Біздің аналарымыз «маған көмек керек» деп ешкімнің есігін қаққан емес

651

0

Бүгінде жасым ұлғайғанмен, күнделікті жаңалықтарға көзім қанық, құлағым түрік. Барлығын көңіл таразысына тартып, өткен мен бүгінді ойша салыстырып отырамын. Әрине, ол заман басқа. Бірақ құндылықтар, оның ішінде отбасы құндылықтары уақыт күресініне тастай салатын зат емес. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ер азамат пен әйелдің өз орнын білуі, бала тәрбиесі – осылардың барлығының ғасырлар бойы қалыптасқан тәртібі бар. Жалпы қоғамда отбасының рө­лі әлсіреп бара жатқандықтан Біріккен  Ұлттар ұйымы 15 мамырды – Халықаралық отбасы күні деп белгіледі. Адамзат баласының аласапыран тірліктен, көз ілеспес жылдамдықпен зырылдаған дү­ние­ден бір сәт тынығатын жылы ұясы – отбасы екенін күллі әлем мойындайды.

Менің балалық шағым соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкем соғыстан оралмады. Біз­дің аналарымыз басқа түскен тауқыметке мойымай, балаларын ешкімге жәутеңдетпей өсірді. «Мен жесір едім, маған көмек керек, балам аш» деп ешкімнің есігін қаққан емес. Қазіргі әкім­ші­ліктердің табалдырығын тозды­рып жүрген жап-жас келіншек­тердің әрекетін көргенде, Мұқағали ақынның «Қайран біздің аналар арды ойлаған» деген өлеңі еріксіз еске түседі.  Олар көшеге шықпақ түгілі, ерінің, үлкеннің алдынан кесе өтпеп еді. Отбасындағы жетіспеушіліктің жымын білдірмей, ерінің абыройы үшін барлығының тігісін жатқызып, балаларының тілеуін тіледі. Бүгінгідей бейбіт заманда бүкіл елге жар салып, елдің алдына шығып «баламды асырай алмай жатырмын, тамағым, киімім жоқ» дейтін қазақ әйелдерінің қатары көбеюде. Тіпті, алғанның үстіне ала берсем деп, «кәсіпке» айналдырып алғандар бар екен. Олардың қасында шын мұқтаж адамдардың ешкімге қол жаймайтынын да көріп отырмыз.

Қазір мемлекет, әсіресе соңғы орын алып жатқан жағдайға байланысты көпбалалы аналарға, мүгедек жандарға, асыраушысынан айырылған отбасыларға әлеуметтік жәрдемақы беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қамқорлықсыз қалып жатқан жоқ. Мұның барлығы – елдің ауызбірлігінің арқасы.

 Ұлт болашағының алтын тұғыры – отбасы. Отбасының мәуелі бәйтерегі, алтын қазығы  әрі діңгегі ол – ана. Әр үйдің шамшырағын жағып,  отбасы құндылығын арттыратын  жандар көше жағалап, байбалам салып жүрсе, бұл – қазақ қоғамына төнген қауіп дер едім. Ерін сыйламайтын, үлкенді қадірлемейтін, кішіге ізет көрсете алмайтын анадан бала қандай жақсы тәрбие алады?

Отбасы – адами құндылықтар­дың қайнар көзі, тәрбиенің бас­тауы. Мен де қыз өсіріп, келін тәрбиелеп, немере сүйіп отырған анамын. Әркез келіндерім мен қыздарыма қазақ әйелдері үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету екенін жиі қайталап отырамын. Сонда ғана отбасының берекесі асып, бақытқа кенелері сөзсіз.

Сәнімкүл Желдербаева,

ақын, ардагер ұстаз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<