дамуынан барлығы: адам, қоғам, мемлекет ұтуы тиіс.


Кодекс атауы негізгі идеяны біріктіру бойынша өзара екі байланыс нысандарының қызметін көрсетеді. Бұл әкімшілік актіні қабылдау рәсімі мен оны даулау процесін көрсетеді.
Кодекс мәні – әкімшілік актіні қабылдаумен, жоюмен, өзгертумен, орындаумен байланысты билік органдарының қызметі, сондай-ақ әкімшілік орган және соттың дауларды шешу тәртібі болып табылады.
Бұл салалар қоғам үшін өте қажет, себебі азаматтар мен ұйымдардың билік органдарымен өзара қарым-қатынасындағы құқықтары мен бостандықтарының қорғалу кепілдіктерін күшейтеді.


Әкімшілік әділет «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді. Жаңа Кодекс мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін бермек.
Әкімшілік процестің жаңашылдықтарына талап қою түрлері, сот талқылауының шектері және сот бақылауы да жатады.
Әкімшілік сот өз шешімдерінің орындалуына қатаң бақылауды қамтамасыз етеді. Жауапкерден сот шешімін орындауға процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде ақша өндіріп алу көзделген, ол сот шешімі орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін.


Жаңадан қабылданған Әкімшілік рәсімдік процестік кодексі азаматтардың құқығын сапалы қорғап, заң үстемдігін сақтаудың кепілі болмақ.

А.Қосбергенова,

облыстық әділет департаментінің бөлім
басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<